Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Болашақпен» оқығанның болашағы жарқын ба?

0 74

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен 1993 жылғы 5 қарашада дарынды жастар шетелде сапалы білім алып, өздерінің жинақтаған тәжірибелерін мемлекет игілігіне пайдалануына көмектесетін «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Ал оның алғашқы түлектері 1994 жылы шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Содан бері бұл бағдарламамен білім алып келгендер түрлі салада тәуелсіз елдің болашағы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Сол жастардың бірі, өз қаламыздың төл тумасы, тәуелсіздіктің құрдасы, 2013 жылы «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсіп, Essex University, Brunel University London, University of Reading сияқты жоғары оқу орындарынан білім алған «Болашақ» бағдарламасының түлегі, IT саласының маманы, қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген, қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының оқытушысы Қуаныш Ғалымжанұлы Абдикаримовпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Алғаш шетелге шығу туралы ойлауыңызға не түрткі болып еді?
– Мен кішкене күнімнен бастап-ақ журналдардың сыртындағы суреттерге қарап, «өскенде осы жерге барамын» деп армандайтын болыппын. Одан кейін университетте оқып жүрген кезімде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Литва мемлекетіне бір семестрге оқуға барып келгенмін. Міне, бұл менің шетелге алғаш рет қадам басып, арманымның қанаты қатайған кез еді.
– Демек, ұшатын бағытыңызға қарай ұяда дайындалдыңыз ғой?
– Иә. Кейін сол арманыма қанат бітіріп, алғашқы бағдарымды түзеп берген ол «Болашақ» бағдарламасы деп ойлаймын. Әу баста бұл бағдарлама туралы ақпараттар жинап, біліп жүрдім. Бірақ айналамдағылар көбінде оған түсу қиын деген сияқты күрделі жолдар көрсететін. Алайда кейін сайттардан ақпарат жинау арқылы «тапсыруыма болады екен ғой, қалайда осы бағдарламамен оқуға түсемін» деген ойға келіп, өзіме-өзім сенім байлап, 2013 жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға тапсырдым. Емтихан барысы үш кезеңнен тұрды. Біріншіден, бакалавриат дипломыңыздың GPA бағасының жоғары болуы шарт болды. Екінші – қазақ тілі мен ағылшын тілінен тест тапсыру, үшінші кезең логикадан емтихан тапсырдық. Осы сынақтардан сүрінбей өткендерді тағы бір сұрақ-жауап ретінде сынақтан өткізу үшін соңында комиссия мүшелеріне жібереді. Ол жерде әр мамандық иесі отырады. Олардың сұрағынан сүрінбей өткен адам ғана болашаққа қадам басады.
– «Болашақ» бағдарламасы сізге не берді?
– Ол менің жастық шағымды білімге арнауыма мүмкіндік берді. Өз мамандығым бойынша жинаған тәжірибені жүзеге асыруыма орай тудырды. Және де менің бір жермен ғана шектелмей, өз еркіндігіммен білім алуыма мүмкіндік берді. Соның арқасында мен басында Ұлыбританияның Essex университетінде, онан кейін Лондонға келіп Brunel University London, соңында академиялық дәрежемді University of Reading университетінен оқыдым.
– Ол жақта диплом алу маңызды ма, әлде білім алу ма?
– Олар баға үшін емес, білім үшін оқиды. Мысалы, Ұлыбританияны алып қарасақ, онда Қазақстандағы сияқты мемлекеттік грант деген жоқ. Сондықтан әр студент қалтасынан ақша төлеп оқиды. Ақша төлеп оқығасын, олар университеттен сапалы білім беруді талап етеді. Сондай-ақ өздері де сапалы, таза білім жинап шығуды көздейді.
– Ал ақшасы жоқтар не істейді?
– Оларда мемлекеттік ұйымдар бар. Студенттің ақшасы жоқ болса, солар оқу ақысын құйып береді, яғни оқу бітіргенше қарыз береді. Бітіргесін студент бөліп-бөліп сол ақшаны қайтарады. Сосын олар жасқа қарамай оқиды. Мысалы, менімен бірге 65 жастан асқан студенттер де оқыды. Тағы бір артықшылығы – ол жерде университет бітірген соң қайда барамын деген уайым болмайды. Өйткені бәрінде сенім бар. Оқып жүріп, тәжірибе жинап үлгереді. Бұл Ұлыбритания, Германия, Польшадағы жағдай бойынша. Ал бізде көбінде мемлекеттік грантты көздеп жүреді.
– Қандай мамандыққа сұраныс жоғары? Жалақы қалай төленеді?
– Ол жерде әртүрлі. Мамандыққа сұраныстан гөрі, мамандарға сұраныс жоғары, меніңше. Экономист, заңгер де жоғары мәртебелі мамандықтың санатына жатады. Ал жалақы мәселесіне келсек, ол жақта орташа жалақыға өмір сүруге болады.
– Бізбен салыстырғанда олардың өнерге және ғылымға қызығушылықтарының айырмашылығы қандай?
– Олар неге қызығады, соған барады. Біздікіндей әке-шешелері балаларын өнерге жақын болса екен, өнер жолын қуса екен деп итермелейтін әдет жоқ. Менің өз салам мәдениет саласы емес, IТ саласы болғандықтан, ол жайында жіктеп айту да қиын. Бірақ, менің білуімше, ол жақта IТ саласы жақсы дамыған, бізде де үлкен қалаларда көптеген жақсы жобалар бар. Ал кішкене қалаларда қолдау жоқ болып жатады көбінде. IТ саласы бойынша жалақы мөлшері де өте төмен.
– Біз пандемияға дейін онлайн оқу дегенді көрмедік. Оларда ше?
