Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бағаны төмендету үшін ірі сауда орындарымен келіссөз жүргізген жөн

0 1  300

Жыл басында Жаңаөзеннен бастау алып, еліміз бойынша қолдау тапқан бейбіт шерудің соңы «қайғылы қаңтар» оқиғасына ұласты. Бұл дүмпулердің барлығы әлеуметтік теңсіздіктен бастау алды.

Батыс жұртшылығы сұйытылған газды өздері өндіріп отырғаннан кейін олардың талабы бағаның өспеуі болды. Ал өзге аймақтарда ең басты мәселе – әлеуметтік теңсіздік. Шыны керек, бұл жасырын емес. Қазіргі таңда баға күн санап шарықтап, қарапайым халықтың қалтасы көтермейтін қымбатшылық орнады. Тіпті күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы шарықтады.

Бүгінде ең басты түйткіл – бағаны тұрақтандыру. Соғыс жылдарының өзінде халықтың мүддесі алдыңғы орынға шығып, азық-түлік бағасы жыл сайын төмендеп отырды. Біз еңсесін тіктеп, егемендіктің 30 жылына аяқ басқан елміз. Ел Президенті бүгінде Үкіметке сан түрлі тапсырма берді. Енді оның орындалуын қатаң бақылау керек. Жергілікті әкімдіктен бастап, дүкен иелеріне дейін жауапкершілікті сезініп, қолдарынан келген көмекті аямағаны жөн. Бұл орайда коммуналдық төлемдердің бағасын 20-25 пайызға арзандатуды ұсынамын. Егер осыған қол жетсе, «Жамбыл жылу», «Таразэнергоорталық», «Жамбыл су» сынды мекемелердің коммуналдық қызметінің құны автоматты түрде төмендейді. Бүгінде барлық мекеме жекеге өткендіктен, оларға Үкімет тапсыр- ма беріп, бағаны тұрақтандыруы керек. Рас, күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жергілікті билік әлеуметтік дүкендердің санын көбейтіп отыр. Алайда ондағы тауарларды тұтынатындардың саны көп емес, санын қала тұрғындарына шаққанда төмен пайыз. Ал қала бойынша ең үлкен дүкендер желісі «Дәмді себет», «Фиркан», «Магнум» сынды халық көп баратын сауда орындарының иелері – өзіміздің жерлестер. Бір сауда орнының қазір өңірде кем дегенде 20-30 дүкені халыққа қызмет көрсетіп отыр. Ол, әрине, қуантарлық жағдай. Бірақ осы дүкендердің иелерімен келісіп, бағаны төмендету бойынша мәмілеге келу керек. Олар да алып-сатар. Бірақ бағаны тұрақтандыруға болады.
Бүгінде еліміз сүт пен етті де сырттан алуда. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін төрт-түліктің санын көбейтуіміз керек. Осы орайда айта кетерлігі, өзім кезінде 9 жыл әкім болған Талас ауданында жыл сайын әр отбасына 50 бас қозыдан үлестіріп, төрт-түлікті көбейту ісін жандандырған болатынмын. Д.Қонаевтың тұсында 40 миллионға жеткен малдың басын 50 миллионға жеткізу керек деген тапсырма болды. Алайда ата кәсіп бүгінде ауылда кенжелеуде. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ауылды қалаға көшіру, мал шаруашылығын тоқтату сынды саясаттың кесірінен бүгінде көптеген елді мекендерде мал саны айтарлықтай азайды. Осы тұста мал басын көбейтіп, агросаланы қайта жолға қоятын ұтымды ұсыныстар мен бағдарламалар әзірлеу керек. Бұрын әр үйде кемі 2 сиырдан болатын. Әркім өзіне керекті сүт-айранды, құрт-майды жасап, күн көретін. Төрт-түлік деген – береке. Мінсең – көлік, ішсең – сүт, жесең – ет. Міне, халыққа ауылдан жер беріп, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына жағдай жасалса, ел қалаға үдере көшпес еді. Ауылдан көшіп келген жұрт қалада не үй, не жұмыс таппай сандалады. Содан келіп Үкіметке өкпелейді. Әкімдіктердің алдына келіп, базынасын айтады. Кешегі бейбіт шеруге шыққандардың басым көпшілі- гі – жұмыссыздар мен жастар. Бізде қымбатшылық тек азық-түлікке ғана емес, үй мен көлікке де, жанар-жағармайға да қатысты болып тұр. Президенттің сын сағаттарда қабылдап жатқан шешімдерін толығымен қолдаймын. Тек бұл оқиға өзінің әділ бағасын алуы керек. Алаңға шыққан қаншама жасты көрдім. Жазықсыз жастар жазаланып кетпеуі керек. Ал осы тұста арам пиғылмен бүлік шығарып, әкімшілік ғимараттарды өртеп, іріткі салған лаңкестер барынша қатаң жаза алуы қажет.
Қазір еліміз тарихи жол айрығында тұр. Алдағы жылдар қоғам үшін сындарлы сынақ болмақ. Үлкен өзгерістер енді ғана басталып жатыр, алда бізді мемлекеттің, экономика мен қоғамның терең трансформациясы күтіп тұрғаны анық.

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.