Атам қазақ қыз баланы қонақ көріп, жастайынан жатжұрттық екенін санасына құйып, оның Алладан жеткен аманат екенін, ертең өз отбасы, ошағы болатынын ұқтырып өсірген. Келін атанып, өзге үйдің босағасын аттағанда қызына «Тастай батып, судай сің» деп бата берсе, құдаларына «Еті сенікі, сүйегі менікі» деп айтқанын да білеміз. Бұл сөздің астарында талай мән жатыр. Оның үстіне төмен етектілер әке мен ағаның қас-қабағына қарап, жалпы ер азаматтың алдын кесуге болмайтынын ұғып өсті. Қызға қатал қарап, күлкісіне, сөзіне, жүріс-тұрысына дейін мән берген.
Бұл бұрын. Қазір заман өзгерді. Бәрі жаңаша. Әке мен қыздың әңгімесі жарасып, аға мен қарындасының көзқарасы үйлесіп, сіңісіп, жарасымын тауып кеткелі қашан. Мұны заманауи үрдіске бет бұру дейміз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Алайда осы заманауи үрдіске бет бұрғалы әйелдің ерден еш кем емес екенін, оның да еш қымсынбастан өз ойын жеткізуге хақылы екенін түйсінген сайын әйел өзінің ең басты статусын жоғалтып алғандай. Бұрын от анасы өз отбасының ұйытқысы болып, жаман ерді жақсы етуге бар ғұмырын арнаса, бүгінде жаулығын шешіп, қолын сілтеп кете барғанды оңайырақ санайды. Себебі бүгінгі әйел өзінің басшы да, бастаушы да бола алатынына көз жеткізді.
Әйел мен ердің тең дәрежелі болғаны кей жерде тиімді болғанымен, біздің қазақи ұлттық құндылығымызды кейбір тұста жоққа шығарып, кей қағидамызды ысыра жеткенін де мойындайық. Осы тұста өткенге көз жүгіртсек, қазақи тәрбие алып, от басы, ошақ қасынан ұзамаған аналарымыз ұлттық құндылыққа сүйеніп, ажырасу деген ұғымды тіпті түсінбей өткен десе де болады. Олар ажырасуды ар санаған. Сондықтан тағдырдың салғанына көнген әз аналар тіпті «күйеуі бар әйел таяқ жейді, күйеуі жоқ әйел тас шайнайды» деп түйсініп, қандай жағдай болмасын күйеуінен айырылмаған. Мұндай жағдай ілуде бір кездескен. Отбасының шырқы бұзылып, келеңсіз жағдайға ұшырағандар өте сирек болғандықтан, көзге шыққан сүйелдей көрінгені айдан анық.
Көпке топырақ шашудан әрине аулақпыз. Бірақ қазіргі заманауи әке-шеше қызы өзге босағаны аттаған соң, әлденеден көңілі қалса «ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» деп құлаққағыс етіп қояды. Бітті. Мұны естіген өзі жас, өмірлік тәжірибесі аз келін қайдан оңалсын? Ә дегеннен әлденеден көңілі жасып қалса болды «біреуден ашылмаған бақ біреуден ашылар» деп оп-оңай төркініне қайта келе салады.
«Ет сасыса тұз себеді, қыз сасыса не себедінің» кері келген тұс та осы емес пе?! Қыздар етегін жинап ел басқарғалы ер азаматтардың беделі де сусып түскендей. Біздің қоғамға қатал әке, айқайшы ағаның сырлас досқа айналғандығы отбасының ойраны шығып, ажырасудың жылдан-жылға көбейіп, арадағы бала тағдыры тәлкекке түсіп жатқанына әкеп соқтырғаны ма дерсің?!
Ажырасудың көбейіп бара жатқаны психологтарды да алаңдатып отыр. Осыған орай, Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қаржыландыруымен «Отбасы соттарына отбасылық ресурстарды қолдау орталықтарын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын іске асыру барысында ажырасқан ерлі-зайыптыларға психологиялық кеңес беріп, көмек көрсету мақсатында мамандардың біліктілігін арттыру үшін екі күндік семинар ұйымдастырды. Оған ресейлік заңгер, тренер Юрий Капштык және тәжірибелі психолог Ләззат Нұрпейісова қатысты. Аталмыш семинар барысында отбасылық медитацияның халықаралық тәжірибесінің даму тенденциялары, үйде жанжалдың шығу себептері мен неден пайда болуы және түсініспеушіліктің ажырасуға нендей әсері бар екені кеңінен талқыланды.
Психолог – адам жанының зерттеушісі. Ал бүгінгі қоғам жан зерттеушісіне зәру. Себебі бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселеге айналған ажырасудың алдын алуға бірден-бір қажет кеңесші һәм көмекші – психолог болып отыр.
Юрий Капштык психотерапия саласында ұзақ жылдар еткен еңбегінің тәжірибесімен бөлісіп, отбасылық психотерапия, осы салада қолданылатын әдістер мен қалыпты және қалыптан тыс дағдарыстарға кеңінен тоқталып өтті.
