Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті.
Алдымен қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев пен сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дина Раманкулованың қала аумағында іске асырылатын жобалар бойынша баяндамасы тыңдалды.
Келесі кезекте қаржы бөлімінің басшысы Абылайхан Умирбаев 2025 жылдың 30 маусымына Тараз қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің болжамды орындалуы туралы баяндады.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Ғани Мульдеков қала әкімдігінің мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысы тарапынан 251 лот бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізіліп жатқанын айтты.
Ал кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұбаныш Омаров баға реттеу бағытындағы бөлімнің негізгі міндеті сауда дүкендері басшыларымен азық-түлік тауарларының сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау және тұрақтандыру жөнінде түсіндірме жүргізумен шектелетінін жеткізді. Бөлім тарапынан әлеуметтік азық-түлік тауары (сиыр еті) бағасын бөлшек саудада негізсіз көтерген «Нұрислам» сауда орталығындағы ет сататын «Майлаш» ШҚ кәсіпкерлік субъектісіне шара қолдану жөнінде Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне ағымдағы жылдың 10 сәуірінде ұсыныс хаты жолданып, департамент тарапынан «Майлаш» ШҚ субъектісіне тауардың үстеме бағасын 15 пайыздан асырғаны үшін айыппұл салынғаны жайлы мәлімет берді.
Сондай-ақ тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Нұралиев Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымды немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу Қағидасы, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес әзірленген Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған бағдарлама бойынша жүзеге асырылатын 16 үйді жөндеу жоспарымен таныстырды.
Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев бүгінгі таңда 23 нысанда орташа жөндеу (қалған 3 нысанда кезеңімен басталады), 4 нысанда шағал төсеу, 2 нысанда жаяу жүргінші жолдарын жөндеу (қалған 10 нысанда кезеңімен басталады) жұмыстары басталғанын айтты.
Ал Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова биыл 5 білім ордасының күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылғанын айтып, жұмыс жоспарға сай атқарылып жатқанын жеткізді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаеваның айтуынша, қала бойынша 16 781 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың ішінде I топ – 1 733 адам, II топ – 5 972 адам, III топ – 6 231 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны 2 845 адамды құрап отыр екен. Мүгедектігі бар адамдарға тәуелсіз өмір салтын жүргізу және өмірдің барлық аспектілеріне жан-жақты қатысу мүмкіндігін беру үшін тиісті шаралар қабылданған.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Камила Абашова Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай 1-6 шілде аралығында 25 мәдени іс-шара өткізу жоспарланғанын мәлімдеді.
Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев жалпы 48 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. Бөлім басшысының айтуы бойынша, бүгінге дейін 4 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға қабылданған. Қалған 43 үйді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал 1 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмау қаупі бар екен.
Өз кезегінде жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2025 жылдар аралығында 130 471 азамат тіркелгендігін жеткізді.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаров пен дене шынықтыру және спорт бөлімі Оксана Борисюктің баяндамалары тыңдалды.
Еркін САЙЫН