Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстан әскеріндегі қару-жарақтың кемі 95 пайызы Ресейдікі – сарапшы

0 520

Қандай мемлекет болсын, айбынды әскер құруды мақсат тұтатыны бесенеден белгілі. Әскердің әлеуеті оның санымен, қару-жарақтың мықтылығымен өлшенеді. Осы ретте «еліміздің қорғаныс саласында қанша әскери техника, қару-жарақ бар?» деген сұраққа Экспресс К тілшісі жауап іздеп көрген еді.

Алдымен Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдадық. Бұл органнан министрдің орынбасары Сұлтан Қамелетдинов жауап беріпті. Әрине, нақты бірнеше сауал қойылғанымен, әскери құпиялылықты ескертіп, статистикалық көрсеткіштерді айтпаған. Дегенмен, министр орынбасары берген жауаптың мына жерін келтірмеске болмайды.

Төнген қауіп-қатерлерге жедел ден қою үшін әскер мен жүктерді тасымалдау жөніндегі мүмкіндіктерді ұлғайту шаралары қабылданып жатыр. Міндеттерді орындау мақсатында 40 тоннаға дейін жүк көтеретін әскери-көлік ұшақтарын сатып алу да жоспарланған,

— дейді Сұлтан Қамелетдинов.

Ол әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің, оның ішінде жоғары дәлдіктегі қарудан қорғану (қанатты зымырандар, басқарылатын және тосқауылға арналған оқ-дәрілер, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар) мүмкіндіктерін арттыру мақсатында жауынгерлік кезекшілікте «Бук-М2Э» дивизионы тұратынын айтқан. Сондай-ақ қазіргі заманғы (Тор-М2К) зенит-зымыран кешенін жеткізу де жоспарда бар екен.

Қарулы күштердің құрлық әскері үшін отандық қорғаныс кәсіпорындары бронды дөңгелекті машиналарды жеткізіп, бронетехникаға (Т-72, БМП-2 және БТР-80 танктері) күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта оларды жаңарту (модернизациялау) жоспарланған.

БТР-80
БТР-80

Бұл тақырыпқа тереңірек үңілу үшін әскери сарапшы, журналист Амангелді Құрметұлымен де сұхбат құрдық.

Экспресс К: Қару-жарақ, әскери техникалар жалпы қанша уақытта жаңарып тұруы керек?

Амангелді Құрметұлы: Жалпы, қару-жарақ пен әскери техникалар белгілі бір уақытта жаңартылып тұру керек деген шарттылық байқалмайды. Әскери техникалардың қолданыс мерзімі азаматтық саладағы техникаларға қарағанда ұзақ. Мысалы, өткен ғасырдың 40-шы жылдары шығарылған техникалар әлі күнге дейін бірнеше елдерде қолданылады. Ресей әскері де өздігінен жүретін артиллерияны пайдаланып отыр. МиГ-21, МиГ-23 ұшақтарын қолданып жүрген елдерді де байқауға болады. Бұл, әрине, даму жағынан кеш қалған мемлекеттер.

Амангелді Құрметұлы
Амангелді Құрметұлы

Дамыған елдердің өзінде әскери техниканы жаңарту кезең-кезеңімен баяу жүреді. АҚШ-тың өзі әуе тасушы кемелерін толық жаңғыртып болған жоқ. Ол жақтағы ұшақ тасымалдайтын 12 кеменің тек екеуі заманауи. Қалғаны 80-90-шы жылдардан бері бар.

Біздікілер де сол халықаралық тәжірибеге сүйенетін секілді. Еліміздің Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың «2030 жылы әскери техниканы толық жаңғыртып боламыз» дегенін естіп едім. Соған қарағанда, алдағы 7-8 жылда біраз жаңа техника алынуы мүмкін.

Экспресс К: Түрлі ұйымдағы одақтастармен әскери техникалық жабдықтармен алмасу бар ма?

Амангелді Құрметұлы: Бұған дейін Израильдің, Қытайдың пилотсыз ұшатын техникаларын алғанбыз. Түркиядан да дрондар келуі тиіс. Екі елдің президенті қол да қойып қойды.

Екіншіден, бронды көліктерді өзгелерден ала беруіміз мүмкін. Кезінде АҚШ берген Humvee, Түркия берген Cobra бар. Әскери доктринамызға сай келсе, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) елдерінің техникасына қарап қалмай, басқалардан да әкелу керек.

Бірақ танк секілді ауыр артиллерия көліктерін сол Ресейден тасымалдарымыз белгілі. Кезінде Израильден дүңкілдетіп ататын танктер әкелуге келіссөз жүргізілген. Одан кейін мұндай ауыр артиллерия шетелден алынбады. Негізінен бізде жүргеннің көбі Ресейдікі.

Одақтастарымызбен белгілі бір техника алмасу тұрғысында емес, ашық сату алумен ғана сөйлесетін болуымыз керек. Әскери техниканы алмасу сирек болады. Көбінде келісімдер арқылы сатып аламыз. 2011жылы «Тер­минатор» БМПТ көлігі Қазақстанға келді. Ол автокөлік емес, танк тәрізді, шын­жыр табанды ауыр көлік. Оларды біз жасай алмаймыз. Ал танктер түгел дерлік жаңарған жоқ. Еуропаның да, Қытайдың танктері де біздің елге бұйырмады.

