Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барыс текті, арыстан жүректі Шер-аға

0 5  034

Шынның жүзіндей Шерхан Мұртаза туралы сөз қозғағанда, ол кісінің өзіндей тереңдік бойымыздан табыла қоймағанымен, сонау тұңғиықтан орағытып әкелетін сыралғы сырлар ойымыздан суыртпақталады.
Барлығы ойламаған жерден басталды өзі. «Қолда барда алтынның қадірін біл» деген асыл сөзді жаттап өскенімізбен, жадыға тоқығанымыз шамалы болғандықтан шығар, көзі тірі тұлғаларымыз тұрмақ, жанымызда жүрген қарапайым жақсылар мен жайсаңдарды бағалай бермейтін ұрпаққа айналғанымыз рас.

Бірде Таразға баратын іссапарымды пайдаланып, Шерхан Мұртазаны іздеп тауып алғым келетіні туралы ойымды айтқанда, жұбайым жүзіме аңтарыла қараған. Не алыс, не берісім жоқ, мен түгілі, менен де зордың бірін таныса, бірін танымайтын кәдімгі Шерхан Мұртазада менің нем бар? Ойын іштей әбден пісіріп алмайынша, сыртқа ешқашан шығара қоймайтын менің шынымен де алған бетімнен қайтпайтынымды сезді ме, күйеуімде артқа шегінер жол жоқ еді. Сөйтіп, үнсіз келіскен сыңай танытты. Өйткені мен оған бұлтартпайтын шешімдерімді жайып салғам.
Ертең Таразға жол жүрем деп отырған менің аяқ астынан Шерхан Мұртазаны да іздеп барам деуіме негізгі себеп – көбінесе елорда жақта жүретін, ол жерге қызмет бабымен болмаса, ат басын бұруға мұршасы бола бермейтін, болса да, лауазымды адамдардың «қолдап, қоршап-қорғауында» жүретін қазіргі қайраткер тұлғаны көзі тірісінде жақыннан бір көру еді. Жақыннан бір көру ғана емес, мүмкіндік болса, амандасып, қолын бір алу. Оның үстіне Шер-ағаның Тараздағы Т.Рысқұлов санаторийіне демалуға келгенінен құлағдар едім. Алматыға бара беруге мұрша бола бермейді. Ал мына Тараз оның қасында біздің Қаратауға тиіп-ақ тұр емес пе?!
Облыс орталығындағы «Төлебай» базарынан таңдап жүріп ағаның иығына ілейік деп бір шапан және оны-мұны сатып алдық. Санаторийден Шерхан көкені табу қиынға соққан жоқ. Ақбілек жеңешеміз екеуі ем-домдарын алып болып, бөлмелерінде дем басып отыр екен. Келімді-кетімді кісілердің көптігінен ығыры шыққанын жұмсақ үнімен жеткізгені болмаса, жеңешем бізге қабағын қатты шыта қоймады. Дастарқанын жайып, шайын жасап, ара-тұра әңгімемізге де емен-жарқын араласып отырды. Менің ішімдегі мұң-шерімді мұқият тыңдап, өзіне арнап жазып әкелген көлемді өлеңімнің аяғына дейін зейінін салған Шерхан көкемнің алдында менің ғана емес, ақынжанды күйеуімнің де бар тынысы ашылғандай керемет бір күй кештік.
Бөлмеден шығып, шипажай ғимаратының алдындағы көлеңкеде де біраз отырдық. Айтпақшы, осы жерде бір қызық жайт орын алды. Маған жан-жағымызда жайбарақат жүрген ем алушы жұрттың көзінше орнынан түрегеп тұрып батасын берген Шерхан аға маңдайымнан сүйіп, ұзын орындыққа қайта отырғалы жатқанда, арғы жағындағы бір жас әйел ол кісіні сүрініп кетер деп ойлады ма екен, ширақ қимылдап екі қолымен демемек болды. Бірақ оған іле-шала:
– Құла-маааай-мыыыын! – деп дауысын соза гүр ете қалған Шер-аға «Тағдырдың талай бұрқасын дауылы құлата алмаған Шерхан қайдағы бір іскәмейкәдан сүрінуші ме еді?!» – деген күйеуім Ерболдың сөзіне үнсіз ризашылығын білдіре, қыран қабағын кеңірек аша, жылы жымиды. Расында, тағдырдың талқысына талай түсіп, тауқыметтің неше атасын көрсе де, қырағылығымен, қырғилығымен қоғам өмірінің қия беліне шығып, қияннан ғана көз тастап үйренген Шерхан еді бұл.
Өзінің роман-дилогиясында: «Парижде болдым, Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым, Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым, олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым, оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді», – деп тебірене толқитын, қайда жүрсе де туған топырағының жусанын аңсап, жұпар ауасын жұтқысы келетін жазушының жетпіс жылдық тойы Тараздың екі мың жылдығымен қатар келгені есте. Сол уақыттардың сәл-ақ алдында ғана еліміздің түкпір-түкпірінен «Шерхан Мұртаза» атты кітап дүкендері ашылған. Тараздың орталық күретамыр көшесінің бірі Төле бидің бойында тұрған «Шерхан Мұртаза» дүкені де кітапқа сусаған жандардың шөлін басуға жараған жақсы бір ошаққа айналды. Іле-шала Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы Ә.Молдағұлова көшесінің №33 үйінде «Атамұра» ЖШС құрылтайшы болған осы Ш.Мұртаза кітап үйінің филиалы ашылды. Сол кездегі Талас аудандық мәслихат хатшысы Әбдірахман Әбдірәсілұлы ағамыздың «Атамұра» ЖШС басшылығы атына арнайы өтініш-хат жазуының арқасында мүмкін болған бұл кітап үйіне әсіресе қарапайым халық, мектеп жасында балалары бар ата-аналар, отбасылары қатты қуанды. Өйткені сол жылдарда «Атамұра» шығарған төменгі сынып оқулықтары ешқандай үстемесіз, арзан, сол баспаның өз бағасымен сатылатын еді. Дүкенде сондай-ақ әдеби кітаптар, әсем безендірілген оқулықтармен қатар, әртүрлі саланы қамтитын анықтамалар, сөздіктер, түсіндірмеліктердің көптігінен көз сүрінетін.
Шерхан Мұртазаның жетпіс жылдық мерейтойы шағын қала Қаратауда да елеусіз қалған жоқ. Әркім өз әлеуетіне, әр аумақ өз шама-шарқына қарай әрекет ететіндігін ескерсек, жұрт руханиятының өніп-өсуі үшін қанатымен су сепкен қарлығаш құрлы ізгілікке талпындырар игі істердің үлкен-кішісі болмауы керек және ол мегаполистер мен қалаларға немесе ауылдарға бөлінбеуі қажет. Сондай айтулы іс-шаралардың бірі – Талас ауданы Білім басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп ұжымы ұйымдастырған «Шерхан Мұртаза – ұлттың ұяты» атты аудандық ғылыми-танымдық конференция еді. Осы конференция туралы аудандық «Талас тынысында» жарияланған шағын мақаламда егжей- тегжейлі жаздым.
Шерхан Мұртазаның сексен жылдық мерейтойын да әулие- аталықтар дүбірлетіп өткізді. 2012 жылы 28 қыркүйекте алдын ала бекітілген бағдарлама бойынша мерейтойдың ашылу салтанаты Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы облыстық қазақ драма театрының шаңырағында жазушының «Домалақ ана» спектаклінің тұсаукесерінен бастау алды. Бұдан кейін «Баласағұн» орталық концерт залында «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және тәуелсіз ел руханияты» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда абыз жазушы шығармаларының бес томдық жаңа жинағы таныстырылып, насихатталды. Ал Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Шерхан Мұртаза шығармашылығына арналған мұражай ашылды. «Халқымыз- дың ұлы перзенті Ш.Мұртаза 80 жаста» атты салтанатты шара жазушының туған өлкесі Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылында жалғасын тауып, драматургиялық шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды, өнер жұлдыздарының мерекелік концерті өтті. Той көрігін ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар да қыздырды.
Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхамед, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы сынды елге танымал тұлғалар, қаламдас достары мен қазақ зиялы қауымының, жерлестерінің басын қосқан мерейтой Жамбыл жерін үлкен салтанатқа бөлеген-ді.
Парламент мінберіндегі пәрменді пәтуалары әлі күнге дейін аңыздай жырлана, ауызға алынатын Шерхан Мұртазаны кезінде жасындай жарқылдаған «Жас Алаш» газетінің «Парламентте он Шерхан болса, шіркін!» деп арман ете жазғандары елдің көз алдында. Амал не, он Шерхан шықпады. Он тұрмақ, екеу де шықпады. Осып-осып сөйлейтін Шер-аға жалғыз болды, дара болды. Сол үшін көп нәрсеге алаңдады, көр тірліктен көңілі құлазыды. Көкірегіне нала толды. Ондайда адам қайтеді? Дертке дерт қосады, ауруға ауру жамайды. Қайғы ұлғаяды, уайым ұзарады. Үміт жіңішкереді, жүйке жұқарады, жүріс қысқарады.
Шерхан ағамыздың қатты сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалғаны туралы жайсыз хабар желдей есіп, жұрттың жүрегін солқылдатқанда, оның 85 жылдық даталы мерейтойы есік қағып, ел-жұртының рухани босағасынан кіріп қойған кез-тұғын.
