Еліміздің небәрі отыз жылдың ішінде-ақ әлем елдерімен терезесі тең мемлекет болуында Ассамблеяның сіңірген еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мамедова Парида Иманжанқызымен сұхбаттасып, көкейімізде жүрген сұрақтарға жауап алған едік.

– Парида Иманжанқызы, Елбасының сарабдал саясатымен құрылған теңдессіз институт Қазақстан халқы Ассамблеясы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің нағыз қамқоршысына айналды. Бүгінде осы Ассамблея қызметін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін құрылған «Қоғамдық келісім» мекемесіне қазіргі уақытта басшылық етудесіз. Алдымен өзіңіз басқарып отырған Достық үйінің жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Достық үйі – Жамбыл жеріндегі ынтымақ пен бірліктің, бейбітшілік пен мамыражай өмірдің ерекше символы. Қазіргі уақытта өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымына ғылыми-сараптамалық топ, Қоғамдық келісім кеңестері, аналар, медиаторлар, қолданбалы өнер шеберлері клубы, журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақ желкен» жастар лигасы, «Айбын» жастар әскери-патриоттық клубы кіреді.

– Сіз мұнда басшы қызметіне келгелі көп уақыт өткен жоқ. Үлкен ұжымды басқару ауыр соқпады ма?

– Ең бастысы – ұжымым мені сыйлайды, құрметтейді және өзара тату. Мен де соған лайықты басшы болуға бар күш-жігерімді салудамын. Барлық жағдай уақыттың еншісінде.

– Жамбыл облысында қанша этномәдени орталық бар? 26 жыл ішінде Ассамблея қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық аккредиттеуінен өткен 34 этномәдени бірлестік бар. Облыстық Ассамблеяда қандай да бір іс-шара болмасын, барлық этномәдени бірлестіктер мен ҚХА мүшелері үнемі белсенділік танытып келеді. Жетістіктерге ден қойсақ, басым бағыттардың бірі – қайырымдылық. Осыған орай жыл сайын меценаттар мен демеушілер форумы өткізіледі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті құрған «Жомарт жан» төсбелгісімен ҚХА мүшесі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Юрий Минаков және «Ахыска» облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев, Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов марапатталды.

– Жамбыл этностарының мемлекеттік тілді меңгерудегі жетістіктері қандай? Өзіңіз қазақша жақсы сөйлеп жүрсіз ғой. Оны меңгеруге қанша уақытыңыз кетті?

– 2020 жылы ҚХА төрағасының экс-орынбасары Жансейіт Түймебаевтың бас-тамасымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» республикалық жобасы орын алды. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған аталмыш тіл форумына облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы штаб мүшелері, «Радонеж» орыс бірлестігінің мүшелері В.Трегубова мен Р.Прияхина және «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Д.Нуралиева ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев және ҚХА төрағасы орынбасарының Алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал 2021 жыл бойынша Жамбыл этностарының мемлекеттік тілді меңгерудегі жетістіктеріне келетін болсақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында қалыптасқан, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңын биыл басқаша форматта өткізуді жөн көрдік.
Өмірде қандай жетістікке жетсем де, бұл аяулы ата-анамның тәлімді тәрбиесінің арқасы. Жанұямызда дұрыс тәрбие беруге тырысып баққан марқұм анашым Рабия Исмаилқызының ерен еңбегін айрықша атап өткім келеді. Анашымның өзінің ерекше тәрбиеге тұнып тұрған әдемі жүріс-тұрысы, Қазақстан этностарының түрлі әндерін нақышына келтіріп орындайтын өрелі өнері мен композиторлық таланты біздің бойымызда адами қасиеттердің қалыптасуына зор ықпал етті. Міне, осындай игі қасиеттердің арқасында мен өз ана тіліммен бірге мемлекеттік тілді де, басқа тілдерді де білуге құштарлығым шексіз еді. Мұнда тұратын әрбір қазақстандық қазақ тілін білуге міндетті деп ойлаймын. Орта мектепті орыс тілінде тәмамдасам да, отбасымызда өзімнің ұйғыр тіліммен қатар, қазақ тілінде де еркін сөйлесіп жүрдік.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Жалпы Аналар кеңесі туралы айтып берсеңіз?

