Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір кем дүние-2

0 89

ОН БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ

Оларды қақаған қыстың ортасында, ауыл шетіндегі ұстахананың алдында шанаға отырғызып, Борандыға алып кетті. Он екі жастағы бала-шаға едік. Ағалар соғысқа, соғыс қасапханасына кетіп барады. Үлкендер айтады.
– Бұларды Сталинград майданына апарады, – деп.
Сол кеткендер: Рәсілхан, Кәмет, Сейсенбай, Тұрар, Күзенбай еді.
Солардан елге оралған Тұрар Әбдікерім баласы болатын. Бағы бар екен. Үйленді. Он баланың әкесі болды. Сексеннің бел ортасына келгенде, өз ажалынан дүниеден өтті.
Егер біздің ауылдан соғысқа аттанғандардың бәрі аман-сау оралғанда, бәрі болмаса да, көпшілігі он баладан тудырғанда, біз қалың ел болар едік.
Көбі соғыстан қайтпады.
Біз азбыз.
Бір кем дүние.

АҚЫЛДЫ ҚАЗДЫҢ АШУЫ

Бидай орылып біткен кез. Биыл шығымы жақсы еді. Оны комбайннан кейін төбе-төбе болып, қаз-қатар үйіліп қалған сабанынан байқауға болады.
Комбайн – жақсы қару. Жақсы болмағы комбайншыға байланысты. Кейбіреуі жоспарды асыра орындау үшін жылдамдықты жиілете береді де, дән көп төгіледі. Төгілген дәнді бір-бірлеп теріп ала алмайсың.
Бұл енді алыстан талықсып жеткен қаздардың ырысы. Жемсаулары тез толып, тез семіреді. Тойынғаны – рахат. Семіргені – соры.
Бұл сонда аңшылардың мерекесі.
Аңшы шөмеле түбінен ор қазып, сонда жасырынып жатады.
Қаздар шөмеле үстін айнала ұшып, арандатқыш, алдамшы, жасанды қаздың қасына қонбақшы болғанда, мерген қаздар тізбегіне оқ атады. Тізбектен біреуі бөлініп барып, мерген жасырынып жатқан ордың үстіне құлап түседі.
Біліп істесе де, білмей істесе де, әйтеуір, әлде кездейсоқ па, мергеннің оң көзін өткір тырнағымен бүре құлайды.
Сөйтіп, әлгі мерген оң көзінен айырылып, жаралы құсты құшақтап қалыпты деседі.
Алыстан-алыстан аңсап жеткен бейкүнә қазды атқан аңшының тапқан олжасы осындай болған екен дейді.
Бір кем дүние.

ҚҰНДЫЗДАРДЫҢ ҚЫЗ ҰЗАТУЫ

Бердімбет сайдың күншығыс жағындағы аласа үйдің тау жақ беткейінде отырған мешел кемпірдің даусы әлсіреп шықты:
– Құрмаш! А, Құрмаш! Құрмаш-ай!
Күнде осылай.
Мүнира келіні, мыңболғыр, күнде мешел енесін балаша көтеріп алып, үйдің күн жақ беткейіне, аласа бөстектің үстіне отырғызып, семіп қалған, қу сүйек, мешел аяқтарын көрпемен қымтап болып, өзі дорбаға салған айран шалабын алып:
– Ал енді Құдай жар болсын! Үйінде болса, Құрмашты шақырып ал. Өзіңді бір Құдайға, одан кейін сол Құрмашқа тапсырдым. Енді кешіксем, Тасбеттен таяқ жеймін, – деп қызылша алқабына асығыс, алқын-жұлқын жүгіреді.
Сол – сол екен:
– Құрмаш! Құрмаш! – деген әлсіз дауыс бұзылған үйдің үйіндісінде зарлап отырған байғыздың дауысындай болып әлсін-әлсін әлсіреп шығады.
Бердімбет сайдың батыс қабағындағы Мұртаза үйіндегі Құрмаш қыз Қамқа апасының дауысын естімесе де, мешел кемпір өзін зарыға күтіп отырғанын сезеді. Үйде мұның да мешел інісі бар. Оны жалғыз тастап кете алмайды. Бірақ Қамқаның зарлап отырғанын еске алып, тағы да шыдап отыра алмайды.
Заман сондай. Үйінде аяғы әлі шықпаған мешел баласы бар-ау деп Мұртазаны аяған жоқ бұл өкімет.
Үйінде мешел анасы бар-ау деп Мұсаны аяған жоқ бұл өкімет.
«Халық жаулары» деген дұшпандармен күрес басталған залым заман.
Маутан ауылынан ұсталған алты «халық жауының» біреуі осы Қамқаның жалғыз ұлы Мұса еді.
Сиреп қалған аппақ қудай үлпілдек шашын мүйіз тарақпен таратып отырған Қамқа апаң енді күн сәскеден ауғанда маужырап ұйықтай бастайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.