Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бәрінің үйі жоқ»: ақтаулық 500-ге жуық жұмысшы наразылыққа шықты

0 540

Ақтауда көше сыпырушылар наразылыққа шықты. 500-ге жуық коммуналдық мекеме жұмысшылары жалақы көтеруді талап етуде. Тіпті жанайқайын жеткізу үшін жолды жауып тастады деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

«Бәрінің үйі жоқ. Таңғы сағат 5те шығып, үйіне кешкі 8-де қайтады. Бәрі әйелдер. Осы жердегі еркектер дайын тамақ пен дайын төсекке барғаны болмаса. Басында ереуілге шығамыз деп ойламадық. Айналғанда тендердің мәселесі күшейіп кеткеннен кейін, сол себепті осындайға келдік …», – дейді тазалықшылар.

Күн ұзаққа көше сыпырып қаланың қоқысын шығаратындар әлі күнге наурыз айының жалақысын алмапты. Екі жылдан бері еңбек демалысына да шықпаған. Сондықтан жолды жабуға дейін барған жұмысшылар айлықты 30 пайызға өсіруді талап етті. Ал қала тазалағына жауапты мекеме басшылары көше сыпырушылардың ақшасын жыл сайын 10 пайызға көтеріп жатырмыз деп ақталды.

Мәселен, былтыр 67 мың теңгеден 83 мыңға көбейіпті. Ал биыл 90 мың теңгеге жетті дейді. Алдағы уақытта тағы 6 мың теңгеден қосылады деп жоспарлаған. Бірақ биыл тендер тоқтап қалып, қаржы қолбайлау болып отыр дейді.

«Біз мемлекеттік сатып алу конкурсын өткіздік Ақтау қаласы әкімдігі, үш жылға. Мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша бірнеше мекеме қатысып, жеңімпаз анықталды. Бірақ мемлекеттік аудит мекемесі тексеріп, бірінші конкурстың қорытындысын бұзып тастады. Кейін қайталап шығарған болатынбыз. Қазір жеңімпаз анықталды. Сонымен қатар қатысқан үшінші мекеме арыз жазуына байланысты тоқтап тұр. Сол себептен біз қала әкімдігі мына мекемеге тиісті қаражатты төлей алмай отыр», – дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.