Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірлікпен бәрін жеңеміз!

0 155

Әлемді есеңгіреткен COVID-19 пандемиясының қаупі Қазақстанға да өз залалын тигізіп жатыр. Бүгінде бұл індетке шалдыққандар саны артпаса, кемімей отыр. Дегенмен билік тарапынан дер кезінде қабылданған жедел шаралар өз нәтижесін берді деуге болады. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің дәрігерлер мен жауапты сала мамандары індеттің таралу деңгейін бәсеңдете білді. Алайда бұл қауіп жоқ деген сөз емес. Пандемия өзінің шарықтау шегіне әлі жете қойған жоқ. Осындай алмағайып сәтте әрдайым жабырқау елдің рухын көтеріп, қиын шақтарда тиімді шешімдер қабылдауда көрегендік танытып келген еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз халқына үндеу жариялады. Онда еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде еңсерген қиындықтары, дағдарыс тұсындағы экономиканың әл-ауқаты, бұқараның алмағайып шақта бір алақандай жұмылып, ынтымақта болғаны бүгінгі ахуалға мысал болып отыр. Аталмыш үндеуге өңірге белгілі түрлі сала мамандары да үн қосып, пікірлерін білдірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнап «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялады. Мақаланы оқып, ой түюді жөн көрдім. Елбасы өз мақаласында халықты сабырлы болуға, мәселеге байыппен қарауға шақырады.

Еліміз көршілес елдермен, алыс-жақын шет мемлекеттермен әрқашан достық қарым-қатынаста болып, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясатты ұстанды. Татулық пен бірліктің арқасында көп қиындықты жеңіп, жетістікке жеттік.
Жұқпалы індеттен бүкіл әлем әбігерге түсті. Экономикалық дағдарыс орнады, кәсіпорындар жабылып, көлік қозғалысы шектеліп, шекараларға шектеу қойылып, елдер арасындағы алыс-беріс, байланыс үзілді. Міне, осындай қиын кезеңде елдігіміз сыналу үстінде. Елбасы өз мақаласында бір-біріне «санкциялық соғыс» жариялаған елдер бүгін бір-біріне көмек көрсетіп жатқанын айтады. Расымен, адамзат баласы бұл қиындықты тек ауызбіршілікпен, темірдей тәртіппен жеңуге болатынын ұғынды.
Десек те, елдегі қиын-қыстау кезді пайдаланатын арам пиғылды адамдар да, өкінішке орай бар. Олар ел арасына іріткі салып, адамдарды арандатып, бір-біріне айдап салуды мақсат етеді. Ел болашағына зиян келтіреді. Қоғамды құлдыратады. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы ел азаматтарын бірлік пен татулыққа шақырады, арандатушылардың арбауына түспеуге үндейді. Ол үшін әр адам аса сауатты, білімді, парасатты болумен қатар өзіне сабыр мен төзімді серік етуі керек.
Мақалада сонымен қатар Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 млрд АҚШ доллары барын айтып, оны үнемді әрі дұрыс жұмсасақ, бұл кезеңнен де қиналмай өтетінімізді айтты. Ата Заңымыздың 1-бабында: «Мемлекеттің бірінші байлығы – адам және оның өмірі», – деп нақты жазылған. Еліміз басты байлық – адам өмірін арашалап алу үшін қолдан келген бар шараны жасап жатыр. Ол үшін бізде білікті маман, озық технология, материалдық ресурс, азық-түлік бар. Тек сабыр сақтасақ, біріге әрекет етсек, еңсені түсірмей, елге демеу болсақ, бәрін жеңеміз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген нақыл сөзімен ұлтымызды ұйымшыл болуға, белгіленген тәртіпті бұзбауға шақырды. Иә, ел тағдыры, халқымыздың амандығы әрқайсымыздың қолымызда. Ендеше, тәртіп сақтайық, мамандардың кеңесіне құлақ түрейік, сабыр мен төзімді серік етейік.

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Жамбыл облысы ҚХА жанындағы
ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы

Елге сенім ұялатқан үндеу

Бүкіл әлемді дүрліктірген зұлапат індет – коронавирус дерті күн санап артып отырған кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы халқымыздың алаңдаған көңіліне ерік-жігер беріп, бірлескен іс-қимылдарға жаңа серпін қосты. Елбасы атап көрсеткендей, мың өліп, мың тірілген, талай алапаттардан аман шыға білген халықтың рухы мықты, өзіне сенімді ұрпағы қандай қиындық болса да жеңе біледі.

