Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым»

0 5  009

Ұлт тарихын зерделеуде кейінгі өскелең ұрпаққа ата тарихымыз бен оны жасаушы тұлғалар туралы, олардың артында қалған мұрасын жеткізу, есімдерін ұлықтау – абыройлы парыз. Әсіресе олардың қоғамдағы алар орнын, оған қосқан үлесін саралай отырып сараптау, бағалау – маңызды міндеттердің бірі. Ал мұндай тұлғалардың көш басында ұлт мақтанышы, қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың тұрғаны белгілі.

Қоғам дөңгелегі қалай айналса да, мінез-құлық әркімге Алланың берген сыйы екен. Тектілік тегіне тартпай тұрмайды. Нағыз қазақ өзінің кіндік қаны тамған жерін қастер тұтып, ардақтайды. Сондықтан ата жұртын аялап, алысқа сапар шексе де, қайта оралуға асығады. Себебі кез келген қазақ үшін ата жұрт ұғымы бәрінен де киелі. Соны жете ұғынған Д.А.Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» деген естелік-эссе кітабында ата-тегі туралы былай деп сыр шертеді: «Н.Аристовтың деректеріне сүйенсек, Үйсіннен Ақсақал (Абақ), одан Қараша би, одан Бәйдібек туады. Біздің ата-бабамыз сол Бәйдібектің үшінші әйелі Зерептен туған Жалмамбеттің Ысты деген белбаласынан тарайды. Ата-бабам тегіне тартып, қауға ұстаған кісілер екен. Шаруа баққанмен, қара басының қасиетін қадірлей білген. Кісі есігін сағаламай, еңбегін емген».
Димаш Ахметұлы өте қарапайым, кеңпейіл, сабырлы да салмақты, парасатты адам болған. Мейлі қызмет бабында, мейлі күнделікті өмірде болсын ашу шақырып, дауыс көтеріп, біреуге жеку әдетінде болмаған екен. Үлкен-кішімен бірдей ашық-жарқын кейіпте сөйлесіп, елмен еркін араласқан. Мемлекеттік қызметте жүрген кезінің өзінде жұмысқа жаяу барып, күзетсіз жүретінін көпшілік аңыз қылып айтады. Кісі баласын жамандап, сыртынан сөз айту, ғайбаттау дегенді білмеген екен. Сол сияқты жақсылығын елемей, байыбына бармай өзін күстаналаған адамдардың өзіне де кешіріммен қараған, біреумен өштесу, кек сақтау оған мүлде жат болған деседі.
Дінмұхамед Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызметте жүріп республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанына қарамастан елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын, ғылыми салаларын, ұлттың мәдениетін дамыту ісіне ерен еңбек сіңірді. Ол жарты ғасырға жуық ел тағдырына араласқан абыройлы ұл, көреген саясаткер ретінде есте қалды. Ұлт мүддесін қорғап қалуға келгенде де ешкімге есе жібермеуге тырысты. Өзбекстанға өтіп кеткен Қазақстан аудандарын қайтару, тың жерлерді игеру, Ерейментау топырағынан неміс автономиясын ашуға жол бермеу және Шардараға атом электр станциясын салдырмау мәселесінде асқан табандылық танытты. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Сондай-ақ Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жөніндегі орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шыққан санаулы азаматтың бірі. Осынау қажырлы еңбектің арқасында Қазақстан Одақ бойынша екінші астықты алқапқа және көпсалалы өнеркәсіп аймағына айналды.
Бір қызығы, аңшылыққа әуестенген ол қарапайым 200 шаршы метр ғана үйде тұрған. Тіпті сол кездегі КСРО басшысы Брежнев Алматыға келгенде, үйін аралап, «барың осы ма?» деп таң қалған екен.
Димекеңнің: «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да – ел, данаң да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім», –                                    деген сөзі оның бар болмысын айқындап тұрғандай.
