Қалалық қоғамдық-саяси газет

“Қазақ менталитетінің айнасы” болып табылатын тілдік деректер

0 1  380

Әлемдік жаһандану XXI ғасырдың сахнасында он саусағы түгел барлық елдердің түбегейлі әлеуметтік, экономикалық және мәдениеттік өркендеуінде қолқамды өзгерізтер енгізді. Бұл, осы күнге дейін қалыптасқан жеке-дара ұлт болып танылған елдерді бір ортақ «ұлттың» астына біріктіріп, «өз ұлтым», «өзге ұлт» деп ажыратып бөлетін санадағы түсінікті өзгертудің бірден-бір амалы. Алайда, біздің талқыға салайын деген тақырыбымыз жаһандану аясында емес, жоғарыда аталған «өзім» және «өзге» түсініктеріне қатысты болмақ. Осы түсініктерге зер салып құлағымызды ассақ, санамызда келесі сұрақ туындайды: қалайша жеке ұлт, өзін басқалардан бөліп ажыратады? “Екі ұлт бір-біріне мүлдем ұқсамайды”, – деп, неге сүйене отырып қорытынды жасаймыз? Әрине, қазіргі көзқарас пен білімге арқа салсақ, онда түрлі жауаптардың туындайтыны анық. Мәселен, біреуі сол ұлттың тілі, не болмаса мәдениеті, ал екіншісі ұлттың мінез-құлқына шағуы мүмкін. Алайда, «уақыт тас екеш тасты да тоздырады» демекші, бірнеше онжылдықтан кейін, бұл аталған ерекшеліктер өз құндылығын жоғалту қаупі бар. Егер біз білетін қасиеттер, уақыттың сарынына бағынып ұлттың даралығын жоғалтса, онда біздің қолымызда не қалмақ? Бұл сұрақтың қысқа да, нұсқа жауабы – ұлттың менталитеті. “Менталитет көптеген сыртқы факторларға байланысты сырттай өзгергенімен, заманға сай бейімделгіштік қасиетін көрсете отырып, өз ядросын немесе түпкі тамырын өзгеріссіз қалдыра алады”, – деген көзқарас бар. Демек, ұлттық менталитет – қай заманда болмасын, өзінің ерекшелігін сақтап қалатын және әрбір ұлттың өзіне ғана тән құнды ақпаратты таситын ұлттық қазына.

Психология ғылымдарының докторы Қ.Б.Жарықбаевтың пікірінше: «Менталитет – ұлттың негізі, адамның тіршілік әрекетіндегі саналы және санасыз түрде ұғынылатын барлық ұлттық аспектілер». «Әлеуметтік лингвистика сөздігінің» авторы А.Абасилов: «Менталитет – адамдардың жекелік (индивидуалдық) және қоғамдық санасының ерекшелігі, олардың әлеуметтік орта, ұлттық дәстүр және т.б. арқылы көрінетін өмірлік ұстанымы, мәдениеті, өзін-өзі ұстау үлгісі, ойлау қалпы, ділі, танымы», – деп, менталитет ұғымын барлық ұлттық құндылықтың квинтессенциясы ретінде қарастыруда. Алайда, біз қолданғалы жатқан анықтама Д.Кішібековтың «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең» еңбегінде ұсынылған: «Менталитет – қоғамда ұжымдық түрде қалыптасатын, оның барлық мүшелерінде кездесетін және жеке деңгейде көрінетін ойлау мен мінез-құлық жүйесі». Демек, ойлау жүйесіндегі ерекшелік белгілі бір ұлттың әрбір жеке этникалық өкілінің бойынан табылса, бұл – ұлттық менталитеттің айқын көрінісі.

Біздің зерттеу жұмысымыздың басты назары – қазақ менталитеті болмақ. Қазақ халқы, өзге ұлтқа мүлдем ұқсамайтын, өзінің өмір сүру тәсілі мен ойлау жүйесі ерекше, жеке-дара менталитеттің иесі. Сол себепті, бұл зерттеу жұмысында қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде жиі қолданылатын, мәдени ақпар беретін дағдылы қалыптасқан дүниетаным мен ұлт ерекшелігін аңғартатын, қазақ менталитетінің айнасы болып табылатын тілдік деректер кешенді түрде қарастырылады. Осылайша, біз, тек қазақ менталитетімен танысып қана қоймай, оның ерекшелігі неде екенін және сол ерекшеліктің көрінісі тілде қалай бейнелейтіндігін біле аламыз.

