Қалалық қоғамдық-саяси газет

COVID-19: Босаңсуға әлі ерте!

0 145

Бүгінде коронавирус кеселіне байланысты облыс «жасыл» аймаққа өткенімен, босаңсуға әлі ерте. Covid-пен күрестің нақты жолы –профилактикалық екпе. Бұл – әлемдік тәжірибе көрсеткендей, індетпен күрестің ең тиімді тәсілі.

Тек аурудың алдын алу екпелері ғана адамзатты қауіпті дерттен қорғай алады. Иммундық жүйе тұрғысынан, организмге түскен кез келген зат бөтен зат болып табылады. Іс жүзінде кез келген бөтен зат антиген деп аталады, яғни ағзаның иммундық жауабын тудырады. Егуден кейін вакциналық антигендерге жауап ретінде, организм антиденелерді – нақты аурудың вирусымен күресуге қабілетті арнайы заттарды шығара бастайды. Демек, адам организмі вируспен күресу арқылы дерттен сақтана алады. Бүгінгі күні вакцинация – коронавирустық ауруды болдырмаудың жалғыз сенімді жолы. Қазіргі уақытта вакцинациямен әлемнің барлық халқы қамтылуда. Вакцинация миллиондаған өмірді құтқаруға және осы инфекциядан немесе ауыр асқынулардың алдын алуға ықпал етуде. Халықаралық стандарттарға жауап беретін заманауи вакциналардың қауіпсіздігі ешбір күмән туғызбайды. Десе де, коронавирусқа қарсы екпелерден бас тартулар орын алуда. Өкінішке қарай, кейбір адамдар екпені үлкен зұлымдық деп санайды.
Жыл сайын Covid-пен сырқаттану барлық өңірлерде орын алуда және барлық жас категориялары бойынша тіркелуде. Алайда осындай қауіпті дертке қарсы вакцинация енгізілгеннен кейін коронавирус-пен тіркелетін жағдайлардың саны айтарлықтай азайып келеді. Сондай-ақ аурудың өлім жағдайлары да төмендегені едәуір байқалады. Мысалы, отбасы мүшелерінің бірі ауырса, қалғандарына жұқтыру қаупі өте жоғары. Демек, салдары қайғылы болуы әбден мүмкін. Егуді ұйымдастыру, иммундау алдында әрбір адамды медициналық тексеруден өткізу бойынша мемлекеттік шаралар жүйесі бар. Сіз ауру туралы, алдын алу шаралар жөнінде, қолданылатын вакциналар туралы толық объективті ақпарат алуға құқылысыз. Дегенмен ақпараттың жетіспеуі, иммундауға қарсыластардың агрессивті мінез-құлқы сіздің шешіміңізге әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз сізді егуден бас тартудың салдарын тағы да ойластыруға және өзіңіздің аман-саулығыңыз үшін, сондай-ақ жақындарыңызды қорғауға шақырамыз. Екпе қабылдасаңыз, сіз бүкіл отбасын аурудан қорғайсыз. Ал вакцинациядан бас тартсаңыз, отбасы мүшелерінің өміріне үлкен қауіп-қатер төндіресіз. Сондықтан жақындары-ңызға қажетті екпені тегін алуға мүмкіндік беріңіз. Сонда ғана індетсіз, еркін өмірге қайта ораласыз.

Перизат Маханова,
Тараз қалалық №5 емхана бас дәрігерінің
медицина бөлімі жөніндегі орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.