Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын таразыға тартып, алдағы міндеттер мен межелер айқындала түсетін Президент Жолдауы жыл сайын қыркүйектің алғашқы жұлдызында жария етілуі дәстүрге айналған. Өткен жылы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы жұртшылыққа жол тартты. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жария етті. Жолдауда еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму келешегімен байланысты маңызды мәселелер қамтылғанын атап өткен жөн. Жаңа Жолдау көтерген жүк жеңіл емес.
Халықтың әл-ауқатын көтеру – мемлекеттің маңызды міндеті
Президент Парламент бұған дейінгі сессияларда 102 заң қабылдағанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске, ғылым және технология саясатына, жылу энергетикасына қатысты және басқа да заңдар бар. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген. Тарқатып айтсақ, Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза күшейді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды. Дегенмен де, Мемлекет басшысы арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.
– Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан, осы бағытта арнайы заңдар қабылданды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз. Табанды еңбектеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Әлі де атқаратын шаруа көп, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытудың тоғыз бағытын белгілеп берді. Оның қатарында, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту назарға алынды. Сонымен бірге, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелер, еліміздің кадрлық әлеуеті, ұлт денсаулығы, халықты әлеуметтік қолдау жүйесі де кеңінен қозғалды. Елдің экологиялық ахуалы, қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызы, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігі, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды көздейтін көптеген бастаманы ортаға салды.
Елдегі саяси жүйе түбегейлі өзгерді
– Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда жоспарлар пысықталып, мақсаттар айқындала түсті. Қазіргі таңда геосаяси жағдайдың күрделеніп, әлемде текетірес белең алып тұрғанын тілге тиек еткен Президент елдің бейбіт әрі эволюциялық жолмен даму үстінде екенін атады. Жаңа даму бағдары белгіленді. Экономиканы әртараптандыруға тың серпін берілді. Елімізде инфляция тежелді. Халықаралық резерв елдегі 100 млрд теңгеден асты. Бұған дейінгі жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдалану қажеттігін еске салды. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азаяды. Әрбір шешім, әрбір жоба елге пайдалы болуы керектігін міндеттеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, ол үшін Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырулары керек. Бұл арадағы мемлекеттің басты мақсаты – азаматтардың табысын арттыру.
Банк туралы жаңа Заң шығады
Мемлекет басшысы республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанын атады.
– Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет. Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосатынын атады. Сондықтан, осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек.
– Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды. Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс, – деді Президент.
Нәтижесінде банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасы дамуға кедергісін тигізетін ескі нормалардан тазарып, өзекті, ыңғайлы және қолжетімді форматқа ие болмақ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бірінші кезекте қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.
Жаңа заңның құрылымы неғұрлым интуитивті: банкті ашу және лицензиялау рәсімдерінен бастап банкті тарату рәсімдеріне дейін банктің өмірлік циклінің қисынына бағынады. Негізгі өзгерістердің ішінде – тәуекелдерді басқару, ішкі аудит және комплаенс бағыттарының басшыларына біліктілік талаптарын енгізу бар. Бұл стратегиялық шешiмдер жекелеген реттеушi нормаларды бiртiндеп ырықтандыру аясында басқару құрамының жауапкершiлiгiн арттыруға ықпал етеді деген үміт бар.
Акционер, клиент және басқа стейкхолдерлер мүддесінің теңгерімін қамтамасыз етуде маңызды рөл берілген тәуелсіз директорлар институтын дамыту болжанып отыр. Олардың қатысуы объективті және салмақты шешімдер қабылдауға әсерін тигізеді, бұл банк жүйесіне деген сенімді нығайтады және оның орнықты дамуына ықпал жасайды. Реформалар стрестік активтерді басқару жөніндегі ұйымдарға да қатысты: өндіріп алынған мүліктің банк балансында болу мерзімін қысқарту және талап ету құқықтарын беру мүмкіндігін шектеу көзделеді. Бұл активтерді экономикаға қайтаруды жеделдетіп, олармен жасалатын операциялардың ашықтығын арттыруы тиіс. Тұтастай алғанда, ұсынылған өзгерістер жүйелік тәуекелдерді төмендетуге, қаржы секторының тұрақтылығын арттыруға және неғұрлым тиімді және ашық қаржылық экожүйені қалыптастыра отырып, тұтынушылар құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Қазақстанда банктік лицензияның жаңа «базалық» түрі пайда болады. Бұл жаңалық та жаңа заң жобасына енгізіліпті. «Базалық лицензияны енгізу нарыққа жаңа банктердің кіру шарттарын жеңілдетеді және бәсекелестікті арттырады, сондай-ақ экономикаға несие беруге оң әсер етеді» деп нақтылайды ҚНРДА өкілдері.
Базалық лицензия белгілі бір операцияларға әмбебап шектеулерден ерекшеленеді. Сондай-ақ операциялардың ауқымы шектеліп, байланысты тараптарға кредит беруге тыйым салынады. Операцияларды шектеумен қатар кейбір пруденциялық талаптар да төмендетілмек: капитал, өтімділік және басқа да көрсеткіштер бойынша талаптар, сондай-ақ есептілік санын азайту жоспарлануда.