Мансап пен байлықтан қанағат сезімін жоғары қойған қайраткердің барлық байлығы жеке кітапханасы ғана болыпты. Оның басшылығы кезінде Қазақстанда жұмысшы табының келешегі үшін 47 қала бой көтеріп, экономика мен мәдени өмір қарышты дамыды. Сондай-ақ елімізді Кеңес Одағы көлеміндегі 14-орыннан алдыңғы үштіктің қатарына шығарды. Ол республиканың тек мал шаруашылығымен ғана шектеліп қалмайтынын да дәлелдеді. Осы мерзім ішінде республиканың өндірістік ауқымы 10 есеге өсті. Өркендеудің мұндай қарқыны басқа бірде-бір республикада болған жоқ. Алматыны қазіргі заманғы көрікті қалаға айналдыруға да көп күш жұмсады. Қонаевтың кезінде Алматыда Республика сарайы, ҚазҰУ қалашығы, «Арасан» сауықтыру орталығы, «Медеу» спорт кешені, «Үлкен Алматы» каналы, 25 қабатты «Қазақстан» мейманханасы, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры, М.Лермонтов атындағы орыс драма театры, Қазақ циркі, жастардың Неке сарайы, Ұлттық кітапхана, «Арман» кинотеатры, Алматы мақта-мата комбинатының Мәдениет сарайы, Пионерлер үйі сынды ірі ғимараттар бой көтерді. Ғылым академиясына бірқатар институттарды ашуға, академиктер мен қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер салуға, аспиранттарға арналған жатақханалар салуға да көп көмектесті.
Ұзақ жылдар республика басшылығында болған Д.А.Қонаев халқына барынша адал қызмет еткен, жан-жақты әрі терең білімді, көп қырлы талант иесі, үлкен тұлға еді. Ол өзінің келешекті дәл болжағыш, есте сақтау қабілетінің зор болуына сай орталықтың әрбір қадамын алдын ала сезіп, дәлдікпен жұмыс жасап отырған.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Мәскеу Димекеңді тексеріп, соңынан шам алып түсті. Сонда да кінә қылып тағатын ешбір ілік таба алмады. Әсіресе өмірінің соңғы жылдары қиын күндерді бастан кешірді. Оған күйе жағылып, орынсыз пікірлер айтылды. Десе де, ол қалың орманда тек биік қарағайдың басын жел қалай шалса, дәл солай төзе білді.
Дінмұхамед Қонаевтың аңызға бергісіз өнегелі өмірін осылай жалғастыра беруге болады. Қазақта «Жақсы ісімен жасайды» деген мақал бар. Сондай іргелі ісімен өшпес із қалдырғандардың бірі де бірегейі Дінмұхамед Ахметұлы десек, еш қателеспейміз.
Қонаевтың атын Қапшағай қаласына беру туралы ұсыныс өткен ғасырдың 80-жылдары да көтерілген екен. Өйткені Қапшағай қаласын және су қоймасын салу тікелей Димекеңнің қолдауымен жүзеге асқан. Ол Қапшағай су электр станциясының алғашқы іргетасын 1969 жылы 20 маусымда қалаған. Ескерткіш плитаны шұңқырға тастап, ырыммен күміс тиындарды шашқан.

1970 жылдың 22 желтоқсаны қапшағайлықтар үшін ерекше күн саналады. Тек Қапшағай қаласының тұрғындары ғана емес, еліміздің тарихындағы ерекше дата. Өйткені осы күні Қапшағай гидроэлектр станциясы алғашқы электр энергиясын шығарды. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы қалған төрт мемлекеттің ішіндегі ең ірі станцияның өндірген энергиясы Қапшағайды ғана емес, Алматыны да жарқырата түсті. Өндірген электр энергиясы магистральдар арқылы өзге республикаларға да тартылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтылса, бұл пікірге қосылатынын жеткізген еді. Президенттің бастамасымен және қала халқының қолдауымен тарихи әділеттілік қалпына келтірілді. Осылайша шаһарға тау тұлға Дінмұхамед Қонаевтың есімі ресми түрде берілді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ деген ұлт барда Қонаевтың есімі еш уақытта ұмытылмақ емес.

Ақмарал ҚАРТАБАЕВА,
облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.