Қазақ менталитетінің бірінші ерекшелігі – баланы «бөтен бала» немесе «өз балам» деп бөлмеуі. М.Әуезовтың «Абай жолы» атты шығармасына зер салсақ, бұл айтылған ойдың орынсыз емес екендігіне көзіміз жетеді. Мәселен, Абай ауылына оралысымен, шешесі: «Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер!» – деп, нұсқаулығын айтады. Абай сырқатанып ауырып қалған кезде, Тоғжанның енесі: «Құнекеңнің баласын өз қолымнан күтемін. Мен де сенің анаңмын, балам, бөтенің емеспін», – деп, Абайды күтуге ниет білдіреді. Қалада Абайдың сәлемін алған Бөжей: «Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе?», – деп, Абайдың жауабын күтеді. Абайдың сөз тапқырлығына тәнті болған Құлыншақ: «Е, балам-ай, мынау лебізің қалай жақсы еді», – деп, тамсанады. Жоғарыда көрсетілген вокативтерді (шырағым балам, балам, балам-ай) Абайдың әке-шешесі ғана емес, басқа да кейіпкерлер қолдануда; бұл қазақтардың сөйлеу мәдениетінің ерекшелігі мен ойлау жүйесінің бір тұсы, атап айтқанда, қазақ балаларын «біздің» және «олардың» балалары деп бөлмеуінде. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», – деген мақал да осы ойдың тұжырымынан туындағанына біздің күмәніміз жоқ. Сондай-ақ, бұл тілдік бірлікті қолданушы адамның сөйлемі – қамқорлық пен сүйіспеншілікке толы екенін аңғарамыз.

Қазақ – адам есімдерін түрлендіру арқылы сый-құрмет көрсеткен. Соның бірі – есімді қысқарту тәсілі. Мәселен, Ахаң, Кәке, Жәке, Бәке, Күлтай, Сәкетай, Жәкеш. Бұл түрлендірудің атап өтер бір ерекшелігі – адам аты қысқартылып қана қоймай, соңына – ке, – еке, – аң, – а, – е, – ш, – тай морфемаларының жалғануы. Мәселен, кісіні кішірейту немесе еркелету мақсатында – ш, – тай секілді морфемалар жалғанады, мысалы, Бекарыс ~ Бикош, Есенберді ~ Есентай; ал үлкейту, құрмет көрсету үшін, қысқарған есімге – ке, – еке қосылады: Асан ~ Асеке, Құнанбай ~ Құнеке. Мән беріп қарасақ, қысқаратын сөздер кез келген морфемамен бірігу арқылы құрылмайды, себебі бұл жерде де қазақтардың түсінігіне және ойлау ерекшелігіне байланысты заңдылықтар бар. Қысқартудан бөлек, қазақтардың арасында кең тараған құбылыстың бірі – есімдерді қысқартпай, морфеманы жалғау тәсілі. Мәселен, «Абай жолы» романында, үлкен кісілермен әңгіме дүкен құрып отырғанда, Дәркембай шал Абайға: «Бұның қалай, Абайжан-ау, – деп, ризалығын білдіреді. Бұл тілдік бірліктер – түркі тілдеріне тән, өзіндік вокативтен қалыптасқан, сыйластық, нәзіктік және еркелетудің түсін жеткізетін бағалау-эмоциялық құралы. Кісі есіміне еркелету мәнін үстеу үшін, иран тілінен енген «жан» компонентін қосып, сол кісіні жанының бір бөлшегі, жанына жақына адам екенін көрсету мақсатында қолдануда. Мұндай үндеу – екі адам арасында қалыптасқан жылы, сыпайы қарым-қатынасты, коммуниканттар арасындағы жас ерекшелігін түрлі қырынан көрсетеді.

Қазақ менталитетінің келесі ерекшелігі – әрдайым сыпайылық таныту. Дәл осы ұстанымнан туындаған, қазақ менталитетінің айқын көрінісі – бала тәрбиесінде байқалады. Мәселен, қазақ баласы үлкен кісіге үндеу жасарда, «сен» деп сөйлемеген, ал көпшілік ортада, өзінен үлкен адамдардың алдында өзі жайлы сөз қозғайтын кезде «мен» демей «біз» деген. Түркітанушы П.М.Мелиоранский: “Қазақтар тыңдаушысына құрмет көрсеткендіктен, сыйлағандықтан өзі жайлы айтқанда «мен» деудің орнына «біз» сөзін жиі қолданады”, – деп, атап өтті. Ғалым А.Ибатовтың пікірінше: “Сыпайы шешен «менің ойымша», «мен осылай ойлаймын», «мен былай істедім» деп үлкен аудиторияның алдында қайталай бермейді. «Мен, мен» деп айта беру шешеннің даңғойлығын, шамадан тыс өзімшілдігін ғана дәлелдер еді”. Бұл тілдік бірліктерді сөйлеу мәнерінде қолдану, сыпайылықтың төресі болатын – Алланың сөзінен бастау алады. Ғұлама ғалым Рағбұзидің «Адам ата мен Хауа ана» қиссасында: құдіретті Алла Тағаланың: “Қайсыбір пендені ерекше ілтифат, сый құрметпен, мейірім-шапағат, жақсылықтармен ұлық етіп, жерден аспанға апарамыз”, – деп, бізге қалдырған сөзі бар. Бұл жерде байқайтынымыз, бүкіл әлемнің жалғыз жаратушысы – Алла Тағаланың сөзі «апарамыз» деп аяқталған. Әрине, нағыз құдіреттің иесі – ұлы жаратушыға «мен апарамын» деп айту, күмәнсіз, жарасар дүние, алайда, ол «біз апарамыз» деп сыпайы түрде ғана жеткізеді. Осы тұста халқымыздың сыпайылығы – өзінің арнасын Алланың қалдырған сөзінен бастауын алып, тамырын терең жіберген дүниетаным мен ішкі мәдениеттің байлығына саятынын аңғарамыз. Демек, бұлай сөйлеу – біздің ұлттық менталитетімізге тән, ерекше құбылыс екендігіне тағы бір мәрте куә боламыз. «Қанша биікке шықсаңда, халықтан үлкен емессің», – деп, сыпайыгершіліктің маңыздылығын бір ғана «сіз/біз» есімдіктерін орынды қолдану арқылы жеткізе білген – қазақ халқы.

Қазақтар – «ар-ұят» ұғымын жеке тұлға ретінде емес, топтық тұлға ретінде қолданады. Қазақ тілінде бұл түсініктің баламасы – «ар-намыс», «ар-ұятты сақтау», «абырой» мен «борыш». Қазақ халқының ішінде, әдептілік нормалар – жеке бір адамның ар-ұятын емес, сол адам кіретін топтың, әулеттің ар-ұятын сақтауға бағытталады. Бұл тұжырымнан туатын келесі ойдың төрі: жекелік мәдениетпен салыстырғанда топтық мәдениетте адамға жүктелетін жауапкершілік пен борыш сезімі бірнеше есе үлкен. Тіпті, «ар-ұятқа» қатысты топтық ұстаным, қазақ даналығының қоры – мақал-мәтелдерде көрінісін тапқан: «ел намысы – ер намысы», «өлімнен ұят күшті», «ер жігіт – елінің ұлы, намысының құлы», «ерді намыс өлтірер, қоянды қамыс өлтірер». Бәлкім, қазақ халқы – арлы және намысшыл халық болғаннан кейін де, өз арасында «өтінемін» сөзін ауыз-екі түрде қолданбаған болуы керек. Қазақтар санасында «өтінемін» сөзін қолдану, не болмаса «өтініш білдіру» – өте жалынышты халді бейнелеген, ал аталарымыз бір-бірін ондай күйге түсіргісі келмеген. Сол себепті, қазақ менталитетінің осы бір ерекшелігіне орай, қазақтар «өтініш айтудың» ұшар басы ретінде «қолқа салу» сөз тіркесін жиі қолданған. Сонда «қолқа салып келіп отырмын» деген «жүк артқалы келіп отырмын, салмақ салғалы келіп отырмын» дегенді білдіреді. Мәселен, бір ақсақал: «Айналайын, қолқа сала келіп отырмын», – деп, үйдің босағасынан аттап кірді делік. Бұл тұста, ақсақал өзінің шарасыздығын айтып отқанымен, мүсәпір, не болмаса, аянышты, я жалынышты күй іспеттес түр танытып тұрған жоқ. Себебі, «қолқа салу» сөз-тіркесі оның беделін түсірмей, қадірін сақтап, өзінің абыройын тең дәрежеде ұстатып тұр. Ар-намыстың қазақтар үшін маңыздылығы соншалық, еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ар-намыссыз – ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл», – десе, қазақтың сыншы, халық жазушысы Ғ.Мүсірепов: «Қазаққа ар-ұят ең жоғары саналады», – деп, «ар-ұятты» сақтаудың, оны дәріптеудің халқымыз үшін құны өлшеуге келмейтін, ұлттық санасында ғасырлар бойы қалыптасқан қазынасы екендігін түсіндіреді.

