Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірлік – басты байлығымыз

0 359

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына кезекті Жолдау жасаған болатын. Президенттің Жолдауы бұрынғы құжаттардан өзгеше, жаңа дәуірге бет бұрған бастамалармен ерекшеленді.

Осы Жолдаудың өзгешелігі – халықтың, шын мәнінде, Жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. Ел күткен мәселелер назардан тыс қалмады. Айталық, Президент ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары зейнетақы мөлшерін 120 пайызға дейін жеткізіп, 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жас деңгейінде белгілеуді тапсырды. Мұнымен қатар ел Президенті 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін бір жарым жылға дейін ұлғайтуды, ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін арттыруды жүктеді. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ішінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты даму кепілі болып табылатыны сөзсіз. Президент бұл жолғы өзінің Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы сондықтан болар.
Әлемде болып жатқан саяси және экономикалық дағдарыстарға қарамастан, осы күзде елімізде кезектен тыс Президент сайлауының өткізілуі белгілі бір дәрежеде саяси реформаларды жүйелі жүргізуге ықпал етеді деп нық сеніммен айтуға болады. Сонымен қатар Президент Үкіметке тиісті нұсқаулар берді. Ол сондай-ақ елдің одан әрі қарыштап дамуына бағытталған саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық маңызы бар мәселелерді егжей-тегжейлі баяндап, елдің жағдайын жақсартуға бағытталған міндеттерге кеңінен тоқталды.
Бұл Жолдауда жұрт жылы қабылдаған қуанышты жаңалық – алдағы күнде елімізде балаларға арналған Ұлттық қор пайда болады. Оған жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Бала-лар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», – деген болатын. Ұлттық қордағы ақша бала кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалатын болады. Бұл ретте Ұлттқ қордың біздің балалардың болашағы үшін жұмыс атқаратыны шынымен қуантарлық. Әрине, халық жылы қабылдаған тапсырманың бірі – осы.
Отанымыздың кемел келешегі болған жастарды қолдау болашағы бекем ел үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы әр сөзінде жастарды назардан тыс қалдырған емес.
– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Сонымен қатар Президент Қазақстанда оқуға жылдық 2-3 пайыз жеңілдікпен кредиттер берілетінін де атап өтті.
– Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл шаралар жоғары білімді қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтатынына ерекше екпін берді.
Жолдауда іске асатын жоспарлар барлық қазақстандықтың кемел келешегі үшін жасалып отыр. Сондықтан бізге ең маңыздысы – бірлік керек. Бірлік – елдің әл-ауқатын арттырудың басты кепілі. Татулық, бірлік, келісім – басты құндылық саналады. Тарихымызға үңілсек, ел басына күн туған замандарда да халқымыздың тұтастығын сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс қанатын кеңге жаятындығын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан да бірлігі мен ынтымағы жарасқан, түрлі этнос өкілдері тұрып жатқан мемлекетіміздің, қоғамымыздың және отбасымыздың біртұтас мызғымастығына бағытталған ұстанымдарымызды нығайтып, өсіп келе жатқан жас ұрпақты еліне, жеріне, Отанына, халқына адал қызмет жасау секілді құндылықтар рухында тәрбиелесек, табыстарға жететін боламыз. Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, елдегі ішкі тұрақтылықты, бейбіт өмір мен бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға үлесімізді қосуымыз керек.

Нұргүл КӨШКІНБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Өнер және спорт» факультетінің
ғылыми зерттеу жұмыстары жөніндегі деканның орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.