Сол кездегі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бізді сол Шер-ағаның көңілін сұрап қайту үшін Алматыға жіберді. «Жаңа жыл қарсаңындағы мерекелермен құттықтап әрі сәлем беріп қайтамыз» деген желеумен оңтүстік астанаға сапар шеккен делегациямыздың құрамындағы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер-драматург Елен Әлімжанұлы, облыстық «Знамя труда» газетінің сол кездегі директор-бас редакторы Бекет Момынқұлов, тарихшы-археолог, өлкетанушы ғалым Сауран Қалиев пен жуалылық Нұржігіт Бегалы алтауымызды Жуалы ауданының бұрынғы әкімі Бақтияр Көпбосынов бастап апарды. Шер-ағамыз бұрынғы совминнің емханасында екен.
Біз келіп жеткенде, неше күннен бері толғатып, дәл сол сәтте ғана аппақ қарын бірде жапалақтатып, енді бірде қылаулатып жауғыза бастаған Алматының манаураған аспаны көктайғақ көшелерін жұмсартып, бұлыңғыр ауаны жұпарға бөлей берді. Даланың ызғары мен шыңылтыр суығын сіңірген тұла бойымыз көп қабатты аурухананың ұзыннан-ұзақ көсілген кең дәліздеріне жіпсіп үлгерді. Құп-қудай боп төсек тартып жатқан арыс ағамыздың жарық палатасына келіп кіргенімізде, иығымызға желбегей жамылған аппақ халатымызбен бірге өзіміздің үстімізден де ақ пейіл, таза ниеттің кіршіксіз көрінісі қылаң беріп тұрған. Денесін әлсіздіктің ауыр жүгі меңдеген Шер-ағамызға үлкенімізден кішімізге дейін ыстық қолымызды созып, жылы алақанымызды ұсындық. Қазақтың Шерханымен қауышып, ел тілегін жеткіздік. Үнемі қасынан табылып, перзенттік парызына адалдық көрсетіп жүрген Батыржандай ұлына сүйсіндік. Отты жанары өжет әкесіне тартқан Шер-ағамыздың аяулы қызы Алма әпкеміз де толқыған көңілімен ризашылығын білдіріп, ауылдастарына аппақ тілегін арнап, дұғай-дұғай сәлемін жолдады. Бұдан бірнеше жылдар бұрын «Ақындығың Алатаудай асқақтап, өнерің Тянь-Шань тауындай биікке өрлесін!» деп маған бата берген Шерхан Мұртазадай аңыз адамның, абыз ағамның қоштасарда басқалардың соңынан ұсынған менің оң қолымды ұзағырақ ұстап, «Аман-сау болыңдар!» дегені елінің амандығын, жұртының тыныштығын сақтап, бейбіт заманның бесігін тербеткен халқын Жаратқан Иемізге аманаттағаны деп ұқтым.
Сол сәтте еңіреп жібергісі келіп тұрған көңілімнің көз жасын көрсеткем жоқ, көк өзегімде тұншықтырдым. Удай ашыған сол жақ кеудеме де сыр бергізбедім. Қасымдағы басқа азаматтар да сөйтті деп ойлаймын. Өйткені бұл менің де, әлгі жанымдағы сапарластарымның да қазақтың Шерханын соңғы рет көріп тұрғанымыз болатын. Соңғы рет болса да бір көріп, тілдесіп қалғанымызды дәтке қуат еттік. Казақ әдебиетінің алтын дәуірінің соңғы классигімен соңғы рет кездесіп тұрғанымызды іштей түйсіндік. Алайда бақұлдаспадық. «Тезірек сауығып кетіңіз!» деп қоштастық. «Келесі кездескенше!..» дестік. Ал ол өзінің ана дүниелік екенін сезіп жатты. Үндемей қарап жатқан солғын жанарымен бізге де сездірді. Кетерде басқа кісілердің соңын ала созған менің оң қолымды ұзағырақ ұстап, «Аман-сау болыңдар!» деген бір ауыз сөзімен-ақ мәңгілікке қоштасып жатқанын ұқтырған…
Қаралы хабар көп ұзамай жетті. 2018 жылдың 10 қазанында қазақ елінің барыс текті Шерханы бақилыққа аттаныпты. Осылайша үнемі түсінде көретін Айша анасын іздеп кетті.
Ал мына дүниеде біз ол кісінің өзін іздеп жүрміз. Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы атанған Шерханын әлі талай жоқтайтын болады қазағы. Тек артында қалдырған өлмес мұралары ғана жанымызға жалау, көңілімізге медет, өмірімізге нәр, келешегімізге шамшырақ.

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.