Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аян Азия чемпионатынан олжалы оралды

0 175

«Qazaq kúresі» халықаралық федерациясының қажырлы еңбегінің арқасында ұлтымыздың ұлттық спорты қазақ күресі әлемнің түкпір-түкпірінде насихатталуда.

Толғанай АТАБАЙ

Аталмыш федерацияның ұйытқы болуымен 16-17 тамызда Моңғолия елінде қазақ күресінен халықаралық дода жалауын желбіреткен болатын. Бұл туралы федерация президенті Қанат Бозымбаев: «Біз Қазақстаннан тыс жерлерде қазақ күресін насихаттауды жалғастырамыз. Осы мақсатта әлем елдерінде Азия және Әлем чемпионатын өткізу жоспарлануда», – деген болатын. Бүгінде халықаралық «Qazaq kúresі» федерациясы ұлттық федерацияларды біріктіруші, Қазақстан Республикасынан тысқары елдерде турнир өткізетін жалғыз федерация болып отыр. Ұлан-Батор қаласында өткен сайысқа Қытай, Үндістан, Пәкістан, Корея, Жапония, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан секілді 11 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысты. Бозкілемде кездесулер сегіз салмақ дәрежесінде өтті. Сондай-ақ абсолютті салмақта да медальдер сарапқа салынды.

– Бүгінгі чемпионатқа Қытай, Үндістан, Пәкістан, Корея, Жапония сияқты 11 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысты. Халықаралық қазақ күресі федерациясы ұлттық спорт түрінің шетелде дамуы мен көркеюі бағытында қарқынды жұмыс жасап келеді. Бүгінде Грузия, Қытай, Иран мемлекеттерінде қазақ күресі федерациялары бар. Бұл ретте, осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга, Моңғолия Білім, мәдениет, ғылым және спорт министрлігіне, оның ішінде дене шынықтыру және спорт бөлімінің директоры Энэбиш Мунхбилэгке, қазақ күресінен Азиада федерациясының президенті Хашбаатар Цагаанбаатарға ерекше алғыс білдіргіміз келеді, – деді халықаралық «Qazaq kúresi» федерациясының бас хатшы кеңесшісі Ұлан Рысқұл.
Чемпионатқа федерация тарапынан сайдың тасындай кіл мықтылар іріктеліп аттанған болатын. Нәтижесінде жерлестер құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен қоржынды майлап қайтты. Атап айтсақ, 55 келі салмақта Найман Тұтқышев, 60 келі салмақта Еламан Қуанбай мен 100 келілік балуан Мақсат Исағұлов қарсыластарын шаң қаптырып, алтыннан алқа тағынды. Ал 100+ келі салмақ дәрежесінде белдескен Айбат Сейтен екінші орынға ие болса, 74 келілік балуан Баяртүвшин Санжмятав пен 90 келі салмақта сынға түскен жамбылдық Аян Рысбай қоланы қанжығасына байлады. Естеріңізге сала кетейік, чемпионаттан олжалы оралған жамбылдық жампоз өткен жылы самбодан жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болған еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.