Қалалық қоғамдық-саяси газет

Даңқты зауыттың даңғыл жолы

0 317

Бүгінде ауыл шаруашылығын өркендету үшін химия өнімі ауадай қажет. Әсіресе, фосфор тыңайтқышын пайдалану арқылы өнімді артығымен алуға болады. Жалпы еліміздегі агроқұрылымдардың құрамындағы алқаптарды құнарландыруға 1 миллион 200 мың тонна минералды тыңайтқыш жұмсалады екен. Химия өндірісінің осы бағыты бойынша өнім шығаратын минералды тыңайтқыш зауытына биыл 70 жыл толып отыр.

Сәндібек ПІРЕНОВ. Сурет Алтынбек ҚАРТАБАЙ

Өндіріс ошағының қалыптасу кезеңі
Зауыттың Жамбыл жерінен салынуына Ресейден жөнелтілетін тыңайтқыштың тұтынушыларға қымбатқа түсуі түрткі болды. Өндіріс ошағын салу идеясы өңірде Қаратау фосфорит кешені салынғаннан басталды. Расында өнімді алыс-жақын жерге тасымалдауда темір жолы бар өңірде шикізатты өңдейтін зауыт салуға кедергілер болған жоқ. Жылына 200 мың тонна суперфосфат, 70 мың тонна күкірт қышқылын өңдеуге жоспарланған зауыт арқылы елімізді сондай-ақ Сібір мен Орта Азиядағы егістік алқаптарын қамту көзделген. Алдағы мақсат-міндет айқын болған соң, химия өнеркәсібі министрлігі жобаны 1947 жылы 11 қазанда бекітіп, зауыттың жобалық-сметалық құны сол кезде 57748 мың сомды құрады. Содан Жамбыл суперфосфат зауыты шаһар орталығынан 6 шақырым қашықтықта орналасатыны белгілі болды. Ә дегеннен, жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер тұрғызу өндірістік нысандардың құрылысымен қатар басталды. Осыдан кейін зауыттар ретімен пайдалануға берілді. 1950 жылы қыркүйек айында бірінші суперфосфат цехы ашылып, бір айдан кейін-ақ мемлекеттік тіркеуден өтті. Өндіріс ошағына қаладан 90 шақырым қашық орналасқан Қаратау фосфорит кен орнынан шикізат жеткізілді. Жамбыл суперфосфат зауыты құрылған мезгілде облыс және қаладағы ең ірі зауыт болатын. Кәсіпорынды басқару міндеті зауыт құрылысының басы қасында жүрген Александр Андреевич Ершовқа жүктелді.Уақыт сәтімен жоспарланған басқа нысандар да іске қосыла бастады. Нәтижесінде 1951 жылы мұнаралық әдіспен күкірт қышқылы цехы пайдалануға берілді. Осылайша бағасы әлдеқайда қымбатқа түсетін күкірт қышқылын сырттан тасу тоқтады. Араға үш жыл салып қаланың химия кенті аумағында 8000 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнымен қоса, мектеп, балабақша, жазғы кинотеатр, монша, клуб және екі дүкен ашылды. Сондай-ақ сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталды. Сол жылы өндіріс ошағында жылуэлектрорталығының іске қосылуына байланысты зауыт та, кент те электр қуатынан тапшылық көрмеді.

1954 жылы кәсіпорын күкірт қышқылы, суперфосфат және кремнифторлы натрий өндіруге қол жеткізді. Мұнаралық күкірт қышқылының 75 пайызы суперфосфат алуға жұмсалды. Ұнтақталған суперфосфат тұтас ауыл шаруашылығына жұмсалды. 1955 жылы тыңайтқышты түйіршіктеу цехы ашылды. Соның нәтижесінде тиімділігі жоғары фосфорлы азот тыңайтқышы дүниеге келді.

Өндіріс ошағының іргетасы қаланған тұста жеткен жемісті жетістектерінен кейін де жұмыстар тоқтаған жоқ. 1973 жылға дейін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асты. Осы уақыт аралығында күрделі тыңайтқыш – аммофос өндіріліп, араға бір жыл салып осы бастаманың өрісін кеңейту мақсатында цех іске қосылды. Күрделі тыңайтқыш жасалып, жемдік фосфат та өндірді. Нәтижесінде кәсіпорын Кеңес Одағындағы жаңа өнім шығарумен шұғылданатын тәжірибелік зертханаға айналып шыға келді. Онда жаңа өнімдерден жемдік трикальцийфосфат, аммондалған кальцийфосфат өндіру жұмыстары жолға қойылды. Осы кезеңде өнімді вагонға тиеу жұмыстары да автоматтандырылып, адам күшін қажет етпейтін деңгейге жетті. Сонымен қатар өндіріске білікті жастарды тарту жұмыстары да қолға алынды. Жастар қысқа мерзімдік курсатр мен арнайы оқу орындарынан бөлек зауыт базасында кешкі химия – механикалық техникумда біліктілігін арттырды. Осы бағытта ілкімді жұмыстарды жандандырып қана қоймай, өндірісте тың жаңалықтар енгізіп, әр жылдары басшылық қызметте болған Владимир Третьяк, Ахмадулла Абдуллин, Геннади Маймур және Анатолий Егоровтардың атқарған жұмыстары орасан.

Нарықтық заман, қайта өрлеу кезеңі: жүйелі жоспар, нақты қадам
1990 жылдардағы өтпелі кезеңде бірқатар кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғаны белгілі. Салдарынан бұл кәсіпорынның да өнімдері өтпей, экономикалық қиындықтарға тап келді. Жұмыс тоқтап, мамандар жұмыссыз қалды. Артынша техникалары мен мамандары бар зауытты жүргізуге шетелдік инвесторлар да бекінген. Бірақ, зауытты жүргізуге ешкімнің қауқары жетпеді. Ақырында минералды тыңайтқыш зауытын отандық инвестор – «Қазфосфат» ЖШС қарамағына алған соң, іс қайта жанданды. Мыңдаған мамандар жұмыс орындарына қайтып келді.

Елбасы Н.Назарбаев 2008 жылы облысымызға жұмыс сапарымен келген кезде химия өндірісін кешенді өркендету бойынша Жаңа Жамбыл фосфор зауытында республикалық кеңес өткізді. Кеңесте сөз сөйлеген Елбасы:

– Еліміз фосфор кені қоры жөнінен әлемде төртінші орында тұр. Оның 15 миллиард тонна қоры барланған. Кейінгі кезде көптеген мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда. Ауыл шаруашылығы өнімін мол өндіру үшін минералды тыңайтқыш аса қажет. Сондықтан да химия өнімдерін көп өндіру арқылы еліміздің әлеуетін арттыруға болады, – деді. Бүгінде «Қазфосфат» өнімі әлемге кеңінен танымал. Химия өнімдерінің жиырмадан астам түрі дүниежүзінің отыздан астам елдеріне экспортталады.

Компанияда 6 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы жүз елу мың теңгеден асады. Серіктестік өзінің материалдық- техникалық базасын жаңарту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге күш салуда. Бүгінде осы жұмыстарды кезеңімен жүзеге асыруға серіктестіктң қауқары жетеді.Себебі қазірде 6 мыңнан астам адам еңбек ететін серіктестікте қырыққа жуық инвестициялық жобалар іске асырылған.

– «Қазфосфаттың» 2018-2025 жылдарға арналған өндірісті қайта жарақтандыру жөніндегі бағдарламасы бар. Бағдарламада жоғарыдағы мақсатты жүзеге асыруға 120 миллиард теңге қарастырылған. Ол толық орындалғанда 2018 жылмен салыстырғанда өнім өндіру көлемі – 5, өнім сату – 4 және еңбек өнімділігі 3,5 есеге өседі. Біз кәсіпорын есебінен мамандар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеміз. Мамандарымыздың 70 пайызға жуығының жоғары және орта арнаулы білімі бар, – дейді «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров.

«Минералды тыңайтқыштың» бүгінгі белесі
Бұрын Минералды тыңайтқыш зауытында жылына 168 мың тонна өнім өндірілсе, кеңестік кезеңнен кейін 2008 жылы жаңғырудан кейін 170 мың тонна тыңайтқыш шығарыла бастады. Бұрынғы байланыстар қалпына келгеннен кейін зауыт өніміне сұраныс арта бастады. 2013 жылдың тамыз айында күкірт қышқылы цехы іске қосылып, 20 миллиард теңге жұмсалды. Цех толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 600 мың тонна моногидрат және сағатына 25 мегаватт электр қуатын өндіруге болады. Сәйкесінше, онда жаңа 138 жұмыс орны құрылды. 2015-2016 жылдары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында экстракциялық фосфор қышқылын өндіретін цех салынды. Оның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Құрылысыты жүргізуге 10 миллиард теңге жұмсалды.

Жиырма жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ түйіршіктелген өнімді құрғататын барабан цехы қайта жаңартылып, бұл жұмыстарға 7 миллиард теңге инвестиция бөлінген. Жалпы осы 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде кәсіпорын 2019 жылы 400 мың тонна аммафос өндіруге қол жеткізді. Жылдан жылға өнімнің көлемі артып келеді. Мәселен былтыр зауытта 400 мың тонна минералды тыңайтқыш өндірілсе, биылғы жоспар – 480 мың тонна. Бұл өнімдердің барлығы ішкі нарық пен көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, тіпті Қытай мен Аргентина мемлекеттеріне тасымалдануда. Бүгінде минералды тыңайтқыш зауытының директоры Төлепбек Исаев. Ол осы бағыттағы еңбек жолын 1977 жылы, жас мамандардың қатарында жүріп бастаған. Қазірде басшылық қызметте жүргеніне жиырма жылдан асты.

– Минералды тыңайтқыштар зауытында 1047 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде 35 жасқа дейінгі 403 жұмысшы бар. Жастарға арналған «Жастар үйі» жатақханасы қарастырылған. Онда тұрғындарға қажетті заттар мен денсаулығын нығайту үшін спорт кешені де қызмет көрсетеді. Спорт кешенінде жаттығу залдары, волейбол, шағын футбол және баскетболдан жаттығу өткізуге арналған жабық спорт залы да бар. Бұдан бөлек жыл сайын «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде 220 адам демалады. Жұмысшылар үшін кешенде ем алудың құны 10 мың теңгені құрайды қалған соманы жұмыс беруші мен кәсіподақ төлейді. Жолдаманың құнына кешенге дейінгі жолақы, тамақтандыру, дәрігердің тағайындауымен физиотерапия, жоғары тыныс алу жолдарын бумен ыстау, галокамера, гидротерапия, парафинді және балшықпен емдеу, қолмен және механикалық уқалау сынды ем-шараларды жүргізу де кіреді. Жұмысшылардың балалары үшін жаз айларында «Жұлдыз» балалар лагері жұмыс істейді. Бір демалыс маусымында мұнда 7-13 жастағы 100 бала демалады, – дейді Кәсіподақ төрайымы Юля Фролова.

Жыл сайын ауылшаруашылық саласынын дамытуға үлкен күш жұмсалады. Осы ретте минералды тыңайтқыштарға сұраныс жоғары болатыны айтпаса да түсінікті.Соның нәтижесінде биыл «Қазфосфат» – Минералды тыңайтқыш зауытына қосымша тағы ірі цехтың құрылысы басталып кетті. Жалпы соммассы 40 миллиард теңгеге жобалаған цех іске қосылса, жылына 500 мың тонна минералдық тыңайтқыш шығару мүмкіндігіне ие болады. Жоспар бойынша мамандар 2023 жылы көзделген меже орындалады деп отыр. Бұл әрине алғаш қабырғасы қаланған кезден бастап түрлі кезеңдерден өткен ірі өндіріс ошағының бүгінгі жетістігі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.