Балалық шақ – адамның өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл уақытта бала әлемді таниды, алғашқы білімдерін алады, мінезі қалыптасады. Ал сәби шағыннан көріп өскен қиындық болашақ жазушының қаламына арқау болады. Дәл осындай тағдырлы қаламгер, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Өтебай Тұрманжанов.
Өзінің ақындық өнер жолын өткен ғасырдың 20-жылдардан бастаған Өтебай Тұрманжанұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданына қарасты Жалғызағаш деген жерде, 1905 жылы кедей шаруаның семьясында туған. Өтебайдың әкесі Тұрманжан егін шаруашылығын кәсіп етумен бірге, қолөнерге жетік адам болыпты. Он саусағынан өнері тамған әрі етікші, әрі ағаштан ер-тұрман жасайтын шебер екен. Шешесі Үмітай да киім пішіп, кілем тоқыған өнерлі кісі болыпты.
Осындай ұсақ-түйек кәсіптермен шұғылданып жүрсе де Тұрманжан жоқшылық қасіретін көп көреді. Соның салдарынан 1917 жылы Ташкентке көшіп барады. Олар Ташкенттегі наубайханада жұмыс істеп жүрген нағашысының қолына келіп, жұмысқа орналасады. Алды-артын шырмап алған кедейшіліктен Ташкентке келген соң да арыла алмайды. Әке-шешесінің ауыр тұрмыстары болашақ ақынның жас жанына қатты әсер етеді. Мұның үстіне шешесі қайтыс болады. Былай да жоқшылық зардабы арқасына батып жүрген Өтебай шешесі қайтыс болған соң басы ауған жағына қаңғып кетеді…
Өтебайды осындай ауыр тұрмыстан арашалап алған, оны өз бауырына тартқан 1917 жылғы Октябрь революциясының жеңісі еді. Көшеде қаңғып жүрген көп жетім баламен бірге Өтебайды да жаңа орнаған үкімет қамқорлығына, тәрбиесіне алып, 1919 жылы Ташкенттегі балалар үйіне орналастырады.
1922-1925 жылдары Өтебай Москвадағы Күншығыс еңбекшілері университетін бітіріп, Ташкентке қайта оралады. Өтебай Тұрманжановтың тұңғыш шығармалары 1922 жылдан бастап Ташкентте шығатын «Жас қайрат» журналында басыла бастады. Оның балаларға арналған шығармалары да өз алдана бір төбе. 1952 жылы «Қарлығаш», 1959 жылы «Сұңқар түлектер» деген балаларға арналған өлеңдер жинағын шығарды. Мұнда «Қызыл құмның құпиясы», «Қарлығаш, дәуіт, жылан», «Жолбарыс», «Төрт өгіз туралы ертегі», «Жолаушы мен жеті қасқыр», «Аю мен аралар», «Қарлығаш, көкқұтан», «Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар», «Көктем көріністері», тағы басқа толып жатқан ертегілер, поэмалар, мысалдар, өлеңдер бар.
1933 жылы жақсы поэмаларға арналып жарияланған республикалық конкурста Ө.Тұрманжановтың «Пулемет» атты поэмасында бірінші орын беріліп, үздік атанады. «Ақ алтын» атты поэмасы – қазақ әдебиеті тарихында бірінші рет мақта шаруашылығына байланысты жазылған шығарма. Сонымен қатар «Шыршық сыры» поэмасы да қазақ әдебиеті тарихында ең бірінші рет ирригация – су құрылысы тақырыбына арналып жазылған шығарма.
Ал ардақты ақынымыз 1934 жылдан 1936 жылға дейін «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары болды. 1934 жылдан бастап – КСРО Жазушылар Одағының мүшесі. 1936-1938 жылдары «Әдебиет майданы» журналының редакторы және редактор орынбасары болып жұмыс істеді. 1958-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік баспа үйінің балалар және жастар әдебиетінің бас редакторы болып қызмет етті.
Дегенмен, заман бір қалыпта тұрған ба? Ел басына алапат дауыл соқтырған 30-шы жылдардың соңында Тұрманжанов қуғын-сүргінге ұшырады. 1938 жылдың наурыз айында «ұлттық-фашистік ұйымның құрамында» деген айыппен қамауға алынды. 1940 жылдың қазан айында КСРО-ның НКВД-нің арнайы жиналысында 8 жылға лагерьге айдауға жіберілді. Алайда «аққа Құдай жақ» дегендей, 1956 жылы ҚазССР-нің прокуратурасымен ақталып шықты.
Өтебай Тұрманжанов ақталып шыққаннан кейін балалар әдебиетіне көңіл бөліп, кішкентай оқырмандарға арналған 30-дан астам жинақ, повесть, өлеңдер мен ертегілер, мысал, дастандар жазды. Ол қазақ кеңестік балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ретінде саналады.
Сонымен қатар қазақ жазушысы аудармамен де айналысты. А.Пушкин, М.Лермонтов секілді орыс әдебиетінің классиктерінің, Л.Толстойдың балаларға арналған шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.
Сонымен бірге Тұрманжанов қазақ халқының ертегілерін жинау және өңдеу саласында да аянбай еңбек етті. Фольклорлық шығармаларды жинап, мақал-мәтелдер жинағын құрастырып, басып шығарды. Оның ішінде 4 000 қазақ халқының мақалы мен мәтелі кіретін «Қазақ халқының нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері» атты бір томдық кітабын әзірледі. «Еңбек және мектеп», «Қарлығаш», «Карл», «Құрыш құс», «Пулемет» секілді әр жанрдағы кітаптар жазды. 1966 жылы «Бақыт құсы» деген атпен қазақ халқының ертегілері мен мәтелдер жинағын орыс тілінде сөйлетті.
