Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен №62 орта мектепте балалар жазушысы Марат Құлибайұлының 50 жас мерейтойына орай «Балалар әлемінің бағбаны» атты шығармашылық кездесу кеші өтті.
Кеш қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы жайында бейнебаянмен және 2 сынып оқырмандарының «Қазақстаным — Отаным» әнімен ашылды. Кездесу кешінің иесі, қаламгер Марат Құлибаев құрметпен сахна төріне шақырылып, оқырмандардың сауалдарына жауап беру арқылы сұхбат өрбіді.
Қаламгердің оқырмандармен кездесу кешіне қаламдас әрі әріптес інісі, «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы мен анасы Нұрғаным Азимова шығармашылық кеш иесіне ақжарма ізгі тілектері мен арнау жырын қара домбырамен шебер жеткізе білді.
Балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан қаламгер «Мейірім», «Жұлдызы биік Жуалы», «Апамның аялы алақаны», «Қолқанат» атты тарихи-танымдық кітаптарына толық тоқталып өтті.
Аталған мектеп оқырмандары қаламгердің «Бейбітшілік құсы», «Жеті ата» әңгімелерінен көрініс қойып, өнерлерін паш етті. Жазушының мерейтойына арнайы республикалық балалар журналдары «Балдырған» және «Жыл – он екі ай» құттықтаулары бейнебаянмен жолданды.
Кеш соңында кітапханашы «Балалар әлемінің бағбаны» атты кітап көрмесімен таныстырып, өнер көрсеткен оқырмандар алғыс хатпен марапатталды.