«Заманың қалай болса, бөркің солай» демекші, біздің де қоғам қысқа күнде қырық құбылып тұр. Былтыр осы уақытта күшейіп кеткен ауру биыл да шілденің шіліңгір ыстығында қайтадан қаһарына мінді. Соған байланысты кейбір аймақтарда карантин талаптары қатаңдатылуда. Ал мұсылман қауымы тойлайтын айтулы мереке Құрбан айт та осындай қиын жағдаймен тұспа-тұс келіп отыр.

Шапағат Әбдірұлы

Осыған орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 20-22 шілде аралығында өтетін Құрбан айт мерекесі туралы құрбандық шалу рәсімі қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, «қызыл» аймақта тек онлайн форматта, ал «сары», «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізілетінін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

– 2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші жолы – мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу. Екінші жолы – еліміздің «қызыл» аймақтарында бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асыру, – деді Бас мүфти.

Құрбан айт – жер бетіндегі мұсылман қауымының мерекесі. Құрбан – араб тілінде «жақындау», яғни «Аллаға жақындау» дегенді білдірсе, қазақ тілінің қорында да «еркек тоқты құрбандық», «елі үшін құрбан болды» деген сөз тіркестері бар. Ендеше, әу баста сол құрбандық қайдан, қалай пайда болғаны туралы аңыздар былай уәж айтады.

Ибраһим пайғамбар егде жасқа келгенше, Сара деген жары құрсақ көтермеген екен. Бірақ ақылды ана Сара бір күні пайғамбарға: «Ибраһим, сен осылай ұрпақсыз өтесің бе? Мен рұқсатымды берейін, сен менің күңім Ажар деген қызға үйлен. Алла нәсіп етсе, ұрпақты содан көрерсің», – дейді. Сөйтіп, көп ұзамай Ибраһим мен Ажар қосылып, ұлды болады. Оның атын Смайыл деп қояды. Алайда Ажар ана болған соң, қасындағы қыз-келіншектер Сара апамызды күндеп, ол кісінің бойында қызғаныш отын лаулатады. Күн өткен сайын бұл қызғаныш үдей түседі де, бір күні Сара апамыз: «Ибраһим, мына балаң мен әйеліңді менің көзіме көрсетпе», – деп бұйырады. Ибраһим бұл да бір Алланың сынағы шығар деп ойлап, бәйбішесінің айтқанына көніп, баласы мен әйелін айдалаға апарып тастауға мәжбүр болады.