Қазақтар – отбасы құндылығын жоғары бағалаған. Отбасылық тәрбиеде: ата-анаға деген махаббат, бабаларға деген құрмет халық санасында ғасырлар бойы тәжірбие негізінде құрылған құндылықтардың бірі саналады. Мәселен, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасында, әкесінің бала Бауыржанға «шежіре» жаттатқызуы – тамыры отбасыдан бастау алатын терең тәрбие тиегінің ағытылуы деп түсінеміз. Сол себепті де, «жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі», – деп, қазақ халқы бекер айтпаған. Бұдан басқа, «әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды», «атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз», «анаңа ауыр сөз айтпа, атаңа ауыр жүк артпа» секілді мақал-мәтелдер – қазақ ұлтының сана-сезімі мен бітім-болмысы жайлы мол мағлұмат берер мәдени ақпарат көзі саналады. Сонымен қатар, туыстық байланыс, өзара қарым-қатынас – қазақ өмірінің ажырамас бөлігі, себебі әрбір қазақ бір-бірінің «туысы» саналады. Туыстық қатынастарға осыншама мағына беретін, аса жоғары бағалайтын, қазақ секілді басқа бір халықты табу қиын. Мәселен, «Қазақтың 100 поэмасы» кітабында: «Қошқарбай, Қосағалы, Есенберді, Байқошқар, Түнқатардай көсемдері, у жұтсаң руыңмен дегендей-ақ, ер Қанай ел-жұртымен есен көрді», – деген, өлең жолы ұсынылады. Мұндағы, «у жұтсаң руыңмен» мақал-мәтелінен – қазақтардың туыстық-рулық қатынасты қалай қастерлейтінін, сол үшін жанын қиюға әзір екенін көрсетеді. «Отбасы» концептісі аясында қолданылатын және туыстық қатынасқа жақын, қазақ ұғымында ерекше орын алатын тілдік бірліктердің бірі – «бауыр». Қазақ «бауырым» деп, бір ата-анадан тараған қандасын немесе туысын, кейде қандық туыстығы болмаса да, жанына жақын, қимас адамына қатысты қолданады. Қазақтардың жақын адамын «бауырым» деп атау себебі – бауыр адамда біреу-ақ және оны қайта қалпына келтіру қиынға соғады. Бәлкім, сол себепті де, Ферғана өзбектерінің әдет-ғұрпын зерделеген ғалым Б.Кармышева: “Еуропалықтардағы жүрек сияқты, Орта Азия халықтары үшін сезімнің шоғырланған орнын бауыр сипаттайды”, – деп, сараптаған болу керек. Демек, жоғарыда айтылған пікірлер мен деректерден түйетініміз, қазақ халқының отбасы құндылығын әрдайым жоғары ұстап, өзінің бауырмалдық жылы лебізін тек қандастарымен ғана емес, жанына жақын адамдармен де бөліскендігін, және бұл туыстық түсінік қазақтың ұлттық санасының негізін қалаушы, өзге ұлтқа ұқсамайтын ерекшеліктерінің бірі екенін түсінуіміз абзал.

