Қалалық қоғамдық-саяси газет

ҰБТ өмірдің соңғы сынағы емес…

0 710

Мектеп қабырғасында он бір жыл білім алған түлектер үшін маңызды айлар басталды. Енді шамалы уақыттан соң олар үлкен жолға қадам басады. Түлектердің барлығы дерлік өмірдің жаңа белесінде жоғары білім алып, білікті маман болуды көздейді. Осы биікке шығу үшін бірнеше сынақтан сүрінбей өту қажет. Соның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл облыстағы 365  мектепті 11 764 оқушы тәмамдамақ. Оның 2701-і Тараздағы 56 білім ордасына тиесілі. Шаһардағы 2145 оқушы ҰБТ тапсыруды жоспарлап отырса, қалған 556-сы белгілі себептермен бас тартқан. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 25 қаңтары мен 22 ақпаны аралығында «Юстади» орталығында өткен тестке Тараз қаласы бойынша 1494, 4-31 наурыз аралығындағы сынаққа 1659 талапкер қатысқан. Соңғы мәліметтер бойынша тест тапсырған оқушылардың орта балы 74,5 пайызды құраған. Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ның форматымен таныстыруға арналған іс-шаралар жүзеге асырылып, ақпарат құралдарында, ата-аналар, мектеп бітірушілер, мұғалімдер қауымы арасында түсіндіру жұмыстары да кеңінен жүргізілуде екен.
Биылғы тестілеудің ерекшелігі неде?
Биылғы тестілеу сынағы 4 рет, яғни қаңтар, наурыз, мамыр-шілде және тамыз айларында, «1 тестіленуші – 1 компьютер – 2 камера»  қағидаты бойынша электрондық форматта өткізіледі. Яғни оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін, оның дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера да орнатылады.
Бұған қатысу үшін онлайн режимде өтініш беру кезінде талапкер тестілеу күнін және уақытын өзі таңдайды. Ерекше атап өтерлігі, түлектердің өтініші мен қалауын ескере отырып, биыл грантқа үміткерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар. Бұл шара эмоционалды стресс деңгейін төмендететініне сеніміміз мол», – деген болатын. Демек, екі тестілеудің қайсысынан талапкер жоғары балл жинаса, сол нәтижемен мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатыса алады. Міндетті оқу сауаттылығы, математика, Қазақстан тарихы және 2 таңдау пәнінен сынақ тапсыратын бітірушілер жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 50 балл жинауы қажет. Ал ұлттық университетте білім алғысы келетіндер 65 баллдық межені бағындыруы тиіс. Педагогикалық мамандықтарға түсуге 75, денсаулық сақтауға 70, ауыл шаруашылығы мен ветеринария үшін 60 ұпайға қол жеткізуі керек. Биыл «Қазақстан тарихы» пәні бойынша  құрамына контекс мәндегі тест тапсырмалар да енгізілген. Былтыр олар тек бейіндік пәндерде ғана болған екен. Ал бейіндік пәндер комбинациясын ҰБТ-ның екі мүмкіндігі үшін бірдей таңдаулары қажет. Тағы бір жаңалық – «Құқық» білім саласы бойынша шекті меже өзгеріп, 75 баллды құрағандығы. Түлектер осы ретте бір пәннен болса да 5 баллдан төмен  алғандар шекті деңгейден өтпеген болып саналатынын есте ұстағандары жөн. Ең жоғары көрсеткіш бұрынғысынша – 140 балл, берілетін уақыт – 3 сағат 50 минут. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша тағы 40 минут беріледі. Сонымен қатар оларға суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалмақ.
Академиялық адалдықты сақтау мақсатында тестіленушілердің тест нұсқасы таңбаланып, әр қатысушының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қоса талапкерлерге тестілеу аяқталғаннан кейін экранда, сондай-ақ «Жеке кабинетінде»  тақырыптық талдау қолжетімді болады. Бұл тестіленушілерге әр пәнді меңгеру деңгейін түсінуге мүмкіндік бермек. Осы орайда барлық талапкерлер тестілеу орталығы ҰБТ-2022 бейнежазбасын күнтізбелік жыл соңына дейін сүзгіден өткізетінін, соған сәйкес ереже бұзған немесе тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған әрекеттер байқалған жағдайда олардың нәтижелері түбегейлі жойылатынын да қаперден шығармағандары абзал.
«Ұлы бір күндік төңкеріс»
ҰБТ елімізде 2004 жылы енгізілді. Содан бері тестілеудің «жыры» бітпей келеді. Өйткені ҰБТ, әйгілі әзілкеш айтпақшы, «Ұлы бір күндік төңкеріс» іспетті. Иә, әзілдің де батпандай зілі бар. Тесттен төмен балл алып қалған талапкерлердің суицидке барғаны туралы фактілер, қатарластарының нашар көрсеткіштері үшін табалауынан күйзеліске түсуі, ата-аналардың уайымы, мұғалімдердің тестілеу өтіп жатқан ғимараттың айналасында жүріп, оқушыларымен бірдей емтихан тапсыруы, бәрінің жабылып қара қағаз келетіндей нәтиже шығатын хабарламаны сарыла күтуі, тағысын тағы. Осының бәрі тестілеудің қорқынышты «бет-бейнесін» қалыптастырды. Ондағы жемқорлықтың жайы сынақтың ашықтығы мен әділдігіне деген сенімсіздікке әкелгені тағы бар.
Десе де, ҰБТ енді бұрынғыдай болмайтын секілді. Мәселен, былтыр компьютерлік ҰБТ-ны алғаш болып тапсырғандардың бірі  Альбина Иса жаңа жүйенің ыңғайлылығына, ойдағыдай өткеніне ерекше қуанышты.
– Компьютермен тест тапсырған тіпті керемет екен. Жүйе өте қолайлы, жақсы ойластырылған. Мен бір сағаттың ішінде ҰБТ-ны тапсырып, ойдағыдай балл алып шықтым. Өйткені қағаз толтырып, одан оның ішіндегі жауапты бояп отыруға уақыт жоғалтпайсың. Ең кереметі, бір сұрақтан қателесіп кетсең, қайтадан кері оралып, жауабыңды түзетуге болады. Содан соң бұрынғыдай тест нәтижесін кешке дейін сарыла күтудің қажеті жоқ. Тапсырып болған сәтте қорытындысы белгілі болады. Айтпақшы, жүйеде тестілеуге қажетті нәрсені де тез табуға болады. Мәселен, химия пәнін ашсаңыз, Менделеев пен металдардың белсенділік қатары қосылған тұздардың ерігіштік кестесі шығады, – дейді жас түлек.
Өзі қалаған мамандыққа мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен Альбинаның айтуынша, оның сыныптастары да ҰБТ-ны электронды форматта сәтті тапсырған және биыл мектепті тәмамдайтын сіңлісі де дәл осы жүйеге зор сенім  артып отырған көрінеді.
Бұрындары тестілеуге кірген-шыққан түлектердің басым бөлігі үрей мен үміттің жетегінде жүретін. Педагог-психолог Мира Аманжолқызының айтуынша,  мұның бір себебі баланың психологиясында жатыр екен.

–  ҰБТ-ға дайындық пен оның нәтижесі кез келген баланың психологиясына үлкен әсер етеді. Сондықтан мектептерде талапкерлердің қорқынышын еңсере алатын жағдай жасау қажет. Сондай-ақ тек қана оқушылармен ғана емес, ата-аналармен де жүргізілетін жұмыстар да аса маңызды. Тағы бір айта кетерлігі, жасөспірімдердің күнделікті жейтін тағамына да назар аударған жөн. Себебі олардың да тигізетін септігі мол. Көптеген оқушылар тестке кешкі тамағын ішкен соң дайындалады. Бірақ бұл қате. Бала кеш жатқандықтан, таңертең ұйқысы қанбай оянады. Соның кесірінен дел-сал күйде болып, еш нәрсеге зауқы соқпайды. Сол себепті маман ретінде кез келген мәліметті есте сақтау үшін таңғы уақытта дайындыққа кіріскен дұрыс деп кеңес берер едім. Бұған таңғы сағат 7:00 мен кешкі 19:00-дің аралығы өте тиімді, – дейді психолог маман.

Түйіндей айтқанда, ҰБТ өмірдің соңғы сынағы емес. Мұны тек біз ғана емес, мұғалімдер мен ата-ана да баланың санасына сіңіргені жөн. Бастысы, әрбір талапкер үміт сеніммен ұштасқанда ғана көздеген мақсатқа жетуге болатынын жете түсінгені абзал. Ендеше, білім сынағында түлектеріміздің бабы мен бағы қатар шауып, айы оңынан тусын деп тілейміз.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.