– Оларда пандемияға дейін де онлайн оқу үрдісі жалғасып келген. Әрі ол танымал оқу түрі еді. Көптеген адамдар жұмыс істеп жүреді, онлайн оқиды. Бірақ арасында оған қарсы шығып, студенттермен сөйлесу арқылы тәжірибе жинаймыз, бір-бірімізбен пікір алмасу арқылы білімімізді жетілдіре аламыз деп ойлайтындар да бар. Дегенмен білім алу оны қандай жолмен алуыңа байланысты емес, көкейіңе қалай қондырғаныңда ғой.
– Ал онда емтихан барысы қалай жүзеге асады? Шекті балл алу жолдары қандай? Студенттердің құқығы қаншалықты қорғалып, жағдай жасалған?
– Әр университет әртүрлі ғой. Яғни олар өзіңіз туралы көп сұрақтар қояды. Емтиханға өтініш беру барынша онлайн түрде жүзеге асатын болады. Сосын олар адамның логикасына көп мән береді. Жан-жақты білімді көп тексереді. Тестілеу форматы да сол бағытта болады көбінде. Ал студенттер оқып жүрген жерде барлық жағдай жасалған. 24 сағат ашық тұратын кітапханалар бар, яғни адам қай уақытта келеді, сол уақытта ашық тұрады. Сонымен қатар демалатын орындар да бар. Мүгедек адамдарға да көңіл бөлінген.
Жатақхана мәселесіне келсек те, студенттердің жүріп-тұруына ешқандай шектеу жоқ. Керісінше, студентке деген құрмет бар. Яғни студент өзі талап етсе, университет бәрін орындайды. Мысалы, бір рет барлық студент митингіге шыққанын көріп, «бұл не?» деп сұрағанымда, олар оқу ақысын арзандатсын деген талаппен шығыпты. Бір қызығы, ұстаздары «солардың айтқаны орынды, талаптары орындалсын» деп қосылып, артқы жақтарында еріп жүрді. Міне, студент өз құқығын біліп, шарт қоя алады. Оны университет де орындайды.
Оларда диплом да қызыл, көк болып бөлінбейді, бірақ ішіне ең жоғарысына «үздік» деген деңгей, одан төменіне «орташа» деп жазып қояды. Ал одан төмен бағаланбайды, «оқып бітірді» деп қана тұрады. Тағы бір қызық жағдай, ол жерде таңдау пәнің математика болса да, шығармашылық ретінде сынақ тапсырасың. Яғни бір есеп берсе, соны сөзге айналдырып жеткізуің керек болады. Сонымен қатар студенттерде де плагиат аз. Өз-өзіне қатаң қарайды. Біреудің ойын ұрлау немесе жазбасын ұрлау қылмыс ретінде қаралады. Сонымен қатар олар дипломды алдын ала жоспарлайды. Яғни бірінші курсқа оқуға түсе салысымен дипломын дайындай бастайды. Жетекшісі жол көрсетіп, оның толыққанды ізденуіне бағыт-бағдар береді.
– Олардағы ұстаз мәртебесі туралы не айтар едіңіз?
– Ол жақта ұстаздық пен медицина мамандығы мәртебелі мамандықтардың қатарынан болып табылады. Өйткені кез келген адам ұстаз, болмаса дәрігер бола алмайды. Оған өте көп білім мен тәжірибе керек. Дегенмен әр мамандыққа әртүрлі шарт қояды. Көп жағдайда мәдениет саласына тәжірибесі жақсы болса, бакалавр білімімен де жұмыс жасауына болады. Сонымен қатар қанша жұмыс істейді ол адамның өз еркінде, ең бастысы – салық төлесе болғаны. Ол жақтың азаматтары жыл сайын үкіметке салық төлейді. Ол студент пе, ол оқытушы ма қарамайды, азамат ретінде салық төлеу борыш болып есептеледі.
– Сіз барып оқыған үш мемлекеттің өзіңізге қайсысы ұнады?
– Мен үшін мәдениеті бірнеше ғасырмен байланысып жатқан Ұлыбритания. Бірақ ол жер қымбаттау, алайда айлықтары да соған лайық.
– Бар мәселе тек айлыққа ғана байланып тұр деп ойлайсыз ба?
– Жоқ, шарт жағдайға да байланысты. Мысалы, менің мамандығым бойынша мұнда толық шарт жағдайы жасалған лабораториялар жоқ. Бірақ, бір жағынан, ол өзімізге де байланысты. Біз университеттен өзімізге керекті дүниемізді талап ете алмаймыз. Егер біз өз құқықтарымызды біліп, заңды түрде талап етсек, университет студенттердің мүддесін қорғап, солар үшін жұмыс жасайды.
– Егер сізге екі өмір беріліп, туған жеріңізді өзіңіз таңдауға мүмкіндік берілсе, қай жерді таңдар едіңіз?
– Қазақстан. Қосымша таңдау керек болса, Ұлыбританияны таңдаған болар едім.
– «Болашақпен» оқып келгендердің біздің елде болашағы жарқын ба?
– Жоқ, толықтай емес, яғни алатын айлықтары білімдерімен сәйкес келмейді. Өйткені оқып келген адам өзін жоғары деңгейлі маман деп санайды. Ал оған төленетін жалақы төмен болып жатады көбінде. Егер жалақыны көбейтсе, көптеген мәселені шешуге болар еді деп ойлаймын. Ол кезде жемқорлық, парақорлық та түгел атымен жойылатын еді.
Оқытушы алдымен өз мәртебесін өзі көтеруі керек. Пара алмай, таза білім берсе, әділ баға қойса, әрине, бұл оқытушының өз деңгейін, шәкірт алдындағы бет-беделін көтергені болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.