Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бабамыздың үнісің сен, домбыра!

0 193

Қазақ халқының киіз үйі мен айтыс өнері, домбыра аспабы ЮНЕСКО тізіміне енген ең ежелгі мұралар ретінде белгілі. Ұлттық болмысты айшықтайтын құндылықтардың өзіндік мәні бар. Соның ішінде қазақтың қара домбырасының тарихы тереңде жатыр.

Бір ұлттың тарихын, тағдырын шанағына сыйдырған аспаптың шығу төркіні тым тереңде жатқан көрінеді. Жалпы, түркі тілдес халықтарда қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады. Ал белгілі академик Ахмет Жұбанов «домбыра» сөзі «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен шыққан деген пікірін айтса, белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі «дөп бұра», «дәл бұра», «дем бұра» деген сөздердің тізбегінен жасалған деген пікірде. Сонымен бірге тағы бір деректерде домбыра атауы «дом+бұра» деген сөздерінен шыққан делінеді. «Дом» сөзі қазір «домығып ісініп кету» мағынасында қолданылып жүр.
Зерттеушілер арасында домбыра атауының шығу төркініне байланысты тартысты пікір көп. Домбыра біздің дәуірімізге дейінгі 5 мың жыл бұрын пайда болған деседі. Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4 000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан екен. Сондай-ақ белгілі зерттеуші Жұмагелді Нәжімеденовтің «Қоңыр үнді домбыра» кітабындағы деректерді мысалға келтірсек, домбыраның тарихы тереңде екенін көреміз.

Сақтардың кезінде (б.д.д. VII-IV ғасырлар) қобыз, сыбызғы мен домбыра кең тараған. «Шыңырау» мен «Аққу» күйі – сол замандардан жеткен. Қазіргі қазақтың бесік жырлары, олардың әуені сол кезеңдерден бастау алады. Біздің уақытымызға дейін жеткен ғұндардың күйлері (б.д.д. III-II ғасырлар) «Кеңес», «Сары өзен», «Шұбар ат», біздің дәуірімізге дейінгі II-I ғасырдан бері аты ұмытылмай келе жатқан күйші, сыбызғышы Саймақ өмір сүрген. Қимақтардан (б.д. VI-IX ғасырлар) «Ертіс толқындары», «Мұңлы қыз», «Тепең көк», «Ақсақ қаз», «Бозінген», «Желмая», «Құланның тарпуы», «Көкейкесті» күйлері жеткен.
Ал Алматы облысында Майтөбе жайлауынан жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты. Бұл суретте домбыраның артында бес адамның әртүрлі қимылда билеп тұрғаны бейнеленіпті. Аспаптың екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, кеудесі бар, бетін бетқақпақпен жапқан. Домбыраның басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім.
Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. Мәселен, ертеде бір аңшы жігіт аң атып алып, сол сойылған аңның ішегін ағаш басына лақтыра салады. Шұбатылған ішек бір бұтақтан екінші бұтаққа ілініп, керіліп қалады. Күндердің бір күнінде Қамбархан сол жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір жағымды әуен, құйқылжыған үн естіледі. Жан-жағына қараса, бір бұтақтан бір бұтаққа керіліп қалған қос ішек жел соқса, ызыңдап қоя береді екен. Аңшы жігіт әлгі ағашты кесіп алып, шауып, жонып, домбыра жасаған екен.
Осындай аңыздардың бірі – музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр «е, бұл сайтанның ісі болды ғой» деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.
Тағы бір аңыз атақты Шыңғысхан туралы өріледі. Бұл аңызда Жошы аң аулап жүргенде құланның айғыры қарсы шауып, содан жазым болады. Шыңғысханның маңайындағылар ханның үлкен ұлы қайтыс болғаны жайлы айтуға батылдары жетпейді. Өйткені ханға жамандық хабар жеткізген адам өлім жазасына кесілетін еді. Осындай қиын жағдайда осы өңірге белгілі күйші, қайыңнан домбыра ойып, оған малдың ішегін тартып, Шыңғысханның ордасына келіп, тізерлей отырып, қайғылы күйді шерткен екен. Күйдің сарынында Шыңғысханның ұлы Жошының аңға шыққанда құланның үйіріне кезіккені айтылады. Құланның үйірін денесі ірі, өзі әккі әрі күшті, құландар арасындағы бір айқаста аяғын зақымдап халық арасында «ақсақ құлан» атанған құланның айғыры болғаны айтылады. Құланның айғыры осы уақытқа дейін өз үйірін осындай қуғыннан аман-есен сақтап жүрген еді. Бірақ осы жолы Жошы мен оның жауынгерлері үйірдегі биелер мен қодықтарға жақын келіп үлгерген еді. Енді сәл болғанда құландар садақ жебесінен қырыла бастайтын еді. Осы сәтті құланның айғыры өзінің өмірін аямастан кері бұрылып, Жошы ханға тарпа бас салып, оны жерге құлатқан еді. Жошы қатты соққыдан мерт болады. Күйші күйді аяқтағанда Шыңғысхан мен оның маңайындағылар домбыра әуенінен шыққан құланның дүрсілін, құландардың жас әрі әлсіз қодықтарына мазасыздануын, өзінің үйірін сақтауға талпынған ақсақ құланның күші мен ақылын естіген еді.
Шыңғысхан үнсіз ұзақ отырады. Ал маңайындағылардың батылы жетіп үн шығара алмайды. Ұзақ үнсіздіктен кейін Шыңғысхан: «Сен маған менің ұлымның қайтыс болғаны жайлы қайғылы хабар әкеліп отырсың. Мен мұны сенің домбыраңды тыңдау арқылы түсіндім. Әкелген қайғылы хабарың үшін сен өлуге тиіс едің, алайда хабарды жеткізе отырып, сен «ләм» деп аузыңды ашпадың. Олай болса сенің домбыраң жазалансын. Домбыраның көмейіне еріткен қорғасын құйыңдар», – деп бұйырған екен.
Қазақтың қасиетті домбырасы туралы құлагер ақын Ілияс Жансүгіров:
«Домбыра сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң, тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма,
Тілден анық үн барда?
Домбыраның күші мол,
Көмейінде күй барда», – деп жырласа, Қасым Аманжолов бір өлеңінде:
«Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіремен.
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», – деп толғайды.
Ақындарымыз толғап өткендей, қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы – домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан-ғасырға іріктеліп, түрленіп жеткен, халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып келеді. Ғасырлар қойнауына көз жіберсек, киелі Әулиеата өңірінде он саусағынан саз төгілген күйшілер аз болмаған. Мәселен, саялы Сарысу өңірінде өмір сүрген қазақтың атақты күйші-композиторы Ықылас Дүкенұлы, Алаштың жүрегінен бір ғана «Ерке сылқым» күйімен өшпестей орын алған Әбдімомын Желдібаев – ұлт мұрасын сақтаған ұлы тұлғалар. Дәл осы көнекөз күйшілердің көзіндей болған Аман Малдыбаев бүгінде төл өнерімізді төрге сүйреп жүр.
Қазіргі күндері ұлттық құндылығымыз – домбыраны насихаттауға өз деңгейінде назар аударылуда. Домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға. Бұл шешім 2018 жылы қабылданып, жыл сайын шілденің бірінші жексенбісі ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналды.
Домбыраның төл мерекесіне орай 6 шілде күні облыс орталығында, сонымен бірге әр ауданда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Біз де өз кезегінде өңір тұрғындарын Домбыра күнімен құттықтай отырып, осындай шараға белсене қатысып, күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе екен дейміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.