Қазақ менталитетінің атап өтпеске болмайтын соңғы ерекшелігі – қазақтардың қонақты күту дәстүрі, «қонақжайлығы». Б.Нұрдәулетова қазақ халқының «қонақжайлығы» жайлы былай дейді: “Қазақ халқының когнитивтік ойлауында қонақ көптеген халықта кездесе бермейтін ерекше танымға ие. Оған «құтты қонақ келсе, қой егіз табады», «қонақ өз несібесімен келеді», «қырықтың бірі – Қыдыр» тәрізді мақал-мәтелдер дәлел болады. «Атаңнан қонақ ұлы», «қонағы ыразы болса, Құдай ыразы» афоризмдеріне негіз болып тұрған ұлттық аялық білімді былайша жүйелеуге болады: «адам баласының мақсаты Құдайды ыразы ету, Құдайға жазықты болып қалмау, егер қонақты ыразы қылсаң, Құдай да саған ыразы» немесе «адам баласы үшін өзін дүниеге әкеліп, бағып-қаққан ата-анадан құрметті адам жоқ. Құранда: «алдымен ата-анаңды, сосын тағы да ата-анаңды сыйла» деген. Ал, қонақ ата-анаңнан да құрметті, ұлы». Осы түсініктің өзі қонақтың қазақ халқының лингвомәдени санасында қаншалықты маңызды орын алатынын көрсетеді”. Соған орай, қазақ тілінде «қонақжайлық» ұғымынан тарайтын бірнеше фразеологизмдерді атап өтпеске болмайды. Мәселен, «дәм-ауыз тигізу», «есік (төр) көрсету», «қазан үстінен тамаққа шақыру», «сыбаға тарту» фразеологизмдері – «қонаққа шақыру» мағынасында қолданылса, «ас қайырды», «асқа бақауыл болды», «қонағын атқарды», «қонақ кәде істеді» фразеологизмдері – «қонақ күтуге» қатысты айтылады. Әбдуәли Қайдар, «Қазақ қандай халық?» еңбегінде, қазақтардың қонақжайлығы жайлы мынадай ақпарат қалдырып кеткен: “Алаш қартайған кезінде қолындағы бар малын төртке бөліп, үш бөлікті үш баласына Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүзге бөліп беріпті-міс. Ал өзінде қалған төртінші бөлікті «қонақ сыбағасы болсын» деп, үшеуінің ортақ меншігіне беріпті. Өйткені, жолаушы жүрген адамның өзімен бірге барлық азығын алып жүру мүмкіндігі жоқ, сондықтан да, әр жолаушыға қандай қазақ болмасын тегін тамақ, жылы орын, т.б. қажетті жағдайын жасап тұруға міндетті болса керек”.  Демек, егер қазақ қонағын дәстүр бойынша дұрыс күтіп қарсы алмаса, ол – арқасына жүк қылып артқан міндетін орындай алмай, өзінің «үй иесі» атын ұятқа қалдырып, қонақ алдында кінәлі болады. Дәл осыған қатысты, қазақта: «қонақ қонса, ет пісер, ет піспесе, бет пісер», – деп, келген қонақтың алдында қызыл бет болып, ұяттың астына қалатынын меңзеген. Бұл бөлімнен түйгеніміз, қонақжайлық – қазақ халқының менталитеті ғана болып қоймай, ұлтымыздың генетикалық кодына сіңген бірден-бір қасиеті.

Сан ғасырлар бойы мал шаруашылығын кәсіп еткен, көшпелі өмір сүрген, «өзім» демей «бөтен» демей адам баласын бөлмеген, ар-ұяттан аяқ басып аттамаған, намысын қолында берік ұстаған, отбасы құндылығын өз болмысының өзегі, тірегі деп түсінген, қонақжайлығы жайлы аңыздар тараған, бұл зертеу жұмысында – қазақ менталитетінің айнасы болатын біршама тілдік деректерді көрсеттік. Әрине, мыңжылдық тарихы бар қазақ халқының діліміндегі өзге халықтарға ұқсамайтын барлық ерекшеліктерін талқыладық, ұсындық деп айту, біздің тарапымыздан кәсіби ағаттық болмақ, бірақ, қалай дегенімен де, қазақ менталитеті жайлы аз да болсын құнды ақпарды оқырмандардың назарына жеткізе алдық, қазақ тілін зерттеудің маңыздылығын, оның құзыреттілігін халықтың түйсігіне қондыра алдық деп сенеміз. Бұл зерртеу жұмысын алдыңғы уақытта жетілдіру үшін біздің ұсынатынымыз: қазақ этносының менталитетін әр қырынан зеттеу мақсатында, «Адамтану», «Қоғамтану» және «Табиғаттану» атты «тіл әлемінің» үш саласы зерттеу жұмысының теориялық негізі болу керек. Осылайша, біз, қазақтардың өз арасында, бөтен халықтарға және қоршаған орта мен тылсым күштерге қатысты көзқарасының жеке-дара тұстарын этнолингвистика тұрғысынан талдай аламыз. Біздің – қазақ бола тұрсақ та – өз тіліміздің қадірін, сол тілдің бойында жатқан «қазақ даналығын» мүлдем ұқпайтынымызға көзіміз жетті. Егер, қазақ халқының болмысы, «қазақылығы» осы тілдік бірліктердің бойында жатса, онда өз тілімізді бөтен тілмен алмастыру – қазақ ұлтының менталитеті түгіл, мыңжылдық тарихымызды ұмыту, ата-бабаларымыздың еңбектерін жоққа шығарумен тең бе деп күдіктенеміз. Сол себепті де, бұл зерттеу жұмысы, сіздерді қазақ тіліне басқа көзқараспен қарауға септігін тигізер деген үмітпен ойымызды қорытындылаймыз.

 

 

М.Х.Дулати атындағы  Тараз өңірлік Университеті, «Экономика және құқық» факультеті, «Экономика» кафедрасының аға оқытушысы, экономика магистрі

Блялова Айнагул Қырымқызы

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.