Қалалық қоғамдық-саяси газет

Берекені арттырған байқау

0 134

Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Отбасы – қоғамның негізі» тақырыбында кездесу өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Сәкен АБЖАПАРОВ

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында жүзеге асырылып жатқан «Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты ұйымдастыру» жобасы шеңберінде бүгінде бірқатар ауқымды істер атқарылды. Аталған кездесуді осы жобаның бір тармағы деуге болады. Жиынға жеке кәсіпкер Меруерт Лештаева, «Goodmaker» ЖШС-нің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әмина Қайназарова, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының Ассоциациясы» ЗТБ-ның төрайымы Айнұр Заурбекова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының лекторы, психология магистрі, «НИКА» коммуникативтік дамыту орталығының тренері Гүлнар Сарытай, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Д.Ералиева, Халықты жұмыспен қамту орталығының қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және микроқаржыландыру бөлімінің басшысы Ж.Қалқабаев қатысты.

Жуырда облыстық іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен Отбасы күніне орай «Менің отбасылық демалысым» тақырыбында бейнероликтер байқауы ұйымдастырылған болатын. Жоба өңірдегі түрлі жағдайдағы отбасыларға ақпараттық көмек беріп, қолдау көрсетуге, берік отбасылық қарым-қатынасты, перзенттеріне жауапты ана мен әке болуды және бос уақытты белсенді өткізуді үйренуге бағытталған. Тараз қаласы мен алыс-жақын аудандардан екі кезеңнен тұратын сайысқа 22 отбасы қатысты. Байқау шарты бойынша бірінші кезеңде әр үміткер қысқа видео түсіріп, өзінің жанұясы туралы пост жазуы керек болатын. Ең көп лайк пен пікір жазылған жұмыстар екінші турға өтті. Ал екінші кезеңнің талаптары бойынша үміткерлер өз жанұяларының креатив суретін өз аккаунттарында жариялап, өзгелерден ерекше отбасылық дәстүрлері туралы баяндап беруі керек болатын. Жүлдеге тігілген үш сыйлық байқаудың барлық шарттарын орындаған әрі бірден көзге түскен үздік ондықтың арасынан таңдалды.
Телесбаевтар отбасы үшінші орынды иеленіп, фотограф Анастасия Лиденнің отбасылық фотосессиясына сертификат жеңіп алды. Қабыл мен Жанат Юсуповтар құрметті екінші орын тұғырынан көрініп, «Ratatouille» мейрамханасының сертификатына ие болды. Бас жүлдені Фариза Қырқымбаева мен Асылбек Орынбектің әулеті қанжығаларына байлады. Интернет қолданушыларының да, қазылар алқасының да зор бағасына ие болған жанұяға Меркі ауданындағы «Тұран» демалыс аймағына сертификат табысталды.
– Жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің алғашқы жеңісіміз емес. Студент кезімізден түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанып келеміз. Карантиндегі демалыста түсірген бейнеролигіміз интернет қолданушыларына ұнағанына шын жүректен қуаныштымын, ал әділ қазылар алқасына біздің креатив фотосуретіміз ұнапты, – дейді жеңімпаз Фариза Қырқымбаева.
Байқауға қатысып, белсенділік танытқан барлық отбасылар жеңіске әбден лайық. Сол себепті де ұйымдастырушылар қалған 19 жанұяны ынталандырып, сый ретінде түрлі фотоальбомдар, сандықшалар мен экоүйшіктер тарту етті.
Сонымен қатар жиын барысында арнайы шақырылған қонақтар «Отбасы, ошақ қасында өз бизнесін дамыту, табыс табу», «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және микроқаржыландыру», «Бақытты отбасының құпиясы, позитивті көзқарас» тақырыптарында сөз сөйлеп, сұрақтарға жауап берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.