Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бауырлас елдердің достығы берік

0 9

Шаһардағы Достық үйіне Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов бастаған өзбек делегациясы арнайы келіп, аймақтағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және өзбек ұлтының өкілдерімен кездесті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Қонақтар алдымен облыстық этномәдени бірлестіктердің экспозицияларын және өзбек этномәдени бірлестігінің көрмесін тамашалады. Артынша түрлі ұлт пен ұлыстың тұтастығын айғақтап тұрған сәні мен сәулеті келіскен Достық үйін аралады. Бұдан кейін қонақтар кездесу өтетін залға беттеді. Жиында бауырлас екі елдің саясаты, аймақтағы өзбек этносының хал-ахуалы сынды ортақ мәселелер қозғалды. Кездесуді жүргізіп отырған Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жаманкөзов облыстағы Ассамблея мен этностар туралы жалпы ақпарат беріп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас Кеңес дәуірінен бұрын да берік болғанын атап өтті. Бұдан соң сөз сөйлеген Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов те басқарма басшысының сөзін қостады.

– Биыл Өзбекстан үшін ерекше жыл. Себебі біз де тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз. Сонымен қатар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына да 30 жыл болыпты. Бауырлас халықтың арасындағы байланыс жан-жақты нығайып жатқанына қуаныштымыз. Біз осы сапарда Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларын араладық. Тараздан әрі Түркістан мен Шымкентке баруды жоспарлап отырмыз. Мұндағы басты мақсат – 24 қазан күні өтетін Өзбекстан Президентін сайлауда Қазақстанда уақытша тұрып жатқан өзбек азаматтарын саяси науқанға белсенді қатысуға шақыру болып табылады, – деді ол сөзін түйіндей келе.

Кездесуде Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов ұлттар достығы жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын, сонымен қатар елімізде өзбек ұлтынан шыққан азаматтардың жемісті еңбек етіп жүргенін атап өтті.

– Достық үйі – барлық этнос өкілдерінің басы қосылатын, түрлі мәселелер талқыланатын бірегей алаң. Жергілікті өзбек этностары туралы айтар болсам, қыз беріп, қыз алып құдаласып жатқан Қазақ елімен туыстас, бауырлас халықпыз. Мұнда бізді ешкім де бөліп-жарып, алалаған емес. Керісінше, барынша қолдау көрсетуде. Одан өзге, осы залда медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, Ауған соғысының ардагерлері, құқық қорғау қызметкерлерінің өкілдері отыр. Әрине, облыста уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматтарының өз еліндегі сайлауға атсалысуына мейлінше үлес қосамыз, – деді Бахром Муминов.
Жиын соңында кездесуге қатысқан өзбек ұлтының өкілдері делегация мүшелеріне сұрақ қойып, ізгі тілегін жаудырды. Сұрақ қойған азаматтардың қатарында екі елдің арасындағы шекара мәселесі туралы білгісі келгендер де болды. Бұған делегацияны бастап келген Мехриддин Хайриддинов әлемдік пандемияға байланысты шекара асу үшін ПТР-тест және оқшаулау шаралары маңызды екенін және жағдайдың барлығы эпидемиялогиялық ахуалға байланысты екенін айтты.
Қазақстан өткен 30 жылда көрші елдермен байланысты нығайтып, сан салада тәжірибе алмасумен қатар, ынтымақтасты одан әрі дамытуға күш салып келеді. Өзбекстан елінен келген делегацияның да мақсаты сол – екі ел арасындағы ынтымақтастық пен татулықты нығайту бағытында болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.