– Отбасылық қарым-қатынастың дамуында құлдырау кезеңі болады. Ол ерлі-зайыптының бір-біріне көңілі толмауынан ұрыс-керістің жиілеуіне әкеліп соғады. Міне, бұл – отбасылық дағдарыс кезеңі. Дағдарыстың психологиялық себептері өкпелеу, елемеу мен жақтырмайтын сезімдерде туындайды. Олардың сезімдерінің сууына алып келетін тағы бір мәселе – ұзақ уақыт алыста болулары. Ажырасқан жағдайда депрессия, одан кейін бейімделу кезеңінен өтеді. Осындай ауыр жағдайда түрлі ашық және жабық сұрақтар қойып, қолдау көрсетіп, жанашырлық таныту арқылы ерлі-зайыптының екеуін де мұқият тыңдап, дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы бәрін шешіп беру – нағыз маманның ісі, – деді Юрий Капштык.
Тәжірибелі психолог Ләззат Нұрпейісованың айтуынша, алғашқы үйленген жылдар отбасы үшін ең қиын уақыт екен. Себебі бұл – әлі де бір-бірін тани қоймаған екі адамның бір-біріне үйрену кезеңі. Осы кезеңнен бір-бірін түсінуге, өз отбасын бәрінен биік қойып, сақтап қалуға тырысып, сабырлық танытқандар ғана барлық қиындықты жеңіп шығады екен.
– Уақыт алға жылжыған сайын жаңа үйленген екеудің тәтті кезеңінің уақыты өтіп, дәмі кетіп, енді күнделікті күйбең тіршілік басталады. Күнделікті өмір өз нюанстарын ала келеді. Үйдегі үйлесімді атмосфераны сақтау ережелері қарапайым болғанымен, оларды ұстану өте қиын. Әсіресе, ерлі-зайыпты жанжалдасып қалғанда, сабыр сақтау қиынға соғады. Сондықтан қыздар мен жігіттер үйленер алдында психологтың көмегімен немесе қандай да бір отбасылық жағдайға тәрбиелейтін қысқа курстан өту керек деп санаймын. Сонда ғана олар отбасылық өмірге дайын болады және түрлі қақтығыстарды тыныш шешуге дағдыланады. Отбасындағы ең негізгі ереже – үйдегі мамыражай татулықтың, тыныштықтың қадірін білу. Отбасындағы тату-тәтті шақтарды сақтап қалғысы келген адам бәрін дұрыс шеше алады. Мұндай тыныш та қалыпты жағдайды сақтау үшін әңгімелесушіні соңына дейін тыңдау, әлдене демес бұрын сөзін іштей қорыту, өзін осы адамның орнына қойып көруі керек. Өз ойын дұрыс жеткізуге үйрену керек. Ерінің сөзі жұбын ренжіту үшін емес, кем-кетігін түзеу үшін айтылғанын, қамқорлығын сездіре алу керек, – дейді Ләззат.
Иә, күні бүгін жас жұбайлар психологқа жиі жүгінеді. Жанұяны сақтап қалу барысында мұның әсері де зор. Бірақ отбасылардың шаңырақ көтере сала емес, әбден титықтап, шаңырақ шайқалудың аз-ақ алдында психологқа жүгінетіні өкінішті.
Жиын барысында тәжірибелі психологтардың семинарына арнайы қатысуды жөн санап келген жас жұбайлар Әзиз және Хадишамен осы ортада тілдесудің сәті түсті. Олар бір-бірін сүйіп қосылыпты. Бірақ отбасын сақтап қалу үшін махаббат, күйіп-сүю аздық ететінін бірге ғұмыр кешкен бес жылдық тәжірибесінде мықтап түйсініпті. Екі жас күйбең тіршілікте ақыл-ой, сабыр мен сыйластық және басқа да жақсы қасиеттермен қатар сабырлы болудың маңызы зор екенін түсінгендіктерін айтты.
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ біз үйленбей тұрып, кім қатты ашуланса, екіншіміз оның артық сөзін естімей кетіп қаламыз деп уәделескенбіз. Себебі адам ашу үстінде көп қателік жасап, артық сөз айтып қояды. Сондықтан біз қайсысымыз бірінші ренжи қалсақ, ашу басылғанша бір-бірімізден алшақта жүреміз. Кейін ашу басылған соң, жай сөзбен-ақ түсінісіп аламыз. Бұл мәселе – біздің үйдегі көп қиындықты жеңген, ренжісудің алдын алып, үйдің берекесін кетірмеудің ең оңтайлы тәсілі, – дейді Әзиз.
Иә, күні бүгін отау құрған жастардың басты проблемасы шаңырақты шайқалтпаудан бұрын әрқайсысы өзін тыңдату, менмендік жолында бір-біріне жеңістік бермей, сөз асырмай, әркім өзінікін дұрыс санауында жатқаны көңіл қынжылтады. Психолог мамандардың да алаңдап отырғаны – осы мәселе. Ерінің ойы «Қатын жолда, бала белденің» кері болса, әйелі «бір шаңырақтан ашылмаған бақ екіншіден ашылар» деген пікірге бой алдырады. Сөйтіп, күні кеше ғана ұлан-асыр той жасап, мәңгілік бірге болуға серттескен ең жақын адамдар әп-сәтте табыспас жат адамдарға айналып шыға келеді.
Статистикаға сүйенсек, елімізде 2019 жылы 27,9 мың адам некеге тұрған. Ал ажырасу мәселесі 2,7 пайызға азайыпты. «Отан отбасынан басталады» десек, отбасының босағасын берік етіп, шаңырағын биіктеткен елде ғана әр адам бақытты. Ал бақыттың уығын бірге қадап, қабырғасын бірге қалауға ниет еткендердің шаңырағы ешқашан шайқалмасын, уығы уысыңнан түспесе екен дейсің…

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған