Сән-салтанаты жарасқан көне Тараз асқақтап-ақ тұр. Айнала жарқырап, ертегі әлеміне айналғандай. Көше шырша, ойыншық, сыйлық, ыстық сезім, жылы құшаққа толы. Осыншама шуақты шаққа көңілім көтеріліп келеді. Неткен ғажап көрініс, сиқырлы сәттер?! Кенет аспалы шамы жан-жағын сәулелендірген еңселі ғимараттың етегінде, шаттана күлген қарақұрымның арасынан аппақ күртешелі әйелдің бүк түсіп отырғанын көзім шалды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қуаныштың, жаңа жыл, жаңа дәуірдің оған қатысы жоқ сияқты. Жүрегімді әлдене тырнап алды. Жақын барып: «Бір жеріңіз ауырып отыр ма? Сізге көмек керек пе?», – дедім. Ол басын көтеріп, жалт қарады. Асықпай орнынан тұрды. Алға бір қадам жасап, түк түсінбеген өлі көзін көзіме қадап тұр. Жүзі суық екен. Өткір жанар өңменімнен өтіп барады. Алақанын бетіме қойып, жылы жымиды да: «Сізді құшақтасам бола ма?», – деді. Басымды изей беріппін. Ол қапсыра құшақтап алды. Біз сөйлеспедік. Үнсіз ғана тұра бердік. Сәлден соң ауыр күрсініп, кері шегінді. Түнектен кейінгі туған айдай әп-сәтте күлімсіреп, жүзіне жылу жүгіріп, жанары мейірімге толып кетіпті. Баспалдаққа отыра қалды.
– Отырмаңыз, цемент, сыз ғой, – деппін басымды шайқап.
Ол ыржия күлді. Әп-сәтте сұлу жүзі сүйкімсіз қалыпқа еніп, тіссіз қызыл иегінен тілі шығып кетті. Қолын бір сілтеді. Сәлден соң ауыр күрсініп:
– Мені адам құшақтамағалы неше жыл. Рақмет. Жүрегіңде алаң бар-ау деймін, ә? Өміріңде әлдебір сәтсіздік болған шығар, әйтпесе, басқа ел сияқты елеусіз өтіп кете берер едің, – деді.
Қайтадан жүзін мұң торлап алды. Көз алдымда бір биіктеп, бір шөгіп бара жатқан әйелді аяп кеттім. Бұл жолы мен құшақтадым.
– Қайда түнейсіз енді?
– Ешқайда түнемеймін. Сен қазір өз жолыңмен кетесің, мен осы жерде түнеп, мұз болып қатып өлетін шығармын, – деді не күлгені, не кемсеңдегені белгісіз тыржиып. Ішімнен «мына суық күнде қарны ашқан шығар?» деп ойладым. Ашық тұрған кафені меңзеп:
– Жүріңіз, ыстық сорпа ішіп алыңыз, – дедім.
Ол бетіме таңдана қарап тұрды да:
– Сен мені, мына алқаш бомжды, расымен кафеге шакырып тұрсың ба? – деді дауысы дірілдеп. Басымды изедім.
– Шын ба? – деп қайталай берді. Қалбалақтап үш оқталып барып орнынан әзер тұрды да: – Сен жақсы адамсың, – деді де қолымнан ұстап жүре берді.
– Келісіп алайық. Тәртіп бұзбайсыз! Арақ ішпейсіз! Тек ыстық сорпа. Содан соң, сізді бір жерге орналастырамыз, – дедім.
Ол басын изеді. Дәмханаға жете бергенде, әуелеген әнге елітті білем:
– Еркіндік берші маған, билейінші?! – деді жалынышты үнмен.
– Бұл билейтін жер емес, ұят, – дей бергенім сол, оқтай ұшып ортаға шықты.
Дастарқан басындағылар таңдана қарап қалыпты. Ол болса ешкімді де көзіне ілместен күртешесін шешіп лақтырып жіберіп, шыр айналды. Бір отырып, бір тұрып, жұлқына билеп жүр. Сәлден соң буы бұрқырап ыстық сорпа жетті. Шақырсам келмеді. Шыдамадым, жиырма жастай үлкендігі бар әйелді бүріп алып, жетектей жөнелдім. Беті-қолын жуып, тарақ көрмеген шашын реттеп, дастарқан басына алып келдім.