Өтебай Тұрманжановтың балалар әдебиеті саласында көтерген екінші үлкен тақырыбы – балаларды еңбекке баулитын, еңбек зейнетін суреттейтін өлеңдері. Еңбекке деген әркімнің әр қилы көзқарасын және соған тікелей қатысуын Өтебай әр алуан тәсілдермен суреттелетін кішкентай кейіпкерлері арқылы танытады. Балалар әдебиеті ерекшеліктерінің бірі – әрқашан белгілі бір оқиға айналасында ақиқатты дәл, нақты суреттеу. Сондықтан да Өтебай өлеңдері жасөспірімдерге ерекше жақын әрі түсінікті.
Еңбек бар жерде игілік бар, сый-сияпат, құрмет те соның айналасында болады. Автор негізгі ойы еңбек еткенді құрметтеумен қатар, өмірге бейғамдықпен қарайтын және жеңіл-желпі күнелтуге тырысатын, өз ортасына пайдасы жоқ шыбын-шіркей сияқтыларды қатты әшкерелеуге, оларды күлкі етуге бағытталған. Өлеңнің ең құнды тәрбиелік мәні осы жағынан айқын көрінеді.
Өтебай өлеңдеріндегі тағы бір өзгешелік – балаларға үлгі-өнеге ету үшін шығарманың ең соңында барлық оқиға желісінен, айтылған ойдан белгілі бір қорытынды жасап, естерінде қаларлықтай түйін түйеді. Өлеңнің соңында:
«Аралардан бал жедім,
Ондай тәтті көрмедім,
Құмырсқадан нан жедім,
Ондай дәмді көрмедім», – деп, ойын-сауық, күлкіден тұрмысты түзерлік ешнәрсе таппай, өмір тетігі деп табылған еңбектен онан тиісті жемісін көргендігін оқушыға дәлел етіп ұсынады. Сонымен бірге әрі қысқа, әрі тұжырымды өлеңмен айтылған мұндай нақыл сөздер Өтебай поэзиясында өте көп. Ол, әсіресе, жақсылықты, жаңалықты жаратушы еңбек адамдарының қадір-қасиетін жоғары бағалайды.
Өтебай Л.Толстойдың «Жіңішке жіп», «Маймыл мен бұршақ», «Маймыл», «Сауын сиыр», «Үйрек пен ай», «Шаң басқан қасқыр», «Су иесі мен меруерт», «Көкқұтан, балық, шаян», «Қасқыр мен садақ» деген 9 мысалын және Эзоптың «Көк кептер мен құмырсқа», «Арыстан мен тышқан», «Күзен», «Бүркіт пен тасбақа», тағы басқа 32 мысал өлеңін аударды. «Арыстан терісін киген есек» деген Эзоптан аударған мысал өлеңінде ең жаман қасиет көз бояушылық, жұртты алдау және сол арқылы көп алдында өз беделін арттырып, жалған атаққа ие болу жайы мысқыл етіледі. Мәселен:
Арыстанның терісін есек киді,
«Арыстан» деп аң мен мал басын иді.
Қошемет қып, құрмет қып алдына кеп,
Тіпті, ерекше көрсетті артық сыйды.»
Мысал өлеңдер барлық ұлтқа бірдей түсінікті де ойдағыдай бола кететін бір ерекшелігі – оның қамтитын тақырыбы, алатын оқиғасының өзі жалпы жұртқа бірдей мұра есепті айтылады. Мына жері ағаттау, қисынсыз екен дерліктей күдік тудырмайды, ойға сыйымсыз жерлері болмайды.
Балалар әдебиеті үшін мысал өлеңдердегі шеберлік ерекшеліктердің бірі – диалогтардың ықшам да өте қысқа берілуінде. Эзоптан аударған «Балық пен балықшы» деген мысал өлеңінде қармаққа түсіп қалған кішкентай балыққа былай дегізеді:
«Мен әлі кішкентаймын, сүліктеймін,
Шайнауға тісіңе де ілікпеймін.
Қоя бер, өсейін мен пайдаң болар,
Мен саған ақыр меншік-мүліктеймін.»
Сонда балықшы оған:
«Мен сенен тұрғаным жоқ ақыл сұрап,
Көнбеймін несиеге, балық шырақ.
Қолдағы даярынан кім айрылар,
Үміт қып көп пайдадан алыс-жырақ?»
Екеуінің сөзінде де артық айтылған сөздер жоқ. Тек ақылға қонымды жұмсалатын тұжырымды ойлар ғана бар. Соның өзі балаға көп ой тудырарлық, алды-артын болжарлық және не істесе де ойлап істеуге үйрететін жайларды баяндайды.
Қорыта келгенде Өтебай ақынның өзі жазған, шебер аударған мысал өлеңдердің бәрі де балаларға үлгі-өнеге боларлық, өмір танытарлық жанды көріністер арқылы көрсетеді. Өтебай Тұрманжанов балалар әдебиетін жазу жолында 50 жылдан аса үздіксіз еңбек етті. Қазақ балалар әдебиеті поэзиясының өсуі мен даму жолдары Өтебайдың атымен тығыз байланысты екені даусыз.
Гаухар САМБЕТОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Дулатитану жəне өңір тарихы» ғылыми зерттеу
орталығының ғылыми қызметкері