Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баркуаб қаласы: Қазба жұмыстары қашан қайта жанданады?

0 1  916

Тарихтың ақтаңдақ беттерінде аңызбен һәм ақиқатпен астасқан тарихи орындар аз емес. Есте жоқ ескі заманнан сыр шертетін мұндай мекендердің шоғыры киелі Әулиеата жерінде көп орналасқан. Міне, сондай рухани байлығымыздың бірі – Жуалы ауданы, Теріс ауылы маңынан табылған Баркуаб қалашығы.

Жалпы тарихи шаһар жайлы ел ішінде түрлі деректер айтылады. Біреулер Баркуаб қаласы Теріс ауылының орнында болған десе, осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген тарихшы Ескендірбек Төрбеков Баркуаб шаһары Тараз қаласының негізгі орталығы болғанын алға тартады. Тағы бір деректерде Баркуаб көне Тараз шаһарынан 150-200 жыл бұрын пайда болғаны айтылуда. Сонда жобамен Баркуаб қалашығы біздің заманымызға дейінгі І-ІІ ғасырларда пайда болды деген болжам бар.
Аталған шаһарда инфрақұрылым дамып, қолөнер, егіншілік пен сауда-саттық ерекше екпін алған. Ұлы Жібек жолы бойындағы қала болғандығы да шаһардың дамуына айрықша серпін берген. Ортағасырлық араб, қытай, парсы шежірешілері мен саяхатшылардың жазбаларында Баркуаб үлкен әрі аса дамыған қала ретінде сипатталады. Осы деректер шаһардың шын мәнінде ірі сауда, экономикалық, әкімшілік және саяси орталық болғанын растай түседі.
Баркуаб қаласы орнында кезінде Ш.Уәлиханов атындағы археология институтының мамандары Әлкей Марғұлан мен тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал Баркуаб қалашығын 1893 жылы орыс шығыстанушысы В.В.Бартольд анықтаса, 1940 жылы археолог Пацевичтің жетекшілігімен Жамбыл археологиялық пункті экспедиция жасаған. 1978 жылы болса, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы зерттеу жұмыстарын қолға алды. Бүгінде бұл қалашықтан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, туристерді тарта түсуде. Мұражайдағы тас дәуірінің белгісі дән өңдегіш астаулар, темір дәуіріндегі майшамның тұғыры, қыз-келіншектер таққан моншақтар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудыруда. Осы құнды жәдігерлерге жапон ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қала кемінде 1448 жыл бұрын пайда болған деген байламға келіп отыр.
Қалашықтың үлкен қарауыл мұнарасы орналасқан жерге 2017 жылы сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың қолдауымен қазба жұмыстары басталып, төбесі қоршалған еді. Қазір қазба орындары алты бөліктен құралып тұр. Кейбір бөліктер екі қабаттан тұрғызылған. Осыған қарап ғалымдар Баркуаб қаласында көпқабатты үйлер болған деген де болжам айтуда.
2019 жылы Жуалы аудандық бюджетінен қазба жұмыстарына 10 миллион теңге бөлінсе, 2020 жылы – 6, 2021 жылы – 5 миллион теңге көлемінде қаржы қаралған. Осы қаржы есебінен қазба жұмыстарына тарихшы Ескендірбек Төрбеков басшылық жасап, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып отыр.
– Қазба жұмыстары кезінде 12 метрлік құдық табылды. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталды. Бұл осыдан 2 мың жылдан астам уақыт бұрын қала тұрғындары астық өсірумен айналысқанын айғақтайды. Одан бөлек қазба барысында бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамның бас сүйегі табылды. Сондай-ақ бұл тарихи орыннан осыдан 1800 жыл (ХVІІІ ғасыр) бұрынғы көмір қалдықтары аршылып алынды. Осының бәрін назарға ала отырып, бұл қалашықтың атауы «Битьян» болуы да мүмкін деген болжам бар. Бәлкім, Баркуаб маңайындағы Теріс, Нұрлыкент, Бақалы ауылдары тарихи қалашықтың аумағында орналасуы да мүмкін. Сондықтан Баркуаб қаласы туралы әлі зерттейтін дүние көп, – дейді тарихшы Е.Төрбеков.
Кейінгі үш жылда Баркуаб қалашығының орнына 3 мыңнан аса турист келіп, тарих қойнауына үңілген екен. Олардың қатарында Атырау, Ақтау, Түркістан облыстарынан бөлек, Ресей мемлекетінен келген туристер де бар.
Кезінде Жуалы ауданын басқарған, қазба жұмыстарына тікелей ұйытқы болған Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, олар Баркуаб қаласының орнын ойламаған жерден тапқан екен.
