Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білгеніңмен бөліссең, еселенеді

0 14

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған «Білгеніңмен бөліс» жобасының таныстырылымы өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Арманға апарар жолдың алғашқы қадамнан басталатынын айқындаған жобаға Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының, Қазақстан әйел күштері Альянсының төрайымы Раушан Сәрсенбаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова онлайн байланысқа шығып, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев қатысты.

Аталмыш жобаның бастамасымен облыста жыл соңына дейін 60 жаңа шағын және орта бизнес ашылмақшы. Жауапты жобаға қатысушылардың көпшілігі «Еңбек» бағдарламасы бойынша 200 АЕК көлеміндегі мемлекеттік гранттарға ие болған. Жақсыдан үйренуді көздеген бастамаға Тараз қаласы мен аудандардан өз істерін енді бастаған 60 ару қатысады. Оларға аудандағы филиалдардың мүшелері тәлімгерлік етеді.

«Барыңмен бөліссең еселенеді» деген сөзді жадына түйген іскер ханымдар енді аудандарға шығып, қызмет көрсетуге тігіншілер, сұлулық салондары, наубайшы, компьютер, кондитер, сонымен қатар ауыл шаруашылығы бизнесі де жандана түсуіне ықпал етпекші. Осы орайда Қазақстан әйел күштері Альянсының төрайымы Раушан Сәрсенбаева:

– Мен Жамбыл облысында осындай қажетті жоба жүзеге асатынына қуаныштымын. Бұл игілікті істің маңыздылығы сол, көпбалалы аналар ақша табуды үйреніп, өздерінің іскерлік қабілетін дамытады. Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері әрқашан өздерінің ынта-жігерімен ерекшеленеді. Осы аймақта қажетті жобаның басталуы бірінші рет емес. Бұл мұндағы қыз-келіншектердің қайсарлығы мен еңбексүйгіштігін айғақтайды, – деді.

– Көптеген жылдар бойы Іскер әйелдер қауымдастығы тәлімгерлік жобасын жүзеге асырып келеді. «Білгеніңмен бөліс» – сол игі істердің жаңа бағыттарының бірі. Өңірдегі табысты әйелдердің өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендігі көңіл қуантады. Қатысушыларда ісі оңға басқан, тәжірибелі тәлімгерлер болатынын ескерсек, бизнес жүргізудегі жетістік екі есеге артады. Менің мысалымды пайдаланып, бизнес жүргізу оңай жұмыс емес екенін айтқым келеді. Статистикаға сүйенсек, тоғыз бизнес жобаның бастапқы кезеңде тоғызы іске аспай, қиындық тудыруы мүмкін. Мұндай сәтте бағыттайтын адамның ақылы өте маңызды рөл атқарады, – деп ағынан жарылған Гүлдара Алданышқызы табысты кәсіпкерлердің қателіктерінен сабақ алып, сәтсіздіктерден кейін қайта тұрып, көтерілу үшін ісін енді бастауға ұмтылғандарға қажымас қайрат тіледі.
Іскер әйелдер қауымдастығының жаңа жобасына қолдау көрсетіп отырған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев та жобаға қатысты жүрекжарды пікірін білдірді.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да өз Жолдауларында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында нақты тапсырмалар беріп, ол өз кезегімен жүзеге асып келеді. Іскер әйелдер қауымдастығының «Білгеніңмен бөліс» жобасы да дәл осы саланың өрісін кеңейтуге зор ықпал ететініне сенемін. Бұл жобаны бастамас бұрын нарық әбден зерттелді деп ойлаймын. Бізге бүгінгі таңда не қажет, не істей аламыз, өнімді қалай сата аламыз? Осы сауалдардың төңірегінде тың жоба қолға алынды, енді нәтижесі де жемісті болады деген сенімдемін. Жергілікті атқарушы орган өз тарапынан қолдау көрсетеді, бұл – міндет. Алдағы күндері өңірімізде қажырлы, қайсар, іскер ханымдардың қатары бүгінгіден де көбейеді деген ойдамын. Қазіргі уақытта Тараз қаласында жұмыссыздардың үлесі – 5,6 пайыз. Енді бұл көрсеткіш те төмендейді. Өйткені шағын және орта бизнестің өркендеуі – жаңа жұмыстардың ашылуы, – деді.