Әзірге одақтас ретінде Ресейдің техникасына жүгіне беретін тәріздіміз. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан қарулы күштерінің кемінде 90-95 пайызы ресейлік техника деп сенімді айтуға болады.

Экспресс К: 27 тамызда Қазақстан әскери өнімдерінің бүкіл экспортын бір жылға тоқтатуға шешім қабылдады. Бұл өзгеріс үшін не керек болды?

Амангелді Құрметұлы: Менің пайымдауымша, бұл шешім Қазақстан түрлі бағыттағы санкцияларға ұрынып қалмау үшін қабылданса керек. Сосын бірқатар халықаралық ұйымдардан қысым көрмеудің амалы да болуы мүмкін. Оның алдында Қазақстан Ұлыбритания арқылы Украинаға қару-жарақ жіберіп жатыр деген қауесет тараған. Фейк екені айтылды. Алайда «қазақта жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген керемет сөз бар.

2020 жылы «Қарабақ қақтығысы» кезінде Арменияның БАҚ өкілдері Қазақстанның бір компаниясы өздеріне 10 миллион патрон сатты деген ақпарат таратқан. Кейін бұның Арменияға емес, Түркия арқылы Сириядағы қарулы топтарға өтіп кеткені белгілі болды. Алайда біздің жақ тіс жарған жоқ.

Мемлекеттік сатып алу туралы порталды қарағанда ондай компанияның бар екені расталды. Бірақ патронды алған-алмағаны белгісіз. Осындай жағдайлар Қазақстанды санкцияға іліктіруі мүмкін. Біздегілер соның алдын алған болар.

Одан бөлек, Қазақстанның сыртқы әскери қару-жарақ сата алмайтынын ескеру керек.

Экспресс К: Қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру және сатып алу мәселелерімен Индустрия және инрфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады екен. Осы қаншалықты дұрыс?

Амангелді Құрметұлы: Бұдан бірнеше жыл бұрын Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі деген министрлік болды. Өйткені оның алдында мемлекеттік сатып алу процесін Қорғаныс министрлігі өзі ұйымдастырғандықтан, жемқорлық көбейіп кеткені айтылды. Бірақ екі министрлікке бөлгенімен, олқы түсетін тұстар жетерлік. Қорғаныс өнеркәсібін сосын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берді. Соның өзінде лобби әлі де жеткілікті. Өйткені бұл ведомствоның кейбір шешімдері Қорғаныс министрлігіне ұнамауы мүмкін.

Қазақстан медиасында Ресейдің БТР-82 техникасымен отандық «Барыс» және «Арлан» бронды көліктерін қарулы күштерге беру тұрғысында біраз дау болған. Блогерлерді, танымал журналистерді тартып, екі тарап біраз дауласты. Екі министрліктің бөлек жұмыс істегені дұрыс көрінгенімен, әлі де пысықтайтын тұсы жетерлік.

Екіншіден, маған ұнамайтыны, аэроғарыш саласын цифрлық дамуға жеке-дара бөліп әкеткені дұрыс емес. Мұны қорғаныс өнеркәсібі саласымен бірге дамыту керек еді. Әлемде ғарыш саласы әскериленіп бара жатыр. Сол себепті ғарыш елдің қорғаныс саласымен ұдайы бірге болғаны жақсы. Қазақстанда қазір әскери мақсатта жер серігі де жоқ. Бұл қорғаныс қабілетіне кері әскерін тигізеді. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қос мақсатта, яғни азаматтық және авиациялық мақсатта пайдаланатын жер серігін әзірлеу мәселесі қарастырылып жатқанын екенін айтты.

Экспресс К: Кейінгі жылдары Қазақстан қандай жаңа қарулар алды? Осы жағынан ақпаратыңыз бар ма?

Амангелді Құрметұлы: Соңғы жылдары нақты қанша қару алынғаны туралы ақпарат тапшы. Бірақ 2020-2021 жылдары Ресейден зенит-зымыран кешендері әкелінгенінен хабарым бар. Атап айтсақ, соңғы үлгідегі «Тор» және «БУК-М2Э» кешендері сатып алынды. Бұл екеуі де мамандар жақсы болатын болса, сапалы техника болып есептеледі. Қазір Украинадағы соғыста «БУК-М2Э» арқылы украин әскері ұшақтарды атып түсіріп жатыр. Мейлінше, жоғары деңгейде пайдалануда.

"БУК-М2Э"
«БУК-М2Э»

Әскерилер бірқтар деректерін құпия ұстайды. Жоғарыда айтқан екеуінен бөлек, «Нұр-Элькелес» бар. Бронды көліктер алдағы уақытта Түркиядан да әкелінуі мүмкін. Ашық ақпаратқа сәйкес, Қазақстан 2023 жылға қарай ANKA дрондарын қарулы күштерге тапсыратынын айтып, ақпарат таратты.

Соңғы кездері еліміздің әскері нақты қандай қару алғанын толық ешкім білмейді. Біз тек көзіміз шалған ақпаратты айтып отырмыз. Ұсақ-түйек атыс қаруларыы, байланыс құралдарын, тағы басқаларды алып жатқан болуы керек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.