– Тамақ үшін келмедім. Әңгіме айтшы, – деді ыржиып.
– Балаңыз бар ма? – дедім бірден.
Ол селт етті. Төрт саусағын көрсетті. Жүзіндегі әсем күлкінің ізі де қалмады. Менің де бойым мұздап:
– Олар қайда? – дедім.
– Қарай алмайтынымды ұғып, бақуатты отбасыларға беріп жібердім. Өзімді ана құқығынан айырған, – деді.
Көзін жас жуып кетті. Күрсініп кеп қалып еді, аузынан жалын атқандай болды.
– Ақылды едім. Шешемнің үмітін ақтадым. Банкте қызмет еттім. Шетелдің бәрінде болдым. Қымбат көлік, зәулім үй сатып алдым. Соңыра мен тапқан дүниеге мастанған күйеуім мені сатып кетті. Сүйіп едім оны. Күйігіне шыдамай, ішіп кеттім. Қызымның шашы ұзын, қап-қара, көздері мөп-мөлдір. Небәрі жеті жаста. Сағындым балаларымды, – деді өксігіне тұншығып.
Мен шыдамадым:
– Жүр, кеттік. Наркологиялық диспансерге барып емделесің. Одан кейін бәрі жақсы болады, – дедім.
Ол есі ауған адамша жылап отырып, қарқылдай күлді.
– Ол жақтағылар мені жатқа біледі. Постоянно барамын, көмектеспейді. Бізге енді ешкім көмектесе алмайды, – деді.
Сол сәт даяшы жігіт жақын келіп, оңаша шығуымды өтінді. Былай шығып, әйелдің маған кім болып келетінін сұрады. Шынымды айтып, ас-ауқатын әпергім келетінін жеткізгенімде, ол әйелді мұнда отырғызғысы келмейтінін, кафеге жиналған қонақтардың мазасын алса қуып шығатынын жеткізді. Мен даяшыға бой бермедім. Тыныш отыратынын айтып ақталдым. Даяшы:
– Қазір ол есіреді. Мұндайлар тыныш отырмайды. Өзіңіз жауап бересіз, – деді де кетіп қалды.
Әйелдің қасына келсем, әлі де нәр татпапты. «Кетерімде алып кетемін» деп шыны сұратып, сорпасын құйып алды. Ашу мен ыза кернеген көздері қанталап, тұтыға сөйлеп, оған енді ешкімнің көмектесе алмайтынын, анасы мен бауырлары, тіпті сүйікті балаларының да арағын қойдыра алмағанын айтып, кафені басына көтерді. «Мен мұнда адам екенімді сезіну үшін, жай ғана әңгімелесу үшін келгенмін», – деді ашудан қалш-қалш етіп. Жан-жақтан қадалған көздерден де именбеді. Тыныштыққа шақырып, әр жерден айтылған сөздерді де елемеді. Көздері қанталап, столды жұдырықтай бастады. Қалтасынан медициналық спирт алып тартып жіберді. Сол сәт жүгіріп жеткен даяшы ұл қолын қайырып, шығарып жібермекке ұмтылды. Мен араша түстім. Даяшы ұл: «Сіз еркелетіп жібердіңіз. Кетіңіз! Сіз тұрсаңыз, бұл есіре береді», – деді кейіп. Нағыз масқара енді басталғанын дәлелдегендей, әйел расында енді маған атылды. Сол сәт есімді жиып алдым. Енді алдымда нәзікжанды, ақ күртешелі, өмірден баз кешкен әйел емес, жемтігіне атылған жыртқыш тұрғандай елестеді. Оны тыныштандыруға адамдар жабылған сәтте мен есіктен шығып кеттім.