– Аналар кеңесінің отырыстары Қазақстандағы гендерлік саясатты дамыту мәселелері, өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға көмек көрсету және қолдау, сондай-ақ «Этностардың қазақстандық алуан түрлілігін рухани-мәдени танымал ету» мәдени-ағарту жобасының тұжырымдамасы және «Этносаралық ортадағы жанжалды көріністерді қабылдамауға бағытталған әлеуметтік нұсқауларды әзірлеу арқылы медиация институтын дамыту» және т.б. сол сияқты әлеуметтік маңызды мәселелерге бағытталды.
ҚХА Аналар кеңесі «Жаныңда жүр жақсы адам» акциясы аясында науқас әйелдің отбасына, «Көршіңе көмектес» акциясы бойынша мүгедекке арба әперуге ықпал етті. Алғыс айту күніне орай «Мейірімді жүрек» акциясы аясында ҚХА Аналар кеңесі 200 000 теңге көлемінде көмек көрсетті. 1-27 наурыз аралығында Жамбыл облысында этносаралық жағдайды зерделеуге арналған «Бейбітшілік және келісім» пилоттық жобасы аясында «Этно және конфессияаралық келісім» тобының ақпараттық түсіндіру тобы құрамында Меркі, Жамбыл, Талас, Қордай аудандарында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша көшпелі отырыстар өткізіп, Меркі ауданында аудандық бюджеттен әйелдер мәселесіне байланысты қаражат қарастыру, әлеуметтік қор құру, әйелдердің азаматтық алуына жеңілдік қарастыру, Шу ауданы Қонаев ауданында оқушыларды тасымалдау, Талас ауданында шалғай аудан мектептерінде оқушылар тамақтануын ұйымдастыру, Байзақ ауданында мектепке дейінгі балалар дамыту орталықтарын ашу, Жамбыл ауданында үлгілі отбасылар, аналар мәртебесін көтеру, мектептерде ерте жүктіліктің алдын алу туралы 26 мәселенің 14-і жергілікті деңгейде қарастырылып, 12-сі тиісті орындарға жолданды.

– Өңірлік ҚХА-ның Бірлескен қоғамдық келісім кеңесі мен Ардагерлер кеңесінің қарым-қатынасы қандай деңгейде?

– Бірлескен қоғамдық келісім кеңестері Қордай, Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарында облыс әкімінің 1 маусымдағы №91 хаттамалық тапсырмасына сәйкес құрылған. Қазіргі уақытта 9-ға тарта Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің мүшелеріне Ардагерлер кеңесі, мектеп директорлары, ауыл ақсақалдары, этномәдени бірлестіктері, зиялы қауым өкілдері, мешіт имамдары енгізілді. Жалпы кеңес мүшелерінің саны – 143, өзге этнос өкілдері – 63 адам. I тоқсанда өзекті мәселелер бойынша Қоғамдық келісім кеңесіне 69 өтініш келіп түсті, 34 өтініш шешімін тапты, 35-і орындалу үстінде. Жамбыл облысы әкімінің «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарында Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің «Бірлік пен келісімді нығайтудағы жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды үйлестіру» тақырыбында кеңейтілген отырыстары өтті. Отырыстар барысында 42 мәселе көтеріліп, оның ішінде 23 мәселе жергілікті деңгейде қарастыруға шешімін тапса, 19 мәселе тиісті органдарға жолданды.

– Осы айдың аяғында Қазақстан халқы Ассамблеясының республика деңгейінде 29-шы сессиясы болмақ. Облыстық Ассамблеяның кезекті сессиясы қашанға жоспарлануда? Осы жөнінде не айтасыз?

– Елімізде орын алып жатқан кез келген дүниеге халық болып үн қатамыз. Барлық іс ел Президентінің сындарлы саясаты негізінде жүзеге асатын болады. Алдымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрге айналған кезекті сессиясына қатысушы әрбір Қазақстан азаматы өзін зор жауапкершілік күтіп тұрғанын ұмытпағаны абзал. Өйткені осы үлкен диалогтық алаңда білім деңгейі көрініп, пікір, тәжірибе алмасу, ел арасындағы түйткілді мәселелердің шешілуі жолында тың идеялар ұсынылып, жүйелі жобалар жүзеге асады. Өткеннің кемшіліктерінен дұрыс нәтиже шығарып, жетістіктерін пайдалана отырып, болашаққа нық қадам жасай келе, жаңа таным, жаңа көзқараспен алға ұмтылу – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің өз атқарған істерінен күткен нәтижесі. Ең бастысы, әрбір сессия Ассамблея құрылымдарының Қазақстан бойынша өткен жылдағы атқарған жұмыстарының қорытындысын шығаруға мүмкіндік береді және соның негізінде келелі жоспарлар жобасы жасалады. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуымен бірге, еліміздегі елеулі оқиға Конституциямыздың 25 жылдығын атап өттік. Қазақстан халқы өмірінің осы межесіне жеткенде нағыз бірлік пен патриотизмнің, өз жеріне және халқына, оның мәдениетіне, жалпы құндылықтарына, мақсаттары мен міндеттеріне деген сүйіспеншіліктің барына нақты көз жеткіздім. Қазақстан – экономикалық және саяси табысты, бейбітті және тұрақты мемлекет. Мен біздің халқымыз бірлік пен келісімді сақтай отырып, уақыт сынына адал жауап беріп, жаңа биіктерге жете алатынына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рақмет!

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған