Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Балғындарға базарлық

0 168

Балалар әдебиеті – ұлт болашағының рухани дүниесін байытып, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелейтін аса маңызды жанр. Балғындарға арналған шығармалар жас жеткіншектердің таным көкжиегін кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытып, тіл байлығын арттырады. Сонымен қатар мұндай туындылар арқылы бала туған жерін сүюді, ата-ананы құрметтеуді, еңбекқорлық пен әділдікті үйренеді. Осы ретте Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында кішкентай оқырмандарымыздың назарына бірқатар ертегі мен көркем әңгімені ұсынуды жөн көрдік.


Түлкі, тасбақа және кене

Ертеде түлкі, тасбақа және кене дос болыпты. Бір күні олар жерден бір уыс тары тауып алыпты. Үшеуі ақылдаса келе тарыны жерге егіп, көбейтіп алып, үшке бөліп аламыз деп шешеді. Түлкі бір жарды көріп:

– Мен осы жарды сүйеп тұрайын, құлап кетер, – деп, жарды саялап жатып алады. Тасбақа жерді тырналап, тары егеді. Ал кене піскен егінді жинайды. Олар көп тары алады. Түлкіні шақырады. Түлкі келіп, егінді көріп:
– Тарыны үшеуіміз бөліссек, қаншадан тиеді? Аз мөлшерде шығатын шығар. Одан да үшеуміз жарысып, кім озса егін соған бұйырсын, – деді.
«Мақұл» дескен үшеуі қатарласып, бір жерге келеді. «1, 2, 3» деп түлкі жүгіре бергенде, кене түлкінің аяғына жабысып кетеді. Түлкі барынша жүгіріп, мәреге бірінші боп жетеді. Сонда кене:
– Әй, мені басып өлтіресің бе? – деді.
Түлкі:
– Сен қашан жетіп алғансың? – деп сұрайды.
Кене:
– Сен бағана «1, 2, 3» дегенде-ақ мен келіп қалғанмын, – деп жауап береді. Екеуі дауласып жатқанда, ентігіп тасбақа келеді.
Тасбақа:
– Әй түлкі, мен бір пәле көріп келдім. Жаңа маған екі қара бүркіті және тазы иттері бар ат мінген екі адам келді. «Түлкі жолдасыңды тауып бер!» – деп мені қорқытты. Түлкі, мен сен туралы айтқан жоқпын. Енді олар маған сенбей, осы жаққа қарай келе жатыр, – дейді.
Түлкі: «Мені сата көрмеңдер!» – деп жалынады. Түлкі:
– Мына тарыны екеуің тең бөліп алыңдар, мен сендерге ризамын. Аңшылар мені сұраса, «Қайда кеткенін білмейміз деңдер» – деп қашып кетеді. Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене екеуі бөліп алыпты.


Етікші

Ерте заманда бір кедей етікші болыпты. Бала-шағасы көп екен. Үй-ішін асырау үшін ол ел аралап, қобдиын құшақтап жүріп, етік тігіпті. Күндердің күнінде қобдиын қолтықтап, таныс емес бір ауылға аттанады. Бұрын жүрмеген жолы болған соң, етікші адасып кетеді. Түн болады. Ақырында етікші далада жалғыз тұрған иесіз үйге кездеседі. Иесіз қыстаудың ішіне кірген етікші пештің үстіне шығып, қобдиын басына төсеп жата кетеді. Бір уақытта салдыр-гүлдір еткен бір нәрсенің дауысы шығады. Етікші есікке қараса, маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар, еңгезердей дәу кіріп келе жатыр екен.
– Пеш үстінде жатқан қандай адам? – деп сұрайды дәу. Етікші:
– Бұл – етікші, – деп жауап береді.
– Бізге керек шебер етікшімісің? – дейді. Сонан соң дәу бұйырып:
– Кәне, бері кел, шебер, мына үйге кір! Егер ертеңге дейін бір керемет етік тіксең, жаның аман қалады. Ал орындамасаң, басыңды аламын, – дейді де етікшіні ішке кіргізеді.
Дәудің өзі есіктің алдына жатып ұйқыға кіріседі. Етікші ішінен:
– Енді өмірім жойылды, өліп кетсем, бала-шағамды кім асырар екен? – деп үрейленеді.
Амалы таусылған етікші таң атқанша отырып ғажайып етік тігеді. Етіктің сыртқы көрінісінің басқа етіктерден айырмашылығы бар, ұшы тіп-тік сүйір, жоғары көтеріліп тұрады. Ал оның бір керемет қасиеті – аяғына киген адам аспанға қалықтап ұшып, баратын жеріне лезде жетіп барады. Бірақ, ол дәудің оны үйіне оңай жібере қоймасын біліп:
– Бәрібір дәудің қолынан өлемін. Одан гөрі бұл дәуді өзім өлтірейін, – деп, өткір пышағын алады.
Дәу ұйқыға кетті-ау деген кезде, етікші етігін киіп, сыртқа шығады. Қалықтап ұшқан күйі қолындағы пышағымен дәудің жалғыз көзін түйреп алады. Дәу бақырып:
– Ер болсаң, екі соқ, – дейді.
Етікші:
– Бір де жетер, – деп, дәудің үстінен ұшып өтеді. Ал дәу жарақаттан табанда өлген екен дейді.
Етікші сыртта тұрып әрі ойлап, бері ойлап, иесіз үйдің төбесіне шығып түнейді. Таң атқан соң, дәудің үйін аралап, қарап шығады. Үйдің бір қараңғы жерінде темір сандық тұр екен. Етікші темір сандықты әрең дегенде ашады. Оның іші толған алтын-күміс екен. Бұдан кейін етікші алтын мен күмісті керегінше алып, ғажайып етігін киіп, үйіне ұшып келеді.
Дәуден алған байлығының жартысын еліндегі жетім-жесірлерге таратып береді. Осылайша етікші тұратын ауылдың тұрмысы жақсарып, мұраттарына жетеді. Ал қартайған кезінде етікшіні балалары асырапты.


Қасқыр мен егінші

Бір қасқыр тамақ іздеп келе жатып, құрулы тұрған қақпанға түсіп қалады. Олай жұлқынып, бұлай жұлқынып зорға құтылады. Қашып бара жатқанында оны аңшылар байқап қалып, соңынан тұра қуады. Қасқыр сасқалақтап бір егіншіге келіп жайын айтады:
– Қайтсең де мені құтқар, жақсылығыңды еш ұмытпаспын, мені қабыңа салып, жасыра тұр, – дейді.
Қасқырдың мүшкіл халін көрген егінші оны қапқа салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей мылтық, қылыштарын жарқылдатып аңшылар жетеді.
– Қашып бара жатқан қасқыр көрмедің бе? – деп сұрайды олар.
– Жаңа бір қасқыр анау шоқыдан әрі асып кетті, тезірек ұстаңдар, – дейді егінші.
Аңшылар ұзаған соң егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға:
– Жөніңе бар, кейін маған бір жақсылық етерсің, – дейді. Қасқыр қуанып, секіріп шығып, егіншіге:
– Мен сені жеймін, қарным аш, – деп тап береді. Егінші байғұс сасқалақтап:
– Әй, қасқыр, мұның қалай? Мен сені өлімнен құтқардым ғой! Жақсылыққа жамандық ете ме екен? Олай болса, қайсысымыздікі жөн екен, төрелігін біреуден сұрайық, – дейді.
Екеуі керісіп тұрғанда бір жақтан қаңғалақтап түлкі келеді. Бұлар түлкіге оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. Түлкі:
– Жоқ сөзді айтпаңдар, менен басқа біреу естісе, күліп жүрер. Дорбаға үлкен қасқыр сыйды дегенге нанбаймын, барып тұрған өтірік, – дейді.
Қасқыр мен егінші «рас» деп керісіп болмайды. Түлкі қасқырға:
– Қапқа кіріп көрсетпесең, сенбеймін, – дейді. Қасқыр оны сендірмекші болып қапқа кіргенде түлкі егіншіге:
– Байла қаптың аузын, енді қимылдайтын кезің келді. Күзде егінді қалай орып жүрсің? Қәне, көрсетші маған, – дейді.
Егінші құралын алып, қасқырды ұра бастайды. Біраздан соң түлкі:
– Егінші, енді қаптың аузын аш, – дейді. Сонда қасекең атып шығып, алды-артына қарамай зыта жөнеледі. Артынан түлкі:
– Көптен бері тапқан бір әдісім еді, – деп сақ-сақ күліпті. Сөйтіп, егінші байғұс түлкінің айласымен ажалдан құтылыпты.

Дайындаған Аман Есен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.