Тек осындай сын сағатында халқымыздың бойында бар басты құндылықтар мен дәстүрімізді жаңаша жаңартуымыз қажет. Сондықтан Елбасымыздың қоғамда үрей таратып, байбалам тудыру әрекеттерінің орнына игілікті істер, ғылым-біліммен шұғылдануға шақыруы саналы түрде өзін, ұрпағын, елі мен Отанын ойлаған әрбір қазақстандыққа уақытша басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге деген сенім мен рух берді. Әсіресе, ғасырлар бойы аңсаған, бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігімізді мәңгі баянды ету – бәріміздің ортақ мақсат-міндетіміз. Елбасы Президент Қ.Тоқаевтың, Үкіметтің қабылдап, іске асырып жатқан сақтандыру шаралары мен жағдайды оңалту үшін іс-шараларының дер кезінде қабылдануы арқылы індеттің басқа елдерге қарағанда күшейіп, кең етек алып кетпеуіне, ахуалды тұрақты түрде назарда ұстауға мүмкіндік бергенін баса айтып, оң бағасын берді.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, адамзатқа қауіп төндіріп отырған індетпен тұспа-тұс келген мұнай бағасының құлдырауы, бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыс бұрын болмаған ауқымды рецессияға әкелді, жұмыссыздық көбейді. Бірақ соған қарамастан Елбасының сарабдал саясатының арқасында кезінде қабылданған таяу және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы экономикамызды әртараптандыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік өнімдерін арттыруға, қаржы және материалдық ресурстарды молайтуға мүмкіндіктер берді. Сондықтан аса абыржуға негіз жоқ.
Әрине, бұл арқаны кеңге салуға болады деу емес. Қазақ халқы өзіміздегі және әлемдегі әр кезеңдерде жайлаған жойқын соғыстарды, мыңдаған, миллиондаған адамдарды жалмаған індеттерді аз көрген жоқ. Тарихи үрдістерден әрдайым оң шешім қабылдай білу аса қажет. Сондықтан бүгінгі орын алып отырған қиындықтардан мейлінше аз шығындармен шығумен қатар, Елбасы атап көрсеткендей, бүгін және алдағы уақытта өзгеше ойлауға дағдыланған жұмыс тәсілдерін жетілдіруге, еңбекті ұйымдастырудың креативтік әдістерін меңгеруге ұмтылуымыздың маңыздылығына баса мән берді.
«Арғымақтың белгісі – азғанын білдірмес,
Азаматтың белгісі – қайғырса да бүгілмес» дегендей, Елбасымыздың: «Біз біргеміз, қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды Мәңгілік ел болуға лайықты ете аламыз», – деген тұжырымы әрбіріміз үшін басты өмірлік ұстанымымыз болу керек.

Асқар Абдуалы,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бірінші проректоры, т.ғ.д., профессор

Сақтансақ сақталамыз!

Бұл – әлем халқының басына түскен үлкен сын. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, бұл көзге көрінбейтін қаһарлы жаумен күрес экономикалық, әлеуметтік, рухани қиыншылықтар туғызып отыр.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус індетіне байланысты Қазақстан халқына жасаған үндеуін алдымен үйде отырған біздер мұқият тыңдап, талқыладық.
Өткен тарих ғасырларындағы бабаларымыздың бастан кешіргендерін айтпай-ақ, өз басымыздан өткізген, екі дәуірдің де талай қыран-кесті оқиғаларын, жан түршіктірер жауыздықты, табиғаттың жайсыз тылсым күштерінің салдарын, неше түрлі аурулардың зардаптарын кешкендердің күйзелістерін көріп келдік. Сондықтан ұлтымыздың тарихындағы небір сынақ пен толқуды, жұртшылықтың ұйымшылдыққа, бірлікке, жауапкершілікке ұйыған кездерін, сәттерін бүгінгі ұрпақтың есіне салу – баршамыздың борышымыз.
Елбасы карантиндік шаралардың орындалуына, қоғамдық тәртіптің қатаң сақталуына баса назар аударды. Н.Назарбаев халық денсаулығын қорғауға ерекше маңыз бере отырып, шектеу шараларына байланысты туындайтын көптеген әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты іс-қимылдардың уақтылы жасалып жатқанын тілге тиек етті. Оның бәрін ақпарат құралдарынан, баспа беттерінен, теледидардан жиі естіп, көрудеміз. Санитарлық шараларды бекем сақтап, пәтерімізді тұрақты желдетіп, түрлі жеңіл жаттығулар жасап, дене шынықтырумен шұғылдану қажет.
Қорыта айтқанда, ата-бабамыз бұдан да қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, ұлан-байтақ жерді де, елді де ұрпағына аманаттаған. Бұл қиындықтардан да өтерміз. Береке-бірлікпен, сабырлық-тәртіппен бұл қауіпті індетті де жұмыла жеңеміз дегім келеді.

Валентина Досыбиева,
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
медиация кабинетінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.