Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен «Баласағұн» орталық концерт залында Америкадағы заманауи бидің ең үздік балет труппаларының бірі «Company E» және Қазақстанның заманауи би театры «Самұрық» өнер көрсетті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Юрий КИМ

«Company E» заманауи балет труппасы «АҚШ-тағы заманауи бидің ең үздік труппасы» (Haretz басылымы, Израиль) және «Батыл және талантты труппа» (Washington Post) деп танылған. 2011 жылы құрылғаннан бері «Company E» 30-дан астам елде өнер көрсеткен. Вашингтонда Джон Ф.Кеннеди атындағы орындаушылық өнер орталығының тұрақты серіктесі болып табылады.

– Концертте әлемде тұңғыш рет көрсетілген би «Пентименто» орындалды. Бұл шығарма қазіргі өмірде әлеуметтік желінің кесірінен адамдардың бір-бірінен алшақтағанын би тілі арқылы ұғындыруға тырысты. Сонымен қатар би кешінен соң, АҚШ хореографы Кэтрин Пиклингтон тараздық бишілерге «Бродвей джазы» және «Контемпорарий» бағытында шеберлік сыныбын өткізді, – дейді «Company E» және Қазақстанның заманауи би театры «Самұрық» труппаларының тур ұйымдастырушы менеджері Мадина Садуақасова.

«Самұрық» – Қазақстанның заманауи би саласындағы алғашқы кәсіби топ. Би тобының репертуарына толық метражды қойылымдар және бір актілі балет кіреді. Сонымен қатар хореографиялық миниатюраның әртүрлі нысандары, тақырыптары – өмір мен өлім, махаббат пен жек көру, адамның әлеммен қарым-қатынасы, адам жанының қосарлануы, шындықты іздеу, бір сөзбен айтқанда, адамзатты үнемі мазалайтын тақырыптар креативті түрде көрсетілді.

– Би әлемінің көріністері адамды үлкен ойға қалдырды. Бұл би ғана емес, өмірдің айна-қатесіз көрінісі дерсің. Бишілер өнер тілінің шексіз екенін дәлелдеді. Олар өздерінің би қимылдары арқылы ми, жүрек, тіпті санаға салмақ салып, ойландырып тастады. Сол үшін би труппаларына алғысым шексіз. Мен би үйірмесіне бала кезімнен қатысамын. Өзім де билеймін. Өнерге деген құштарлық адамды биікке жеткізеді деп сенемін, – дейді биші Айнұр Батырбекқызы.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған