Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бас жоспарға атүсті қарауға болмайды

Қалаға қосылатын ауылдардың әлеуметтік жағдайы қандай?

0 397

Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп келеді. Бас жоспарға сәйкес, шаһар шекарасына Жамбыл мен Байзақ ауданының ауылдары да қосылады деп күтілуде. Алайда ол үшін үлкен дайындық пен жүйелі жұмыс қажет. Міне, осы мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты талқыланды.

Жиында ең әуелі Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жайықбай Шалдаров баяндама жасап, шаһардың Бас жоспарына түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасы туралы ұсыныстарға тоқталды.
Облыс әкімі өз кезегінде Байзақ және Жамбыл аудандарының қаланың іргесіндегі бірқатар аумақтарын облыс орталығына қосылу жоспарының орындалу барысына айрықша назар аударып, одан туындайтын әлеуметтік мәселелердің шешу жолын бүгіннен пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі жер екенін ескертіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің бөлінісіне жіті көңіл бөлу керектігін баса айтты.
Нұржан Молдиярұлы Таразда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде тұрғандардың мәселесін шешу жоспарын сұрады. Қазіргі таңда бұл бағытта кезекте тұрған азаматтардың жалпы саны – 102 925 адам. «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылғаннан кейін 1 айдың өзінде 30 мыңға жуық азамат тіркеліп үлгерген.
Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркінбек Бижігітовтің айтуынша, Тараз қаласының Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, «Қарасу» (Құмшағал) алқабына инфрақұрылым жүргізіліп, жер телімдерін (1460) беру жұмыстары қолға алынған. Қазіргі уақытта жер кезегінде тұрған алғашқы 4477 адамға хабарландыру қағазы жіберілген. Бұл жолы 2005 жылы кезекке тұрғандар толығымен және 30.06.2006 жылға дейін жер кезегіне тіркелген азаматтар қамтылмақ.
Сондай-ақ бүгінде Орталық базарға қарама-қарсы 312 гектарға жуық жер телімін мемлекет мұқтажы үшін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер телімдері алынған соң, құрылыс бөлімі инфрақұрылым тартуды бастамақ. Осы жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі азаматтарға берілетін болады.
Бұдан бөлек, қалада биыл 42 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыс әкімі осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарды көрсете білу, тұрғындарды хабардар ету шараларын жан-жақты ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Біз Тараз қаласының Бас жоспарын қараған кезде өзіндік көзқарасымызды қалыптастыруға назар аудару керекпіз. Шаһардың тарихи келбетін, дизайн-кодын сақтауға тиіспіз. Бұл бағытта нақты жүйе қажет. Қаланың ішкі және сыртқы бөліктері сол жүйе негізінде дамып отырғаны дұрыс. Сондай-ақ біз алдағы үш жылда қандай жұмыстар атқарамыз, қандай құрылыс салып, инфрақұрылым жүйелерін тартамыз, соны да нақтылап алуымыз керек, – деген Нұржан Нұржігітов жауаптыларға нақты міндеттер жүктеп, бұл мәселе екі аптадан соң қайта қаралатынын баса айтты.
Сонымен қатар басқосуда Тараз қаласының №15 ықшамауданының жылыту жүйесі, шалғай елді мекендер мен 28 саяжайға инфрақұрылым (газ, ауыз су, электр энергиясын) тарту шаралары талқыланды. Аталған мәселелер осы жылы шешімін табатын болады. Ол бойынша аймақ басшысы қажетті негіздердің жеткілікті екендігін, тек жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізу керектігін ескертті.
– Тұрғын алқаптарда неге жарық жиі өшіп қалады? Қарапайым тұрғындар мәселенің шешімін жеке компаниялардан емес, бізден күтеді. Біз дұрыс ұйымдастырып, қадағалау шараларын жүргізуге тиіспіз, – деді облыс әкімі.
Жиында қала көшелерінде жол белгілерін реттеу мәселесі де қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

Жұматай Көксубай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.