Городская общественно-политическая газета

Балғындарға базарлық

0 61

Есімі исі қазаққа жақсы таныс Қадыр Мырза Әли балалар тақырыбына да қалам тартқанын көпшілік біле бермейді. Оның балғындарға арналған туындылары оқырман жүрегінен орын алған. Осы орайда біз де қаламгердің бір топ туындысын жариялауды жөн көдік.

Әттеген-ай

Ойнадым, ойнадым,
Ойынға тоймадым.
Шегім де бұралды,
Сонда үйге оралдым.
Мен жоқта үй іші
Екі рет шәй ішіп,
Тамағын пісіріп,
Табаққа түсіріп,
Өздері тойыпты,
Маған аз қойыпты.

Ет екен демедім,
Өкпелеп жемедім.
Ал апам күлді де,
Майлы шек, тілді де
Қалдырмай жеп қойды,
– Тәтті екен!– деп қойды.

Өйтерін білмедім,
Өйтерін білгенде
Өзім-ақ жейтін ем,
– Аз емес!– дейтін ем!

Досым екеуміз

Шекіссек те екеуміз
Үйге жылап қайтпаймыз.
Сөзімізге бекембіз,
Апамызға айтпаймыз.

Естімесе өздері,
Айтып қанша қажеті?
Біліп қойса,
Біздерді
Ойнатпайды бір жеті.

Асығыста

Қыртыс-қыртыс ұйпалақ,
Киіп алдым жейдемді.
Омырауын сипалап,
Таба алмадым түймемді.

Бірін таппай түйменің
Босқа пісіп-күйіппін.
Асығыста жейдемнің
Теріс жағын киіппін.

Шықсам да

Батырлығым ұстады,
Шықтым терек басына.
Сонау орта тұстағы
Жеттім ұя қасына.

Тұнық аспан төбемде
Тәрізді бір айна алды.
Қарап едім төменге,
Басым қатты айналды.

Мейлі, қалай ұқсаң да,
Мұнымды ерлік демеспін.
Шығуын бір шықсам да,
Түсе алатын емеспін.

Қырықаяқ

Шым астынан кетпейді,
Шымбайына батса да.
Суық та оған өтпейді,
Сызды жерде жатса да.

Жүргенде ұзап кетпейді,
Бар ынтасын салса да.
Қосаяққа жетпейді,
Қырық аяғы болса да!

Бұлт деген

Паровоздың түтіні!–
Жауабына мәз інім,
Білгішін-ай өзінің!
Сұрақ
Әжем айтты былай деп:
– Көршіміздің қандені
Біздің үйге ұдай кеп,
Ет ұрлап-ақ дәндеді!–
Ұқпайды екен дәнеңе,
Сұрақ қойды Жүсіпбек:
– Қанден деген немене,
Өспей қалған күшік пе?

Қояным

Бір қоян асырап келемін,
Оған мен көп уақыт бөлемін.
Өзі бір сүйкімді,
Бар менің
Сол үшін шығарған өлеңім.
Кісіге қараған кезінде
Бір үрей тұрады көзінде.
Су жүрек деп оны сөгер ем,
Қорқам ғой кейде мен өзім де!
Күшігім
Өзі адамға үйірсек,
Өліп-өшіп ойнайды.
Қиқуласып жүгірсек,
Қашып жүр деп ойлайды.
Қуып жетіп қалғанда
Білмейді не істерін.
Балтырыңнан алғанда
Батырмайды тістерін.
Кемірген кім,
ішкен кім?

Қағып шаңды,
Кітапшамды
Темірменен
Кемірген кім?

Деп ойласам,
Абайласам,
Тышекеңнің
Тісі екен!

Сүтін қойдың
Жаңа қойдым,
Кең тегештен
Кім ішкен?

Деп ойласам,
Абайласам,
Мысекеңнің
Ісі екен!

Аурудың аты

Береке кетіріп,
Ауырдым өтірік.
Апам да,
Атам да,
Әкем де,
Көкем де –
Бәрі де қиналды,
Жаныма жиналды.

Ұсынып асымды,
Ұстады басымды.
Халатты дәрігер
Келгелі әбігер.
Кеудемді тыңдайды,
Сұраудан тынбайды:
– Ішің бе?
– Ішім де!
– Тісің бе?
– Тісім де!
Ауырды бәрі де,
Ем болар дәрі не?–
Әлде не байқады,
Басын ол шайқады.
Апам да,
Атам да,
Әкем де,
Көкем де
Құлақ сап әр үнге,
Зәре жоқ бәріңде.
– Ауруы қауіпті,
Насырға шауыпты!–
Деп еді дәрігер,
Боп қалдық әбігер.
Апам да,
Атам да,
Әкем де,
Көкем де –
Бәрі де торықты,
Өзім де қорықтым.
Шын ауру шығармын,
Деп ойлап жыладым.
Көп шыдап тұрмадық,
Жамырай сұрадық:
– Ем жоқ па емдейтін,
Ауру бұл не дейтін?–
– Аты оның – еркелік,
Солай деп тіркелік!–
Қуанып сасқанда
Секірдім аспанға.
Апам да,
Атам да,
Әкем де,
Көкем де–
Бәрі де қуанды,
Өзім де қуандым!