Қаржы ұйымдарын пруденциалдық реттеу және әдіснама департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, банктерге қаржылық емес ұйымдардың, оның ішінде маркетплейстер мен финтех-ұйымдардың капиталына қатысуы шектеледі. Заң жобасына сәйкес, банк өз капиталының 10%-ынан аспайтын сомаға кез келген қаржылық емес ұйымның капиталына қатыса алады.
Базалық лицензиясы бар банктер бейрезиденттерге несие бере алмайды. Сонымен бірге банкпен ерекше қатынастармен байланысты клиенттерге заем бере алмайды, күрделі қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асыруға, шетелде филиалдар мен еншілес ұйымдарды ашуға да тыйым салынады.
«Базалық лицензиясы бар банктер жеке тұлғалар үшін 10 млн теңгеден аспайтын көлемде мерзімді және жинақ депозиттерін аша алады. Осындай лицензиясы бар нарық ойыншылары үшін жарғылық капиталдың көлемі 10 млрд теңгеден аспауы тиіс. Әмбебап лицензиясы бар банктер үшін капитал бойынша шек 20 млрд теңгеден жоғары болуы тиіс», – дейді Дәурен Сәлімбаев.
Мұндай лицензиядағы банктер үшін ең төменгі жарғылық капитал (базалық лицензия үшін – 10 млрд теңге) және пруденциалдық нормативтерге қойылатын талаптар төмендейді. Сонымен қатар мұндай банктерге қатысты қадағалау процедуралары, есеп беру және банктің тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын талаптар қысқартылады. Қазір елдегі 12 МҚҰ-ның капиталы 10 млрд теңгеден асады (базалық лицензия алуға жеткілікті). Ал 2 ұйым KMF және BNK Finance Kazakhstan банк лицензиясын алуға рұқсат алып қойды.
Жаңа заң экономикалық белсенділікті ынталандырудың және финтех-секторды одан әрі серпінді дамытудың өзекті міндеттеріне жауап береді деген үміт бар.
Бюджет қаржысын оңды-солды шашу доғарылады
Бұл арада Президент шағын және орта бизнестен түсетін салықтың аймақтардың өзінде қалуына қатысты қабылданған шешімге орай пікірін білдіріп, оның тиімді жұмсалуын баса айтты.
– Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақытылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады, – деді Президент.
Президенттің тапсырмасымен енді Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет.
– Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуы тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді.
Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды.
Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартуды ұсынды.
Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге жағдайды жақсарту қажет
Президент елге инвестиция тартуды күшейту мақсатында Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет бөлінгенін атады.
– Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу керектігін еске салды.
– Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын. Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отырғанына назар аударды. Бұл ахуалдың нарықтағы теңдік шарттарын бұзып, жеке бастамаларға тосқауыл екенін атады.
– Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажет. Сонымен бірге, холдингтер мен Үкіметтің арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс.
Мен 2022 жылғы Жолдауымда бәрін басынан бастап реттеуді тапсырған едім. Реформаның бірінші кезеңінің өзінде орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды. Оның бәрі кезінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген еді.
Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастады. Инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді. Экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды.
Алайда кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатыр. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керек.
Былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде бұл мәселе бойынша мен нақты ұстанымды айттым. Біз кәсіп иелерімен өзара келісімге келдік, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болады.
Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет, – деді Президент.
Бүгінде Қазақстанның бизнестегі алға қойған межесі биік. Атап айтқанда, Президент 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді міндеттеп отыр.
Президент агрокешенге инвестиция тартудың да ел үшін маңызды іс екенін тағы атады. Бірақ, агрокешенге бөлінетін қаржының 70 пайызы – мемлекеттікі екенін, бұл орайда коммерциялық банктерді тарту қажеттігін тапсырды. Осылайша субсидиялаудан арзан несие беруге көшу іске асуы тиіс. Мұның сыртында ол бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы да шарт.
– Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек, – деді Президент.
Жалпы, өнеркәсіп әлеуетін пайдалану үшін жан-жақты шара қабылданады.
Мақсат – айқын, меже – белгілі
Сонымен, ел дамуын тағы пысықтаған құжат – Президент Жолдауы жаңа міндеттерді белгілеп берді. Жолдауда көрініс тапқан жоспарлардың жүйелі жүзеге асуы – елдің ілгерілеуіне сеп екендігі хақ. Ал, ол міндеттерді мүлтіксіз орындауға бар қоғам жұдырықша жұмылуы керек-ті. Елге қатысты мәселеде шет қалуға рұқсат жоқ. Қоғам бір ғана Үкіметтен ғана құралмайды. Қоғамды құраушылардың қатарында бәрі бар. Демек, мақсат-мұрат та бір болуға тиіс.
Еркін САЙЫН