Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барыс жылының басты оқиғалары

0 506

Әлем жұртшылығы тағы бір жылды артқа тастады. Биылғы жыл қазақстандықтардың есінде елеулі өзгерістермен қалғаны анық. Осы орайда біз өткенге көз жіберіп, барыс жылының басты оқиғаларына шолу жасаған едік.

«Қасіретті қаңтар»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Алайда барыс жылының басты оқиғасы қаңтар қасіреті болды десек, артық емес. Жаңа жыл мерекесінен кейін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында халық сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етіп, алаңға шықты. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. Кейін өзге өңірлер де үн қатып, бірнеше облыста бейбіт шерулер басталды. Ізінше Үкімет таратылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, сұйытылған газ, бензин және дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу енгізілді. Алайда толқу күшейе түсті. Оның соңы жаппай тәртіпсіздікке, террорлық шабуылға ұласты. Бүлікшілер әкімдік ғимаратын өртеп жіберді, Президент резиденциясын басып алды, дүкендерді, сауда орталықтарын, банк кеңселері мен банкоматтарды қиратып, тонады. Осыған байланысты Президент республика бойынша төтенше жағдай режимін жариялады. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді», – деп ашық айтты.
Елдегі жағдай тұрақталғаннан кейін Үкіметтің жаңа құрамы жасақталып, тұрғындардың талабы орындалды. Осылайша өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті. Алайда Бас прокуратураның дерегі бойынша, аталған оқиға салдарынан 238 адам қаза тапқан. Бүгінгі күні 176 адамның қаза болу мән-жайлары анықталып, тергеу жалғасуда. Оның ішінде Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында көз жұмған 19 құрылымдық күштер қызметкері де бар.

Жаңадан үш облыс құрылды

Қасіретті қаңтар оқиғасы еліміздегі ауқымды өзгерістерге жол ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыздағы халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы осыны анық аңғартты. Әсіресе еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына енгізілген өзгерістер көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл жөнінде Президент: «Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды», – деді. Осылайша елімізде жаңадан 3 облыс құрылды. Соған сәйкес, жаңа облыстар пайда болғаннан кейін ел әкімшілік түрде 20 аумаққа, яғни 17 облыс және республикалық маңызы бар үш қалаға бөлінді. Атап айтсақ, Ұлытау облысы – ең үлкен өңірлердің бірі. Оның құрамына Жаңарқа, Ұлытау сынды 2 аудан және Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев секілді 3 қала енді. Жезқазған – мыс өнеркәсібінің қозғаушы күші. Ол аймақтың әкімшілік орталығына айналған. Жаңа облыстың халқы – шамамен 226 мың адам. Ал Абай облысы Шығыс Қазақстан облысынан бөлінді. Өңір орталығы Семей қаласы болды. Облысқа Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Үржар аудандары мен Семей және Курчатов қалалары кіреді. Облыс халқы – шамамен 640 мың адам. Алматы облысы құрамынан бөлінген аймақ Жетісу облысы деп аталды. Онда 650 мыңға жуық адам тұрады. Облыстың әкімшілік орталығы Алматы облысының бұрынғы орталығы Талдықорғанда орналасқан. Облысқа Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары мен Талдықорған және Текелі қалалары енеді. Ал Алматы облысының орталығы ретінде Қапшағай қаласы белгіленіп, оның атауы Қонаев деп өзгертілді. Сондай-ақ биыл елордамыз Президент Жарлығымен араға 3 жыл салып қайтадан Астана атауына ие болды.

«Nur Otan» «Amanat»-қа айналды

Еліміздегі жетекші партия «Nur Otan» енді «Amanat» деп аталады. Мұндай шешім партияның кезектен тыс съезінде қабылданған болатын.
– Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-катерлер пайда болды. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз жаңа қадам басып, Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Бұл – алдағы тағдырымызды шешетін маңызды жұмыс. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсаттарды айқындап алуымыз керек. Партияның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Бірнеше ұсыныстың ішінде «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл – киелі ұғым. Кең байтақ жеріміз, еліміз – бізге аманат. Оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек», – деген Мемлекет басшысы партияның атауын өзгертуді қолдайтынын осылай жеткізген. Партия төрағасы болып Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов сайланды. Партиядағы жалғыз өзгеріс бұл ғана емес. Президенттен бастап Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері партия құрамынан шығарылды. Сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынды. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізілді

Еліміздегі саяси өзгерістердің дені 5 маусымда өткен республикалық референдумда халық талқысына ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 11 734 642, оның дауыс бергені – 7 985 769 немесе 68,05 пайызды құраған. Ал референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың са- ны – 6 163 516 немесе дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызы болса, теріс шешімді қолдаған азаматтардың саны 1 490 470 болған. 205 924 бюллетень жарамсыз деп танылған. Осылайша Ата Заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді.

