Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда күні бойы тамақтануға мүмкіндігі жоқ тұрғындар саны артып келеді

0 392

Соңғы кездері азық-түлік тауарларының бағасы 16%-ке өсті. Осы орайда қазақстандықтар тамақ мәселесі туындайды деп алаңдап отыр. Одан бөлек күні бойы тамақтануға мүмкіндігі жоқ адамдар саны да артып келеді, деп хабарлайды Stan.kz

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жыл сайын наурыз айында «Тұрғындардың өмір сапасын» зерттейді. Оның нәтижесіне сәйкес азық-түлік қауіпсіздігі саласында ақшаның немесе басқа ресурстардың жетіспеушілігінен тамақ жеткіліксіз болады деп алаңдайтын респонденттердің үлесі 5,7%-ті құрады. Бұл былтырғымен салыстырғанда жақсы. Себебі көрсеткіш 2021 жылы – 6,6%, 2020 жылы – 7,1%, 2019 жылы – 9,4% болған.

Соған қарамастан, ақша және басқа да ресурстардың жоқтығынан күні бойы тамақ ішпеген респонденттер саны бір жыл ішінде 0,5%-тен 1,3%-ке өсті. Респонденттердің 2,6%-і жауап беруге қиналса, 2,5%-і жауап беруден бас тартты.

Тамақ мәселесі қалалықтарға қарағанда ауылдықтар үшін өзекті. Яғни 5,9% – ауылды жерлерде және тиісінше 5,6%-і қалада. Гендерлік тұрғыдан алғанда, әйелдер бұл туралы ерлерге қарағанда жиі алаңдайды екен: 6,3% қарсы 4,9%.

Ақша немесе басқа ресурстардың жетіспеушілігінен соңғы он екі ай ішінде күні бойы тамақ ішпегендердің үлесі ауылдық және қалалық жерлерде бірдей 1,3%. Гендерлік тұрғыдан алғанда, әйелдер (1,4% респонденттер) ерлерге қарағанда (1,1%) осындай жағдайға жиі тап болды.

Өз-өзін жұмыспен қамтығандар азық-түлік қауіпсіздігі туралы ең аз алаңдаушылық білдірді. Барлығы 5,3%. Жалдамалы жұмысшылардың арасында ақша немесе басқа ресурстың жетіспеушілігі туралы респонденттердің 5,5%, ал жұмыссыздар арасында респонденттердің оннан бір бөлігі алаңдайды.

Сондай-ақ, 12 ай ішінде ақша және басқа да ресурстардың жетіспеушілігінен күні бойы тамақ ішпегендердің үлесі жалдамалы жұмысшылар арасында 1%-ті құрады. Одан кейін өз бетінше жұмыспен айналысушылар – 1,4%, ал жұмыссыздар арасында олардың үлесі 4,1%-і құрады.

Тамақтан қысылғандардың дені – 39 жастан 48 жас аралығында. Олардың үлесі – 2%. Одан кейін жасына байланысты зейнеткерлер (58/63 жас және одан жоғары) – 1,5% және зейнет жасына жақын (49-57\62 жас) – 1,2%. Ақшаның жетіспеушілігінен күні бойы тамақтанбайтындардың үлесі ең аз, 15 жастан 17 жасқа дейінгі респонденттер арасында бар болғаны 0,5%.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.