Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Балалық – қайтып келмес бақыт

0 516

Балалық шақ – алаңсыз күндер, ауладағы қыздармен күлкіге толы ойын, бір үзім нанды бөлісе жейтін қарапайым бақыт еді. Көзімді жұмсам, есіме анам түседі. Ағам мен екі әпкем бар, мен – кенжесімін. Біз төртеуміз.

Бала кезімізде ағам түсте мені оятатын, таба нан пісіріп, соны мен жейтінмін. Сондай қарапайым сәттердің өзі бүгінде жүректі елжіретіп жібереді. Ол кезде еш уайым жоқ еді. Тіпті, кім дос, кім жау екенін білмейтінбіз. Бар әлем бізге ашық, бәрі жақын болатын. Ауладағы қыздармен кейде ұрысып қалсақ та, аздан соң қайтадан татуласып кететінбіз. Жаздың әр күні мереке сияқты еді.
Қазір де өмір жаман емес. Тек бойда – сағыныш. Көп қателікті бастан кешірдім, одан сабақ алдым. Бірақ ішімде әлі де кішкентай қыз бар, сол баяғыдай өмірді қайта сүргісі келетін, бәрі жақсы болады деп сенгісі келетін секілді. Біз бала кезімізде қателессек, бәрібір әрі қарай жүре беретінбіз. Үлкен өмірдің қандай болатынын білмейтінбіз. Қазір сол сәттердің ешқашан қайтып келмейтінін іштей мойындап, жүрекпен аңсаймын.
Қазіргі балалардың өмірі жаман емес. Бірақ, олар тым ерте есейіп кеткендей. Бір күні мектептен шығып бара жатып, байқамай 4-сынып баласын қағып кеттім. Мен кешір деп үлгермей жатып, ол бала маған боқтап берді. Шошып қалдым. Ол түк болмағандай кете барды. Мүмкін, ол өзі айтқан сөздің салмағын да білмеген шығар. Ал біз бала кезімізде ондай сөзді естімек түгіл, түсінбейтінбіз. Қазір 7-сыныптағы қыздар боянып, ернін бояп, өздерін үлкенше ұстағысы келеді. Бәрі емес, әрине, бірақ осының өзі уақыттың өзгергенін көрсетеді.
Бұрын біз үлкен кісіге сөйлеуге де ұялатынбыз. Қазір балалар мұғаліммен ұрысып, ата-анасына өз пікірін еркін айтып жатады. Бұл жақсы да шығар. Бірақ кейде сол еркіндік шектен шығып кетіп жатады. Бұрын бізге бір шоколад сыйласа, мәз болатынбыз. Қазір кейбірі iPhone сыйламаса, көңілі қалатын болыпты.
Қоғам қамқорлық көрсете бастады. Бірақ, жетімдер, көпбалалы отбасындағы балалар, ішімдікке салынған отбасындағы балалар әлі де қорғансыз. «Астарлы ақиқатта» жетім балаларды асырап алып, құл етіп ұстаған жандар жайлы есіме түссе, жүрегім ауырады. Ол балалар да өз бақытын табуға лайық еді.
1 маусым мен үшін жай ғана күн емес. Бұл – балалықты, бала күлкісін қорғау туралы еске салатын күн. Бұл кішкентай жүректердің шын қуанышын сақтап қалу керектігін еске салады. Бала бәрін бірден түсінбейді. Сондықтан, қателік жасағанда ұрыспай, түсіндіре білу керек.
Мен әр балаға есейетін уақыт бәрібір келетінін шын жүректен айтқым келеді. Қазіргі сәтті бағалаңдар. Дамыңдар, армандаңдар, оқыңдар. Ең бастысы әрдайым шын көңілмен күліңдер. Себебі сендердің күлкілерің – әлемнің ең таза дыбысы!

Ақбота Марат

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.