Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және шаһар басшысы Бақытжан Орынбековтің қатысуымен «Зербұлақ» демалыс кешенінде кең ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
Өңір басшысы барша жамбылдық бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балаларға жағдай жасау, олардың алаңсыз, сапалы білім алуын тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Өңірде балалардың жан-жақты дамуына, әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуде. Жаңа мектептер мен балабақшалар ашылып, білім ошақтары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Барша бүлдіршінге шуақты жаз айымен қатар келген мерекеде шаттыққа толы балалық шақ пен бақытты ғұмыр тілеймін! – деді Ербол Қарашөкеев.
Шара барысында балалардың көңілін көтефріп, өнері мен дарынын дамытуға бағытталған түрлі ойын-сауық бағдарламалары мен шығармашылық көріністер ұйымдастырылды. Кішкентай қатысушыларға шаттық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлаған бұл күн жарқын әсерлерге толы болды.
Мерекелік шаралар легі Т.Рысқұлов саябағында өткен «Бақытты балалық шақ» атты фестивальмен жалғасын тапты. Фестивальге арнайы қатысқан Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков дарынды балалардың қолөнер, сурет туындылары қойылған көрмені тамашалап, «Балалық шақтың сиқырлы картасы» атты концерттік бағдарламаның куәсі болды.
Шара барысында ұлттық, үстел үсті ойындарынан, мақал-мәтел айтып, жұмбақ шешуден жарыстар ұйымдастырылып, балғындар сүйікті кейіпкерлерімен бірге ертегі әлеміне саяхат жасады.
Фестивальге шаһар бойынша жалпы 750 бала қамтылды.
Құрмаш Қаптағай