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ақжаулықтыларға қолдау көрсету аймақ экономикасына оң әсер ететіні сөзсіз. Өңірімізде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына еңбеккерлігімен атсалысып жүрген кәсіпкерлердің ішінде нәзікжандылардың үлесі зор екенін тілге тиек еткен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев: «Елімізде 2021 жылы екі жоба старт алды. Ол – креативті экономика жүргізу және әлеуметтік кәсіпкерлік. Осы 2 жоба бойынша жұмыс істеуге ниеттілер болса, біз қолдауға дайынбыз. Тәлімгерлік жағынан да қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, бір істі бастадыңыз ба, жауапкершіліктен қашпай, соның жемісін көруге ұмтылыңыз. Алға нақты мақсат қойдыңыз ба, соған жету жолынан таймаңыз», – деді.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков болса:
– Өткен жылы «Еңбек» бағдарламасымен 387 азаматша жеңілдетілген несие алды. Оның 88,6 пайызы – ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер. Осы азаматшалардың еңбегімен облысымызда 11 мыңнан астам тонна сүт өндіріліп, 9 миллионға жуық өнім шығарылған. Ал өткен жылы қайтарымсыз грант алғандардың 61 пайызы – қыз-келіншектер. Биылғы 4 айдың ішінде бір жарым мыңдай азаматша грант алған. Оның 47,3 пайызы – аз қамтылған, көпбалалы аналар. Қайтарымсыз грант – кәсіп етемін деушілерге үлкен мүмкіндік. Сол грант алғандарды енді топтастыру керек. Қазір әрқайсысы жеке жүр. Жеке адамның ойындағы кәсібін дөңгелетіп әкетуге ол қаржы жетпейді. Сондықтан әрқайсысының кәсіби бағытына қарай топтастырса, жиналғандардың қаржысы бір арнада жұмсалса, әлдеқайда берекелі болмақ. Және олар біріксе, іске қажетті жабдықтарды да бірігіп алып, іс алға басар еді, – деп Жорабек Нұрмергенұлы өз ұсынысын жеткізді.

Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Эльмира Мырза-Ғали жобаға қатысушыларға енді білім алуға, тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік бар екенін қадап айтты.

– Алдыңғы жылы Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаева ханымның бастамасымен менторлық жобаны қолға алып, өзіміздің қауымдастықтың мүшесі болып табылатын жас кәсіпкерлерге жол көрсетіп, тәлім бердік. «Менторлық» деген ана тілімізде «тәлімгерлік» деген мағынаны білдіреді. Яғни көпжылдық тәжірибесі бар, өз ісінің білгірі атанған ментор бизнесті жаңа бастаған жас кәсіпкердің – ментидің аяққа тұрып кетуіне барынша көмегін береді. Ал ісін енді бастаған адамның алдында әрқилы кедергілер кездеседі. Біреулердің тірлігінің алға жылжуына отбасы кедергі келтіріп жатады, күйеуі қолдамайды, қазақ келіндері ата-енесінің қабағына қарайды, осылайша үйі мен бизнесінің арасында екіге жарылып қиналады. Ал енді біреулерге тәжірибе жетіспейді. Осындайда тәлімгерінің бизнес әлеміндегі байланыстары қажет болуы мүмкін. Тәлімгер бағыттайды, ал шәкірті орындайды. Осы жобаны жалғастырып, былтырдан бері қауымдастық төрайымы Меруерт Қаттабайқызы «Бақытты отбасы» орталығының әйелдеріне тренинг өткізіп, бірнеше әйелдің бизнес бастауына мотиватор болды.

Осы тұста назар аударатын тағы бір жайт, білгенімен бөлісуге екінің бірі келісім бере бермейді. Оның себебі, бизнес әлемінде жетістікке жеткендердің бәрі бірдей біреуге үйретуге қабілетті емес. Екіншіден, көпшілігі оған уақытын шығындағысы келмейді. Сосын өзінің бизнес жасаудағы құпиясымен бөлісіп, өзіне бәсекелес тәрбиелеуге құлықсыз. Осы жайттарды ескерер болсақ, Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастырып отырған «Білгеніңмен бөліс» жобасы – адамгершіліктің, кеңпейілділіктің, әлеуметтік жауапкершіліктің озық үлгісі, – деді.

Белгілі жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Бесігіңді түзеймін десең, әйелдің жағдайын түзе», – деген екен. Ендеше, ізгі істің игілігі мол болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.