Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Біз батыр елміз»: Мәлік Ғабдуллиннің Бауыржан Момышұлына жазған хаты

0 157

Кеңес одағының батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдулиннің батыр Бауыржан Момышұлымен хат алмасып тұрғаны туралы деректерден білеміз. Бұл хатында жазушы Мәлік Ғабдуллин батырға қазақ халқы туралы баяндама жасағанын айтып, қандай өзекті тақырыптарға тоқталғанын жазып өткен.

Ардақты Бауке!

Аманшылық.

Нүсіпбеков арқылы жолдаған хатыңыз бен суретіңізді алдым, көп рахмет. Бұдан бұрын бір хат жазып, жолдағам, алған боларсыз. Менің баяндамам осы айдың 21-інде болады, оған берген уақыты екі-ақ сағат. Осындай қысқа уақытта бүкіл қазақ халқының өткендегі және бүгінгі ерен батырлық традициялары туралы айтып шығу қиын да болады-ау деп отырмын. Сондықтан мен баяндаманы қағазға жаздым, осы хат жазып отырған қағаздай үлкен 35 бет болды, Баяндамада мыналарды көрсеттім:

  1. Қадірлі Отан соғысы майданында жүрген айтулы батыр қазақтардың ерлігі, батырлығы, отанды, ел-жұртты сүйсіндіруі және олардың ар-намыс, абырой дегенді қас жаумен жауынгерлерше соғысуы. Бұларға нақтылы-нақтылы дәлелдер көрсеттім. Осы сияқты ерлік жасаушылықтар бүгін ғана пайда болды ма? Жоқ, ол халық жасағаннан бері келе жатқан салт – дәстүр дедім де тарихқа қарай қол создым.
  2. Қазақ халқының батырлары Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын тағы басқаларының халық үшін, халықтың бостандығы, бақыты үшін соғыстары. Бұл батырлар біздің мақтанышымыз.
  3. Қазақтың халық батырлары Есім хан, Қасым, Тәуке, Сырым Датов, Исатай, Махамбет, Кенесары, Есет, Бекет, Амангелділердің ерлік істері. Олардың соғыстары, батырлықтары. Сол кездердегі әлеуметтік хал- жағдайлары, ел тұрмысы, қысқасы жағалай шабыс құба қалмақ заманынан бастап Октябрьге дейінгі, қазіргі ерлік істер. Бұлардың бәріне көптеген тарихи фактылар, дәлелдемелер келтіріп, жырлардан үзінді енгіздім және олардың істеген істеріне өзімше түйінді қорытындылар жасаған болдым. Шоқан Уәлиханов пен Абай туралы да айттым. Қысқасы аузымды толтыра қазақ баласы, қазақ елі батыр ел, ол сандаған жауын жеңген, керемет мықты ел деп көрсетуге тырыстым. Бұрын кейбір баяндамашылар баяндама жасай қалса, біз өткенде нашар едік, мүсәпір едік дейтін еді ғой. Мен осы сөзден қаштым, қайта оған қарама-қарсы – біз батыр елміз деген нақтылы сөздерді баса айттым.
  4. Қазақстан Совет дәуірінде дегенге қысқа ғана тоқталдым.
  5. Отан соғысында тамаша қолбасшыларымыз бар асқан ақылды, айлалы, батыр, ержүрек командирлеріміз бар деп мысалға Баукеңді молынан көрсеттім. «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер» деген ғой, осы баяндамамда тілдің жеткенінше полководец Бауыржан дегенді баса айтып, оның адамгершілік, батырлық образын молынан қамтыдым ғой деймін. Мұныма сіз ұрсарсыз, оны өзіңіз білесіз. Бірақ менің шындықты жасыруға правом жоқ.

Баяндаманы тындаушыларға: қазақ деген батыр ел екен, өткенде де көп батыр болса, бүгін де сондай екен. Мынау Момышұлы дегені өте керемет екен, деген впечатление қалдырсам болғаны. «Там где обороняется Баурджан и его бойцы, враг не пройдет;  там где наступает Баурджан враг не устоит», дедім ғой бір жерінде.

Баяндаманы мынадай сөзбен аяқтадым: «Будем драться с немецкими захватчиками так, чтобы весь советский народ и великий Сталин с гордостью сказали: «Молодцы, Казахи!».

Баяндаманың ұзын-ырғасы осындай. Өзім тілім жеткенше орысша жаздым. Мұнда келген жолдастарға оқып беріп ем, ұнатқандық түр білдірді. Ал, баяндаманы сөйлерде қалай боларын білмеймін.

Шынында мен тарихшы (историк) адам емеспін гой. Сондықтан, кемшілігі де болар. Тарихымызды, батырларымыз жайында тарихшылар жазғанша көп заман бар, сондықтан, олардың жазғанына дейін өзіміздің де іс істей білгеніміз жақсы емес пе?

Осындағы жиынға көптеген қазақтар келген екен. Бәрі де сіздің атыңызды  халық мақтаныш тұтады, қазақтан бірінші полковник деп. Олардың сұрауы бойынша, Бауыржан жайында, панфиловшылар жайында мен оларға консультация берудемін. Бір қыдыру сөздер осы. Тағы хат жазармын.

Жалғабай ініңіз Мәлік. 16/YII43 ж. Москва.

Дереккөз: «Тарихи тұлға» кітабы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.