– Теріс ауылындағы орта мектепте шағын музей бар. Бір жолы сол мектепте барып, 2 мың жылдан астам тарихы бар құмыраның қойылғанын көрдім. Кейіннен ауыл тұрғындары аулаларындағы жерді қазғанда әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар тауып алып жатқандықтарын айтқаннан кейін зерттеу жұмыстарына кірістік. Құнды жәдігерлердің табылған ізімен жүріп осы төбені анықтадық. Содан 2018 жылы тарихи қалашыққа қазба жұмыстарын жүргізу маңыздылығын дәлелдеп, қазынадан қаржы қарау мүмкіндігіне ие болдық, – дейді Б.Көпбосынов.
Ғалымдар Баркуаб қаласында табылған сенсациялық бұйымның бірі – Қаңлы мемлекеті тұсындағы құмыра деп отыр. Құмырада тіпті шебердің саусақтарының ізі де сақталып қалған. Дәл осындай құмыралар Арыс өзенінің маңынан табылған екен. Түркістан мен Шардарадағы қазба жұмыстары кезінде де осындай құмыралардың бірнеше үлгісі анықталған. Қаңлы құмырасын сол жәдігерлермен салыстыра отырып, Баркуаб қаласы біздің заманымызға дейінгі І ғасырда өмір сүрген деген байламға ғалымдар келіп отыр. Сондай-ақ зерттеушілер Баркуаб қаласы Қаңлы мемлекеті билеушілерінің жазғы резиденциясы болғанын айтуда. Қазба жұмыстарын жүргізгендер Жуалы ауданы маңындағы үлкен қорғанның астында Баркуаб қаласы жасырынып жатқанына сенімді. Қазба жұмыстарына осы қорғанның орналасуы өзіндік кедергісін келтіріп жатқан көрінеді.
Археолог Александр Бернштам мен Василий Каллаурдың еңбектеріне сүйенсек, Баркуаб қалашығы ертеде «Иркут шаһары» деп те аталыпты. Араб тілінен аударғанда көне қаланың екі атауы да «Теріс» деген мағына береді.
Қазба жұмыстарының басы-қасында болған өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев бізбен тілдескен кезінде адам таңғаларлық бірнеше жайтты баян етті.
– Баркуаб қаласынан табылып жатқан жәдігерлер адам таң қалдыруда. Мәселен, таңбалы тас аталатын жәдігерге ою-өрнектер қалай таңбаланғанын түсіну қиын. Бейне бір табиғи құбылыстар тасқа ою салып кеткендей. Дәл сондай, мұнда балық шаруашылығында пайдаланылған тастар да археологтардың қызығушылығын тудыруда. Сондай-ақ қазба орындарынан кепкен, майшам, өрнек тоқуға арналған керме, диірмен, тас астау және қыш ыдыстар табылуда.
Ал ең таң қаларлығы, 30 метр тереңдіктен табылып жатқан молалар болып тұр. Онда мәйіттер мұсылманша жерленбеген. Бас жағына тас қойылып, бір қырымен жатқызылған. Археологтар бұны ертедегі адамдар қайтыс болған жақындарын ананың құрсағында жатқандай етіп жерлеген деген болжам айтуда. Әрине, ол әлі талай зерттеуді қажет етеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Баркуаб қаласының жанында Жылқышы төбе атанып кеткен жер бар. Археологтар осы жерден қазба жұмыстарын бастап, үш қабаттан тұратын үйлердің төбесінен түсті. Және бөлмелердің қуыстарынан кәріз суын ағызатын құбырлар табылды. Бұл, шын мәнінде, таң қалатын нәрсе. Сонда осыдан 2500 жыл бұрын үш қабатты үйлер тұрғызылып, онда кәріз жүйесі орнатылғаны ғой.
Осы орайда, ғалымдардың ойын сан саққа жүгіртіп отырған тағы бір жайтты айтып өтсем. Топырақтан аршылып алынып жатқан жәдігерлердің ішінен үлкен пішінді жалғыз бас табылды. Денесі жоқ басты зерттеушілер: «Ертедегі хандар өз жауларының басын кесіп алып, шатырының маңына іліп қойған. Бұл Томирис шауып алған Кир патшасының басы секілді» деген болжам жасауда», – дейді өлкетанушы.
Қалай дегенде де, ежелгі Баркуаб қаласы әлі жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Алайда 2021 жылдан кейін қазба жұмыстары тоқтап қалғаны іш қынжылтуда. Мұндай үлкен жобаға, әрине, қомақты қаржы керек. Ал Жуалы ауданы әкімдігі қазынадан ондай қаржы қарай алмайтыны белгілі. Сондықтан жергілікті билік өкілдері қазба жұмыстары қашан қайта жанданатындығын нақты айта алмауда. Бұл мәселеге облыс, қала берді республика көлемінде көңіл бөлетін кез келген секілді. Себебі осындай бір ғана тарихи орынмен әлем елдері туристік кластерді қарқынды дамытып, мемлекетке қомақты қаржы түсіруде.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.