Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанға атом электростанциясын салу қажетпе?

0 178

Көзі ашық, көкірегі ояу, болашағына “елім, халқым, туған Отаным” деп тереңірек қарайтын әрбір Қазақстан азаматы Мемлекет басшысының жаңа Жолдауынан әркез ел игілігіне жарар жақсы да жаңа өзгерістер күтеді.
Президентіміз: «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды»,-дей келе, Семей полигонының халқымызға қанша қасірет әкелгенін атап өтіп, “олардың күдігін түсінуге болады” дейді.
Шынымен де, туған өлкем Семей, қазіргі Абай облысы атом полигонынан көп зардап шекті. Көзі көрген туған ата-әжелеріміздің айтуы бойынша сулы, нулы келген, табиғаты әсем, жабайы жуа, қарақат-бүлдіргендері қалың, шөбі жасыл майса Жидебай, Қарауыл, Дегелең, Қайнар, Шыңғыстау, Абыралы жерлерінің атом жарылысынан кейінгі күйі қандай болды?! Көлдері мен ағаштары қайда? Күні бүгінге дейін табиғаты орнына келмеді. Қаншама адам ядролық апаттан қырылды, қанша ұрпақ кемтар болды, жазықсыз сәбилер қалай туылды?!
Мектеп табалдырығын аттағаннан 11-класты бітіргенге дейін «Қазақстан тарихы”, кластан тыс өткізілетін “Политинформация” сабақтарында аймақтағы қасірет – Семей полигоны дерті» тақырыбынан бір алыстаған жоқпыз.
Атом станциясын салу жөнінде Президент Қ.Тоқаев қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруды тапсырма етті.
Негізінде, елдің келешегіне қатысты бұл стратегиялық маңызды мәселе – Президентімізбен 2019 жылдан бері айтылып келе жатқан дүние. Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу қажеттілігі туралы көптеген пікірлер бар. Біздің ғасырдағы энергетикалық мәселелерді атом энергиясын пайдаланбай шешуге болмайтыны анық.
Мұнай, көмір және газ қорлары және таза электроэнергияны пайдалануға ұмтылу жөніндегі жаңа әлемдік саясат жаңартылатын энергия көздерін кеңінен енгізу қажеттілігіне алып келеді. Атом энергетикасының кең дамуы туралы Қытай, Үндістан мәлімдесе, болашақта мұны Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де салмақшы.
Ал біздің еліміздегі электр энергиясының тапшылығы атом электр станциясын байыпты қабылдаудың уақыты келгенін көрсетеді, әсіресе Қазақстан мемлекеттер арасында кеніштерде уранның ең көп үлесін өндіретін мемлекет боп тізімде бірінші тұр.
Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы қаншалықты нақты және оған не кедергі, осыған орай, Қ.Тоқаев:
«Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын! Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деп, сөзін қысқа қайырды..
Жолдауда сөз болған ең үлкен мәселе осы деп санаймын! Халықтың өміріне қауіп-қатер әкелмейтін жақтары тыңғылықты, ғылыми, саяси, стратегиялық түрде ұзақ қаралатын, білімі мықты шетелдік, отандық мамандармен жан-жақты зерделеуді, асқан көрегенділікті қажет ететін бұл мәселе – халық игілігіне қарай өте мұқият, тиянақты қаралып, бір шешімін табады деген ойдамыз..
Екіншіден, жалпы Орталық Азиядағы су тапшылығының артуын ортақ мәселе деп тұспалдай келе, суды үнемдеп пайдалану энергетикасы мен көлік саласы арқылы көршілес елдермен ынтымақтас болуды үндейді.
Президентіміздің өзіме ұнар қасиеті де осы – барынша бейбітшілікті, татулықты, бірлік пен келісімді сақтауға ұмтылатындығы. Полиэтносты мемлекетіміздің көксегені – ынтымақ, бірлік арқылы – тірлік болса, келешегіміз кемел болатынына сенім мол.
Еліміздегі тағы бір стратегиялық маңызы бар міндет — көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану керек деп көрсетеді:
«Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет!» -деп түсіндіре келе Үкімет басшысы, осы сала бойынша Ресей және Қытаймен ынтымақтастықты жалғастыра беруді атап көрсетті.
Сондай-ақ, транзиттік әлеуетті нығайту мақсатында Транскаспий бағдарына айрықша мән беріп, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыру қажет екендігін де баса зерделейді.
Бұған қоса, Жолдауда —мемлекетімізде әлі де болса жемқорлықтың белең алып тұрғандығы, барлық сала бойынша мамандарымыздың бойында өзге дамыған елдермен жарыса еңбек ету, бәсекелестікке талпыныстың жоқтығы, ауылды аймақтардың заманауи жетілмегендігі сияқты т.б., еліміздегі бірқатар тамыр жайған кемшіліктер жөнінде де налып айтып, жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажеттігін, тапсырмалардың орындалуына бақылаудың күшейтіліп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдануын қатаң тапсырды.
Ел басшысымен әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына қатысты берілген барлық маңызы жоғары міндеттерге жауапты — еліне жанашыр үкімет басындағылардың естір құлағы, көрер көзі, сезінер жүрегі болса тез жетіп, орындалуы дереу қолға алынады деген сенімдеміз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы, өңірлік ҚХА Баспасөз хатшысы Бибігүл Шахзада

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.