Әлдебір қателіктен түңіліп, тағдырынан баз кешіп, өз жолынан адасқан жандарға көмектесіп, оларды жөнге салу оңай іс емес екенін ұқтым. Мына әйел өмірлік серігінің сатқындығын көтере алмай, осы күйге түскен. Бұдан өзге алаяқтарға алданып, бар жиған-тергенін алдырып, өмірден баз кешсе, енді бірі қарекетке әрекет ете алмай, басына түскен қайғыдан ес жия алмай қаңғырып қалған. Көше кезіп, ит ғұмыр кешкендіктен, ойлау қабілеті де тежелетіні анық. Олардың ми қатпарында бұрын болған, бірақ бүгінде әке-шеше, бала-шағаға деген ыстық ықыластан жұрдай. Олар да бетімен кеткен жақындарын жөнге салудан шаршаған. Сөйтіп, бұлар әлдеқандай жылылыққа зәру, ешкімге керексіз, пайдасыз һәм түсініксіз күйде өмірден күдерін үзген тірі өліктей күй кешіп жүр.
Қаңғыбастарды тезге салып, көмек қолын созу мақсатында бүгінде қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық бар. Мекеме қызметінің негізгі мақсаты – тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету, әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек көрсету. Орталыққа азаматтарды қабылдау бойынша 2019 жылы орталыққа жүгінген белгілі тұрағы жоқ азаматтардың саны 230 адамды құраған. Олардың ішінде 201 ер және 29 әйел адам бар. Олардың ішінде денсаулық сақтау ұйымынан – 21, өз еркімен келгендер – 60 және мобильді әлеуметтік патруль қызметі арқылы – 65, ішкі істер бөлімінен – 84, оның ішінде бас бостандығынан айыру мекемесінен арнайы жолдама хатпен 56 адам орталыққа қабылданған. Олардың өмірге қайта бейімделуі, түзелуі мүмкін емес сияқты көрінгенімен, ақыл-есін жиып, ел қатарына қосылып кететіндері де баршылық екенін мұндағы қызметкерлер жақсы біледі. Олар осы мекемеде жүріп, құжаттарын жөндетіп, жұмысқа тұрып, пәтер жалдап, кейін түзеліп кеткен екі азаматты білетіндерін айтты.
Менің есіме дүниеге тоғыз сәби алып келген пысық, мейірбан, ибасы мен инабаты жарасқан мақтаулы келін түсті. Ол 35 жасында ес біліп, етек-жеңін жинап қалған үлкен қызының көз жасына да, тоғыз айлық кенжесінің болашағына да алаңдамастан, ащы судың соңынан кеткен еді. Өмірінің соңына дейін шаңырағына оралмастан, көшеде көз жұмды.
7 жылын көшеде өткізген азаматпен кездестім. Ол бір үйдің жалғызы еді. Сүйген жар, бала-шағасына қарамастан көше кезіп кеткен.
– Мен арықта ұйықтап, тал түбінде ояндым. Қар жастанып, мұз жедім. Алаңсыз көшеде өткен жеті жыл маған жеті ғасырға тең болды. Көп нәрсе жоғалттым. Бірде қайыр тілеп отырып, алдымда мені аялап өсірген анамның тиын тастап тұрғанын таныдым. Жеті жыл бойы анамның бар екенін де ұмытып кеткен мен бейбақ «мама» деп орнымнан атып тұрғанда, шешем де ұлына ақша тастағанын енді түсініп, көзінен жас парлап қоя берді. Сол күні үйге бардым. Жеті жыл бойы үйден жеті шелпек үзбей, енесімен бірге адал жарын тосқан жарымды, әке жолын күткен ұл-қызымды көрдім. Сол күн қатты әсер етті. Адам екенімді сезіндім. Сол күннен бері он жылдың жүзі болды. Ащы суды татып алмадым. Өткен күндерімді есіме де түсіргім келмейді. Бүгінде жұмысым, отбасым – бәрі бар. Мен Алладан күдерін үзбеген, бақытты адаммын, – деді бір күндері көше кезіп, бүгінде қара шаңырағына оралған азамат.
Сол сәт ойыма Шәкәрімнің:
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дəулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бəле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір АЛЛАДАН! – деген өлең жолдары оралды.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған