Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәуірдің дара тұлғасы

0 386

Тараз төрінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суретті түсірген Юрий КИМ

Атаулы шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған зиялы қауым өкілдері, шаһар тұрғындары мен жастар жаппай жиналып, зор құрметпен тамашалады.
– Тәуелсіз тарихымыз көз алдымызда десек те ел дамуына, ел болашағына қатысты, тәуелсіздік жылдары халқымыздың жүріп өткен жолына қатысты қабылданған тарихи шешімдердің кейбірі көпшілікке белгілі болса, кейбірі белгісіз. Сондықтан да бүгінгі ашылғалы отырған көрме осы тұрғыдан маңызды әрі қызықты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жолы, ең бастысы, өзі кезінде айтқанындай «Мен үшін киелі халқыма қызмет етуден артық бақыт жоқ» деген ұстанымын айқындайтын жәдігерлер мен маңызды мәліметтерге толы. Осының бәрі тек көрмені тамашалап қою үшін ғана емес, сонымен бірге тәуелсіздік жылдары өмірге келген жастарға тәлім-тәрбие беруге де өз үлесін қосады. Бұл тұрғыда да көрменің маңыздылығы зор. Сондықтан біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорының басшылары мен қызметкерлеріне осындай көрмені Әулиеата жеріне алып келіп, Жамбыл облысы жұртшылығымен таныстырып отырғанына үлкен алғысымызды айтамыз. Көрме жұмысына сәттілік тілейміз, – деді шараны құттықтау сөзімен ашып берген өңір басшысы Асқар Исабекұлы.

Жоба аясында алғаш рет жамбылдық жұртшылықтың назарына Елбасы кітапханасының архивтік, кітап және музейлік қорларының баға жетпес құндылықтары, әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы мен мәдени ағартушылық қызметтерінің ерекше түрлері ұсынылды. Бұл игі шараға Сарыарқа төсіндегі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, профессор Әмірхан Рахымжанов:
– Сіздермен жүз жасаған Жамбыл атамыздың атын иеленген ежелгі Әулиеата жерінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанатында жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Көрменің бұл киелі мекенге келуі Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғанын атап өткім келеді. Әрине, бұл кездейсоқтық емес. Себебі еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап тарихы терең Жамбыл өңірі әрқашан Қазақстанның Тұңғыш Президентінің назарында болды. Елбасының қамқорлығын өңір халқы да жақсы сезінді. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасына сәйкес орын алған ірі тарихи оқиғаларға тоқталмай кетуге болмайды. 1997 жылы Елбасының Әулиеатаға арнайы ат басын бұрып, көне Тараз атауын қайтарып бергенінен бастап, Ұлт көшбасшысының Жамбыл жерінде болған әрбір сапары мен іргелі істерін сіз бен біздің бүгінгі кездесуімізге мұрындық болған тарихи оқиғалар екенін атап өткеніміз де жөн, – деді.
Жоба Қазақстан Республикасының қалыптасуының барлық маңызды кезеңдерін қамти отырып, уақыт өткен сайын үлкен ауқымға ие болып келеді. Ұйымдастырушылар жәдігерлерді көпшілікке ұсынудың заманауи әдістерін де қолданған. Мысалы, ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасына бір орында тұрып саяхат жасауға мүмкіндік беретін виртуалды көзілдірік тараздықтарды таң-тамаша етті. Бұл құрылғы Елбасы кітапханасының барлық маңызды залдарын 3D форматында көруге мүмкіндік береді. Көшпелі көрме 2017 жылдың қарашасынан бастап жүзеге асырылады. Осы уақыт ішінде Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының тұрғындары дәуірмен бірге тыныстаған тарихи жәдігерлермен танысып үлгерді. Көрмені осы өңірлерден барлығы 900 мыңға жуық адам тамашалаған.
Орталық «Достық» алаңындағы негізгі ашылу салтанатынан кейін жиналғандар облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің құнды жәдігерлерімен танысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел өмірі мен Елбасы жолынан шынайы сыр шертетін экспонаттарға арнайы шолу экскурсиясы ұйымдастырылды. Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Айта кетсек, «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Әулиеата жерінде қазан айының соңына дейін жалғасады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.