Тоқымқағар

Таң қалдырып мен елді,
Тайға мініп жөнелдім.
Шапқан сайын елірдім,
Шапанымды жел үрді.

Желпіл қағып етегім,
Қопаң-қопаң етемін.
Көзім түк те көрмеді,
Қара су боп терледім.

Талып қалды тақымым,
Қалып қалды тоқымым.
Жармасамын жалына,
Жұрт күледі халыма.

Құрбыларым қарайды,
Құламасам жарайды!
Дұрыс па, бұрыс па?
Сағат бірден асыпты,
Апам іске асықты.

Бұрын мұндай болмаған,
– От жақ!– деді ол маған.
Кеуіп жатқан қу қидың
Үстіне әкеп су құйдым.
Көріп қалып бұл істі,
Апам маған ұрысты:
– Күлдірген-ау, Күлдірген,
Мынауың не бүлдірген?!
– Тез жансын деп мұндайда
Көмірге су құймай ма?!

Мен – балықшы

Серік болып Салыққа,
Барып едім балыққа.
Алабұға, ақ шабақ
Берді маған көп сабақ.
Қармағыммен ойнады,
Жемімді жеп қоймады.
Талай-талай қатырды,
Міне қалтқы батырды.
Жайлап тартып сағаға,
Сып еткіздім жағаға.
Тағы ұятқа қалдырды –
Алып шықтым балдырды.
Көлдің ойнап сазаны,
Маса да алды мазаны.
Шаққан жерін ісірді,
Әбігерге түсірді.
Түк ұстамай кеш болды,
Бар еңбегім еш болды.
Жеңіл ғой тек айтуға,
Ұялдым құр қайтуға.
– Ұстадың ғой өндіріп,–
Деп Салықты көндіріп,
Бір балыққа салмақты,
Ауыстырдым қармақты!
Ұқпаймын

Қоралар қалады қаңырап,
Ертемен қой өріп кетеді.
Момақан қозылар маңырап,
Үндері көш жерге жетеді.
Білмеймін, өздері тоңа ма,
Жазда да қалың тон киеді.
Мен қалың кимеймін,
Сонда да
Мені апам «Қозым!»– деп сүйеді.

Тоқал ешкі
(әні бар)

Күнде тәртіп бұзыпты:
Кішілерді сүзіпті
Миуаны үзіпті,
Мүйізіне тізіпті.
Міне осындай алыпты
Атам көріп қалыпты.
Қажыттың деп халықты,
Мүйізін қағып алыпты!

Шофер

Шофер жездем Ғаниды
Барлық бала таниды.
Сол көшіріп әкелген
Тың совхозға бар үйді.
Май-май болып білегі,
Бізбен ойнап күледі.
Машинаның тетігін
Бес саусақтай біледі.
Іссіз қарап тұрмайды,
Машинасын бұрайды.
– Балақай, сен қай жаққа
Бармақ ең?–деп сұрайды.
Сен мұндайда жасыма,
«Мен қырманның басына
Барам!»– десең болғаны,
– Отыр,– дейді,– қасыма!
Ешкімнен ол қалмайды,
Ешкімді алға салмайды.
Қара жолдың үстімен
Құйындатып самғайды.
Асықпайды, саспайды,
Әңгімесін бастайды.
Жол бермесе үйрек-қаз,
«Пе-пе-еп!»– дейді,
Баспайды.
Шалшықтан да өтеді,
Балшықтан да өтеді.
Алыстағы қырманға
Ә дегенше жетеді.
– Мотор жақсы істейді,–
Деп шылымын тістейді.–
Ағызып-ақ кеп қалдық,
Ал, балақай, түс!– дейді.
Менің жездем Ғаниды
Барлық бала таниды.

Етікші
(әні бар)

Көрдің, әлде көрмедің,
Етікші атам бар менің.
Қартпын деп ол айтпайды,
Қол қусырып жатпайды.
Тук-тук, тук-тук,
Қол қусырып жатпайды.
Құрып алып малдасын,
Жалпақ басты балғасын,
Пышағы мен бізін ап,
Отырғаны қызық-ақ.
Тук-тук, тук-тук,
Отырғаны қызық-ақ.
Қоңыр күзде, көктемде,
Қара жаңбыр төккенде
Кетпесін деп сыз өтіп,
Тігеді ол бізге етік.
Тук-тук, тук-тук,
Тігеді ол бізге етік.

Қадыр Мырза Әли,
ҚР халық жазушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.