Қылышын сүйреткен қыс мезгілі аяқталып, көгілдір көктемді қанатына қондырған құс біткен жылы мекеніне қайта оралуда. Қар құрсауынан арылған қара жерге жан кіріп, тұмса табиғат та қайта түлей бастағандай. Бұл – бет қарықтыратын аяздың қаһары қайтып, сай-саланың тоңы жібитін сәт.
Дегенмен, көктемнің алғашқы айының бірден жадырап сала бермесі анық. Мамыражай күн райының кейде алдап соғатынын да жиі байқаймыз. Ал егін егуге ниетті шаруалар үшін ауа райының қолайлы болуы аса маңызды екені белгілі. Осы ретте «Көктемгі ауа райы шаруаларға қаншалықты жайлы болмақ?» деген сауалға жауап іздеп көрген едік.
Этнограф-ғалым, фольклоршы, қазақ дүниетанымына байланысты бірнеше кітаптың авторы Болат Бопайдың айтуынша, әлімсақтан бері қазақтар жылдың төрт мезгілінің де ауа райын жүгірген аңның, аққан судың, тіпті төрт түлік малдың қимылына қарап дәл болжай білген екен.
– Қазақ халқының ауа райы болжамы – ықылым заманнан келе жатқан үлкен есеп жүйесі. Оны аспан есебі деп те атаған. Кейінгі ғылым тілінде – астрономия ілімі. Халқымыз бағзы заманнан бері мал шаруашылығы, аңшылықпен, құс, егін шаруашылығымен айналысып келеді. Күнкөрістің осындай түрі табиғатпен, ауа райымен тікелей қатысты болды. Ол уақытта қазіргідей аспаптар болмағандықтан, өздерінің қамыстан, киізден, сүйектен, ағаштан жасап алған әртүрлі құралдары арқылы, дөң басына шығу арқылы ауа райын болжайтын болған.
Ауа райын екінің бірі, егіздің сыңары емес, арнайы есепшілер болжаған. Олар өздерінің қойын дәптеріне әр күндегі, әр айдағы, әр жылдағы ауа райының өзгерістерін түсірген. Төрт маусымды, яғни қысты «ақ тоқсан», көктемді «көк тоқсан», жазды «жаз тоқсан», күзді «күз тоқсан» деп төрт тоқсанға бөлген. Сол төрт тоқсанмен ауа райын межелеп отырған. Мәселен, наурыздың 9 мен 16-сы аралығында «Әз амалы» кіреді. Осы уақытта аспаннан дауыс естіліп, оны төрт түліктің ішіндегі қой ғана ести алады деген аңыз бар. Егер адам баласы Әз дауысты еститін болса, жеті атасына дейін бақытты әрі өмір жолы ұзақ болатын көрінеді. «Әз амалы» кірген күндері ауа райында өзгерістер болады. Мысалы, қар жауады, жел тұрады, боран соғады. Айдың 19 мен 26-сы аралығында әз-Наурыз амалы кіреді. Ал сәуір айының 10 мен 15-ы «От амалына» аяқ басамыз. Шөптің шыға бастауы осыған тұспа-тұс келеді. 20-25-і аралығында «Сәуір амалы» кіреді. Мамыр айының 10-15-інде «Сартан» дейтін амал кіреді. «Сартан» – арабша жұлдыз аты. Осы мамырдың 20-25-іне «Зауза амалы» енеді. Қазақтың «Сартан-Рауза» амалы деп жүрген амалын кейбір жерде «Құралайдың салқыны», «Құралай киік», «Бескемпір» деп әртүрлі атайды.