Сөйтіп, Ажар мен баласы айдалада азықтары таусылып, ауыздары құрғап, әбден тығырыққа тірелгенде, Құдайдың құдіретімен баласының өкшесінің астынан су шығады. Сонымен Ажар сол суды қолымен тазалап, кішкене көлшік жасайды. Бұл отырған жері керуен жолы болғандықтан, көп кешікпей көшіп бара жатқан Жорхум тайпасы осы маңнан құстарды көріп, мұнда тіршілік көзі бар екен деп ойлап, көмекшісін жан-жақты барлауға жібереді. Ақыр аяғында Ажарды тауып, одан рұқсат алып, Жорхум тайпасы бұлақ басына қоныстанып, осы жерде Мекке қаласының негізін қалайды. Ал Ибраһим жатса-тұрса әйелі мен баласын еске алып, өзінің қалдырып кеткен жеріне іздеп келеді, сөйтсе, екеуі де аман екен. Осыдан кейін ол амандықтарын біліп тұратын болады. Бір күні таң ата Алла аян береді: «Балаң Смайылды құрбандыққа шал», – деп. Осы аян екі күн және Құрбан айттың бірінші күні қайталанады. Сонымен бұл Алланың сынағы деп ойлаған Ибраһим не де болса орындауға тырысып, «отын алып келеміз» деп Смайылды ертіп жолға шығып, құрбандық шалатын жерге келгенде, Ибраһим баласына шынын айтады. Баласы да екіленбей: «Егер Алладан пәрмен келген болса, мен ықтиярмын, мені құрбандыққа шалыңыз. Алайда менің мынадай шарттарымды орындап барып іске кірісіңіз», – дейді. «Біріншіден, пышағыңызды әбден өткірлеп алыңыз. Екіншіден, менің қол-аяғымды мықтап байлаңыз. Үшіншіден, менің жүзімді төмен қаратыңыз, менің көзіме көзіңіз түсіп кетсе, аталық мейіріммен бауыздай алмассыз. Төртіншіден, менің көйлегімді шешіп алып, анама апарып беріңіз, мауқын бассын», – дейді. Ибраһим мақұл болып, баласын жатқызып, кеңірдегіне пышағын тақап үш рет талаптанса да, пышақ өтпей қояды. Енді не істесем екен деп тұрғанда, аспаннан «тоқта, сабыр ет» деген дауыс естіледі. Қараса, Жәбірейіл періште бір қошқар алып ғарыштан түсіп келеді екен. Оның Аллаға деген сүйіспеншілігі мен махаббаты жалғыз ұлын құрбандыққа шалуға мәжбүрлеген бұл да бір Алланың сынағы екен. Сондықтан Алла баласын аман алып қалып, құрбандыққа қошқар шалдырады. Міне, содан бері құрбандық шалу дәстүр болып қалыптасыпты-мыс.
Құрбандыққа не шалынады?
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Ең кемінде ешкі бір, сиыр екі, ал түйе бес жасқа толған болуы міндетті. Қойдың алты айлық тоқтысы да құрбандыққа жарамды болып табылады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да шалына береді. Уақ малды бір адам, ал ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп шалуына болады. Аталмыш малдардан басқа, жылқы, үйрек, қаз, тауық, қоян және т.б. құрбандыққа жарамсыз болып табылады. Құрбандық шалу бір отбасына емес, ауқатты әйел-еркек әр мұсылманға бөлек міндеттеледі. Мысалы, бір отбасында үйге кіріс келтіретін бірнеше кісі болып, олардың әрқайсысы ауқатты болса, барлығы бөлек құрбандық шалуға тиіс болады. Сондай-ақ бірігіп бір ірі қараны шала алады. Ал бір үйде бір кісі ғана ауқатты болса, онда өзі ғана кемінде бір құрбандық шалуға міндетті болмақ.
Құрбандық шалатын кісі малды союға икемді болса, өзі бауыздағаны абзал. Малды қинап қоятындай болса, білікті кісінің бауыздағаны дұрыс. Қалай болғанда да, мүмкіндігі болса құрбандығы шалынарда қасынан табылғаны абзал. Мүмкіндігі болмаса, өкілін жіберіп қатыстыруына да болады. Қасапшы жалдаса, ақысына шалынған құрбандықтың мүшелерін беруге қатаң тыйым салынады. Қасапшының ақысы бөлек қаражаттан берілуі тиіс. Қасапшы мұқтаж жан болса, еңбегінің ақысын бөлек берумен қатар, құрбан етінен оған да үлес беруге болады. Құрбандыққа ауру, көтерем немесе өте жас малды шалуға болмайды. Қой да, ешкі де өте мықты әрі жеткілікті семіз болуы керек. Бір жері кем, құйрығы кесілген, соқыр немесе жарты құлағы жоқ малдарды да құрбандыққа шалмайды.
Құрбандық қанша күнге жалғасады?
Жалпы Құрбан айт 4 күнге созылады. Оның алғашқы 3 күнінде құрбандық шалынса, соңғы төртінші күні тек дұғалар оқылып, салауат, ташриқ тәкпірлері айтылады. Осы күні Жамбыл облысы мен Тараз қаласында айт намазы таңғы сағат 07:00-де оқылады. Айт намазы оқылып біте салысымен, мұсылман жұртшылығы Аллаға арнаған құрбандықтарын шала бастайды. Құрбандық шалу үш күнге созылады. Үшінші күні күн батуға аз уақыт қала құрбандық шалу тоқтайды. Ғұлама Имам Мәліктің «әл-Муатта» атты еңбегінде сахаба Абдулла ибн Омар: «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн», – деген. Ал Имам әл-Байһақидің «әс-Сунан» атты кітабында сахаба Әли (р.а.): «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн», – десе, сахаба Әнас (р.с.): «Мал бауыздау құрбандық күнінен кейін екі күнге созылады», – деген. Барлығы – үш күн.
Құрбан айттың жөн-жосығы мен әдеп-ибасы
Айт – ол мереке. Мерекеде жақсы киім кию, жақсы иісті су шашу – барлық адамның істейтін тірлігі. Ал Құрбан айт мерекесінің де сол сияқты бірнеше жөн-жосығы бар. Мысалы, бұл мереке Айт намазын оқудан басталады да, айттаудан аяқталады. Енді сол екі аралықтағы жасалатын амалдардың басы – айт намазын оқу.
Айттау
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды аралап қыдырады. «Айт құтты болсын» айтысады. Бұл күні мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, Айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылығы мен сыйластығын барынша арттырады.
Әйел кісі құрбандық шала ма?
Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқығы өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы – уәжіп.
Бірігіп құрбан шалуға бола ма?
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шалады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Ал қаламызда құрбандыққа шалынатын мал көбінде қой болып саналады. Қазір олардың бағасы үлкен кішілігіне қарай 45-65 мың теңге аралығында бағаланып жатыр.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған