Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанның Бас мүфтиі бизнес өкілдері қолданатын «қара жұма» сөзін өзгертуді ұсынды

0 153

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды көпшілік орындарында жазылған «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге шақырды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Кейінгі жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың әдісі ретінде қолданылып жүрген «қара жұма» сөзі қоғамда талқыға түсуде. Дініміз бен дәстүрімізде бар «жұма» сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Мен осы ретте еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды «қара жұма» сөзін «жомарт жұма» деп өзгертуге шақырамын»,- деді Бас мүфти үндеуінде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы «жомарт жұма» – жүрекке жылы тиетін, халқымыздың ұғымына да сай келетін сөз екендігін баса айтады.

«Мұсылман қауымы үшін жұма қасиетті күн болғандықтан, «қара жұманы» «жомарт жұма» деп өзгертсек, бұл – Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша, кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің нәтижесінде «жомарт жұма» акциясы аясында қаншама жанның алғысына бөленер еді», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.