Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білікті маман мәселесі өзекті

0 142

«Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасының жүзеге асқанына биыл бесінші жыл.

Толғанай АТАБАЙ

Еліміздің бүгіні мен келешектегі дамуына қосатын өзіндік әлеуметтік және экономикалық маңызы бар жоба мектеп бітіруші түлектерге жоғары және арнаулы орта оқу орындарында тегін білім алуға жол ашып отыр. Маңызы мол бастама төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Саясат Есеев, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Гауһар Қасымбекова және облыс әкімдігінің білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Бекбол Қайыпчаев айтып өтті. Айтулы жоба оңтүстік өңір жастарына жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған еліміздің солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде тегін білім алуға мүмкіндік береді. Өйткені ол аймақтарда өндіріс ошақтары көп. Бұл бағдарламаның пайдасы тек азамат білім алып қана қоймай, ай сайын шәкіртақы алады, баспанамен және үш мезгіл тамақпен қамтылады. Ең бастысы, оқу бітірген жас маман бірден сол аймақта жұмысқа орналаса алады. Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы шарт, ал құжаттарды қабылдау шілде айынан басталады.

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясының шеңберінде өмірге келген әлеуметтік жоба аясында Жамбыл облысынан 2014 жылдан бері 1384 студент грант иегері атанды. Оның 1169-ы жоғары оқу орындарына, 215-і колледждерге педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, медициналық мамандықтар бойынша оқуға түсті. Сонымен қатар жоба оңтүстік пен солтүстік арасындағы тілдік, рухани таным шеңберіндегі сан алуандылықты ұлттық бірізділікке бағыттауды көздеп отыр. Ал экономикалық маңызының басты арнасына мемлекеттік индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерді жұмыс күшімен, білікті кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады, – дейді облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Саясат Керімбекұлы.

Сондай-ақ 13-17 мамыр аралығында барлық аудандарда «Серпін» күндері өткізіледі. Яғни жобаға қатысатын оқу орындарының өкілдері шалғай жатқан елді мекендерге арнайы барып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.