Жалпы, ата-бабамыз алдамшы күннің қаупінен әркез сақтанып отырған. Мезгілі жетсе де жылы киімін иыққа іле жүріп, тіршілігінің тұтқасына айналған төрт түлігін көзден таса етпеген. Жыл сайынғы дағдысына сай жылы жақтан құстар ұшып келе бастайды. Дәл осы тұста қар аралас жаңбыр жауып, суық жел тұрады. Ауа райы күрт бұзылады. Мұны халық «Құс қанаты» деп атаған. Сондықтан да наурыз айының соңғы күндері ауа райы осылайша күрт өзгерсе, қариялар «жарықтық, «Құс қанаты» ғой бұл» деп жатады. Ұзамай қар еріп, жер лайсаң болатын шақ та – осы. Табиғаттағы бұл құбылмалылық артынша жауыны мол, дауылы зор «Бесқонақ» амалына жалғасады. «Бесқонақ» келген кезде көктем шуағына жылынып тұрған дала борап, жаңбыр мен қар жауады. Күн суытып, қыс қайта басталғандай әсер де болуы мүмкін. «Бесқонақ» күндері қазақ сапарға шықпаған, малды да алыс жерге жаймаған. Себебі бұл күндері ауа райын болжау қиын. Бұл құбылыстың «Бесқонақ» деп аталуына қатысты аңыздар жетерлік. Соның бірінде баяғыда бес адам жаз шыққан екен деп жеңіл киініп, екінші ауылға қонаққа кеткен. Бірақ жолда күн суып, қарлы боран соғып, қақаған қыс қайта келіпті. Сол кезде жолдағы бес қонақ дүниеден өтіпті. Содан кейін бұл күндерді «Бесқонақ» деп атап кеткен» деседі.
Тағы бір айта кетерлігі, наурыз айындағы елжіреген күн көзіне малшы, егінші қауым аса сене бермейді. Қар күрт ерігенімен, кенеттен алай-дүлей қар борап, аласапыран болып кетеді. Малшы халықтың қарбаласқа толы тыным көрмейтін шағы да осы айда қозады. Қой түлігі де жаппай төлдей бастайды. Ол ел аузында «Қой төгіні» деген атаумен қалған. Бұрын бала күнімізде үлкендер көктемнің алғашқы айындағы салқында ақпанның үскірік аязынан да қатты ызғар болады деп айтып отырушы еді. Себебі, онда сау адамның өзін жарға жығып кететін күш бар көрінеді. Сөйтіп, «Сәуір болмай, тәуір болмайды» демекші, мамыражай мамырға таман ғана күн райы тұрақталады. Бұл уақытта жайдарлы жаздың лебі есіп, адамдар арқасын кеңге сала бастайды, – дейді этнограф-ғалым.
Этнограф, эколог, құсбегі, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Жапар Сатылғановтың болжамынша, биылғы көктем жанға жайлы болмақ.
– Жалпы, жыл құстарының ішінде сарбауыр көкала торғай көктемнің хабаршысындай болып бірінші оралады. Одан соң көкек келеді. Міне, осы екеуі көктемнің жеткенін алғашқы болып білдіреді. Көктегі айдың тууынан аңғарғаным – алда қара суық күндер болуы мүмкін. Алайда биылғы көктем ерте шығып, мал да, адам да тойынатын мамыражай қалыпта өтеді, – дейді Жапар Тілеужанұлы.
Осы тұста «Қазгидромет» РМК мамандарының наурыз-мамыр айларына арналған ауа райы болжамына зер салған едік. Олардың мәліметінше, көктемнің алғашқы айы – наурызда Қазақстанның солтүстік облыстарында қыс мезгіліндегідей суық ауа райы күтіледі, қар жиі жауып, бұрқасын болады. Жер көктайғақ болып, тұман түседі деп болжанады. Ауа температурасы түнде -15-25°С-қа түсіп, аяз болады. Елдің солтүстік, орталық және шығысында бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз +2+7°С көрсетіп, жылымық сезіледі. Айдың үшінші онкүндігінде ауа температурасы +5+15°С-қа көтеріледі. Ал Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс өңірлерінде наурызда жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) жиі болады. Ауа температурасы түнде 0-10°С-тан +3+8°С-қа дейін, күндіз +10°С-тан +18°С-қа дейін көтерілуі байқалады. Наурызда бір айдағы орташа ауа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде нормаға сай, елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары, Қазақстанның оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс бөлігінде нормаға шамаласады. Сәуір және мамыр айларында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде. Тек мамырда елдің солтүстік-батыс жартысында температуралық фон нормаға шамалас болмақ.
Сәуір айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын климаттық нормаға сәйкес, солтүстік-батыс аймағында нормадан аз, елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығысының таулы аймақтарда қалыптыдан жоғары болады. Мамыр айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға сәйкес болады деп болжанып отыр.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