1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Балаларды қорғау дегеніміз – әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз.
Арманы бір, үні бір,
Аға – ардақты, іні – гүл.
Бақыт туын көтерген
Балалардың күні бұл.
Бұл атаулы күн 1949 жылы ресми түрде бекітілген. 1950 жылдан бері бүкіл әлем осы күнді Балаға қамқорлық күні ретінде атап өтіп келеді. Осы үрдістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Елде азаматтық қоғамның қалыптасуы жеделдеген сайын бала құқығын қорғауға деген жауапкершілік, балаға деген қамқорлық артып келеді.
Қазір елімізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Бұл лауазым иесінің тікелей Президентке бағынатыны бала құқығын қорғауға деген мемлекеттің ұстанымы қандай деңгейде екенін көрсетеді.
Қазақстанда бала мен әйелдің, жалпы адамның құқығын қорғайтын негізгі заңдардан бөлек, балаларға арналған ондаған заң мен нормативтік актілер қабылданған. Ал өткен жылы 15 сәуірде Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды.
«Бала – адамның бауыр еті» деп қазақ тегін айтпаған. Баланы күнәсіз періштеге балаған ұлтымыз оған түрлі сый-сияпат жасап, ерекше көңіл бөліп, бүлдіршінге қуаныш сыйлауға асығады. «Жерде бала қуанса, көктегі мың періште шаттанады» дейді біздің қазекең. Осы бір адамзаттың кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді туындысындай балақайлардың қуанышын еселейтін балаларды қорғау күнінің орны ерекше.
Бүгінгі өмірін ертеңге жалғайтын ұрпағының дені сау, ақыл-есті болып өсуіне жете мән беріп, барынша күш салу – саналы адамның ғұмырлық мақсаты. Қазақ – бала тәрбиесіне ежелден ерекше мән берген халық. Бұл – құр жаттанды айтыла салған сөз емес. Ұланғайыр өлкені сырт дұшпаннан қорғау, ішкі бірлік-берекені нық ұстау, отбасын асырау үшін шаруаға бейім, өмір сүру икемділігі мен дағдыларын тиісті деңгейде игерген болу қатарлы жеке тұлға мен қауымға ортақ мәселелердің шешімі кешегі қазақ қоғамында қалай табылды деген сұраққа телегей-теңіз ауыз әдебиеті толығымен жауап береді. Қазақтың бай фольклорында мұның бәрі егжей-тегжейлі көрініс тапқан. Қазіргідей білім беру жүйесі, стандарттар жоқ заманның өзінде қазақ халқы өзінің жас ұрпағына саналы тәрбие бере білген.
Жалпы, қай халықтың болмасын елдігін, салт-дәстүрін, ата-мекенін болашаққа апаратын бүгінгі жас ұрпағы. Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ. Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Сондықтан да тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де кемел болуы рухы асқақ, өресі биік білімді де талантты ұрпақ қолында. Кішкентай да болса, үлкеннің назарын өзіне аударған балдырғандарымыздың риясыз күлкісіне кірбең түспеуі қажет.
Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын.
Баршамызды бал тілімен баурайтын,
Бала деген – бір бақыт қой самғайтын.
Ата-ананың арманы мен тілегін,
Бала емес пе бал бұлақтай жалғайтын?!
Ақынның жырына арқау болған, күллі адамзат баласының мейіріміне бөленетін естен кетпес ерекше күн балалар мерекесі құтты болсын! Бейбіт аспан астында, ата-анасының қасында балалар шат күлкі мен қуанышқа бөлене берсін!
Еркін САЙЫН