Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақта бата беру – өте құрметті іс, өйткені бата – қасиетті сөз. Батаны ақсақалдар, елге танылған адамдар, жолы үлкен кісілер береді.
Осы орайда Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Батаменен ел көгерер» атты батагөй қариялар байқауы өтті.
Бата беру дәстүрін дәріптеу, өскелең ұрпақты үлкендерді құрметтей білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеуді мақсат еткен сайыс батаның данагөйлігін ұрпақ бойына сіңіруге бағытталды.
Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өткізілген шараны ашқан Жамбыл облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова бата беру – жақсы ниет, өнегелі өсиет білдірудің ұлттық дәстүрі екенін айтып, батагөй қарияларға сәттілік тіледі.
Бойымыздағы сіңіп кеткен өміршең жанр, ұлттық код, ұлттық құндылығымызды дәріптеген болған байқау қатысушының дайындап келген өз батасын беру, ел есіндегі белгілі тұлғалардың батасын оқу және ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты сұрақтар қойылған үш бөлімнен тұрды.
Жиналған көпшілік қауым ата-бабаларымыздан батаның небір жауһар үлгілері сақталып келгеніне куә болды. Ұлттық салт-дәстүр бойынша айтылатын тілек түріндегі баталарды естіді, қазақы дәстүрдің жанданғанына қуанды.
Байқауға қатысқан 5 үміткердің өнерлерін сараптай келе, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев бастаған әділ қазылар алқасының ұйғарымымен жүзден жүйрік шыққан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің ардагері, запастағы полковник Сауранбек Жамалбеков бас жүлдеге лайық деп танылды. Жеңімпаз қария батагөйлердің облыстық байқауына жолдама алды. Жүлделі ІІ орын Орынбай Рысбаевқа бұйырса, Жаңабек Сұлтанбеков, Қилыбай Сүлейменов, Аманбала Қасымбеков сынды батагөй қариялар ІІІ орынды қанағат тұтты.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова байқауға қатысушыларды арнайы дипломмен марапаттап, қаржылай сый-сияпат жасады.
Қасиетті сөздер айтылып, мағыналы баталар берілген мерекелік шара ұлтымыздың құндылықтарын дәріптеу, кейінгі жастарға осы дәстүрді жаңғыртып, оларды имандылыққа тәрбиелеуімен есте қалды.
Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер
кеңесінің мүшесі