13 жылдан кейін қайта оралған мереке

Биыл Қазақстан халқы 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлады. Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында айтқан болатын.
– Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн.
Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды.
Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII Жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.
Сонымен қатар 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні «мемлекеттік мереке» мәртебесінен айырылды.

Президенттің өкілеттік мерзімі қысқарды

Еліміздің саяси өміріндегі өзгерістер 20 қараша күні өткен Президент сайлауымен түйінделді. Президент қыркүйек айындағы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді», – деген еді. Осылайша, 6 үміткер қатысқан саяси додада сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде жеңіске жетті.

Тау тұлғалардың торқалы тойлары

Барыс жылы қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тау тұлғалардың мерейтойларымен де ерекшеленді. Мерейтойлардың шымылдығы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығымен түрілді. Тараз төрінде ұлт мақтанышына арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Оның биіктігі, тұғырымен қоса алғанда 8 метрге жетеді. Айта кетейік, монумент авторла-ры – Дулат Үсенбаев, Қанат Бигулиев, Данияр Сарбасов және Әлімжан Тоқбаев. Сондай-ақ биыл Жамбыл жерінде Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы да кең көлемде аталып өтті. Әуелі Таразда Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіші қойылды. Демеушілік қаражат есебінен жасалған ескерткіш қоладан құйылған. Тұғырдың биіктігі 4 метрге жуық, ал мүсіннің жалпы биіктігі 7,7 метрді құрайды. Ескерткіштің авторы – мүсінші Айдос Бүркітбаев. Оның жұмысы «Көне Тараз» қоғамдық қоры жариялаған байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған.
Таразда басталған торқалы той қаламгердің туған жері Талаптыда түйінделді. Мұнда тау тұлғаның әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды. Музейге жазушыға тиесілі тұрмыстық заттар, оның құжаттары, дипломдары, марапаттары, медальдары, отбасымен және достарымен бірге түскен фотосуреттері қойылған. Халық жазушысының ауылдастары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Шерхан Мұртазаның кабинетін, кітапханасын дәл сол қалпында көріп, тамашалады. Ғимараттың үшінші қабатында бильярд залы бар. Шерхан Мұртаза бір кездері тек қарымды қаламгер ғана емес, бильярд ойынының шебері ретінде де өзін көрсете білген. Сондай-ақ осы жылы Тараздағы №30 мектеп-гимназиясы мен Баспасөз үйіне Шер-ағаның есімі берілді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы да назардан тыс қалмады. Кемеңгердің кіндік қаны тамған Сарытүбекте мұражай-үйі жаңадан салынды, кесене бой көтерді. Сонымен қатар Алматы мен Торғайда ұлт ұстазының алып мүсіні алыстан менмұндалады.

Облысымызда атқарылған оңды істер

2022 жыл облысымыз үшін де жағымды жаңалықтар мен ілкімді істерге толы болды. Солардың ең негізгісі ретінде көне шаһар Тараздың Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгенін айтуға болады. Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бері құрылып, бүгінгі таңда бұл тізімге дүниежүзінің 59 қаласы енген. Сондай-ақ Тараз аталған тізімге енген Қазақстандағы алғашқы қала болып отыр.
Жамбылда енді тыңайтқыш өндіру ісі де өрістей түспек. Оның дәлелі – Таразда «Қазфосфат» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа цехы іске қосылды. Жаңа цех жылына 500 мың тонна аммофос шығара алады. Осылайша кәсіпорынның минералды тыңайтқыштар өндірісінің жылдық қуаты бір миллион тоннаға дейін артып отыр.
Сонымен қатар биыл облысымызда Оқушылар сарайы, білім беру нысандары мен полиция, дәрігерлік пункттер пайдалануға берілді. Тағы бір айта кетерлігі, 1 желтоқсаннан бастап Таразда қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сергек» жүйесі іске қосылды.
«Сергек» – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуші кешен. Қоғамдық орындарда, қаланың қылмысқа бейім аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында бейнебақылау камералары орнатылды. Тараз қаласында жоба бойынша 1 250 жалпы бақылау камерасын орнату қарастырылған. 48 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) қаланың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

P.S. Бұл ағымдағы жылдың айшықты өзгерістерінің бір парасы ғана. Бұдан бөлек, Екібастұздағы жылу электр стансасындағы апат, Қостанайдағы алапат өрт, Қарағандыдағы шахтада болған жарылыс сынды оқыс оқиғалар да барыс жылының еншісіне жазылды.
Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген аталы сөз бар. Сондықтан да қоян жылы бұдан да жарқын жетістіктермен қуантатынына үмітіміз басым.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.