Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баладан көз жазбаңыз!

0 167

«Шөлдала» шағын ауданындағы №59 орта мектепте қалалық білім бөлімі мен Төтенше жағдайлар басқармасы бірігіп, судағы қауіпсіздікті қадағалау бойынша мектеп ұжымы және ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жалпы қала аумағындағы өзен-көлдерде суға батып, ажал құшқандар туралы хабарды жиі болмаса да еститініміз рас. Олардың басым көпшілігі белгіленбеген аумақта суға түсудің салдарынан орын алып жатады. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, биыл да жаз шыға белгіленбеген аумақтарда суға түсіп жүргендер аз емес екен. Кездесуде тыйым салынған жерде суға түсудің қауіпті екенін білмейтін балаларды көзден таса қалдырмай, әркез бақылап жүрудің маңызы туралы айтылды. Жиында бірінші болып сөз сөйлеген қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев ата-аналар мен мектеп басшылығына жас мезгілінде балаларды бақылып, қауіпсіздік шараларына бірге араласуға шақырды.

– Қала аумағында 60 мектеп болса, онда 77 мыңға жуық оқушы білім алады. Биыл өздеріңіз білетіндей, карантин талаптарына сәйкес оқу процесінде бірқатар өзгерістер орын алды. Жазғы мектеп 19 маусымға дейін жалғаспақ. Жаз мезгілінде күннің қызуы қайтпай тұрғанын білеміз. Кез келген демалатын орындарға барғанда балаларды көзден таса қалдырмаңыздар, – деді Саясат Есеев.

Білім бөлімінің басшысынан кейін қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Әскер Сарбатов суға кету дерегі бойынша өткен жылы орын алған фактілерге тоқталды.

– Судағы қауіпсіздік бойынша кездесу мектепте алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Меніңше, баланың суға кетпеуін әр ата-ана өз құзырына алуы керек. Себебі белгіленбеген аймақтарда Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тек шолып, рейд жүргізеді. Қаладағы сулардың бәрін бақылап отыру мүмкін емес. Жаз мезгілінде бақылаушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Әркімнің өмірі өз қолында. Ата-ана баласына бас-көз болуы керек. Біз осындай кездесуді Талас өзенінің бойындағы шағын аудандарда жүргіземіз. Суда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтап жүрудің маңызын тұрғындарға ескертеміз, – деді Әскер Сексенғалиұлы.

Өткен жылы облыс бойынша 9 бала суға батса, соның біреуі қалада тіркеліпті. Сол үшін де биыл түсіндіру жұмыстары қалалық мектептерде жыл соңына дейін жалғасады. Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар департаменті судағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша 25 рейд жүргізіп, 15 кездесу ұйымдастырған. Биыл шомылу маусымында Зербұлақ көлі ашылмады. Соған сәйкес мамандар ағысы төмен суларды зерделеп, солардың бірін ашуды жоспарлап отыр. Әрине, қалада арнайы шомылуға рұқсат берілген жерлер ашылмаса, белгіленбеген жерге баратын азаматтардың да қатары артатын сыңайлы.

Жиында облыс, қала аумағындағы суға бату дерегі бойынша мәліметтер айтылып, сақтық шаралары туралы ескертілген соң, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мектепке жақын орналасқан Аса өзенінің бойында алғашқы көмек көрсетудегі тәжірибесімен бөлісті. Мамандардың айтуынша, суға батқан адамды құтқару кезінде қарсы алдына бару қауіпті. Оқыс оқиға орын алса, мейлінше сабыр сақтап, суға батқан адамның артынан барып құтқаруға болады. Кейін жағаға шығарып, жүрек соғысын тексеріп алған соң, алғашқы көмек тыныс алу жолдарын ашу болып табылады. Ол үшін су жұтқан адамның кеудесін екі қолды бүкпей, бірқалыпты басады екен. Кейін дем беріп, бір қырынан жатқызған дұрыс. Осы тәсілді суға батқан адам дем алғанша бірнеше рет қайталау керек.

Кездесуде мамандар суға түспес бұрын судың ағысын, деңгейін анықтаудың маңызды екенін айтты. Сондай-ақ суға батпаудың ең тиімді тәсілі белгіленбеген аумақтарға бармау екенін қатаң ескертті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.