Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аялай білгеннің қадірін бағалай біл!

0 727

Тұрлауы жоқ тіршілік иесі – адам. Жер бетінде адам денсаулығынан бағалы, ғұмырынан биік ештеңе жоқ. «Пенде болып дүние есігін ашқан жанға ғұмыр кешу оңай. Тек сол ғұмырды қиындататын – адамның өзі» деген қағиданы көзіміз шалғаны бар. Сол рас-ау.

Дені сау адам түзу жүріп, түзу тұрса, үлкенге ізет көрсетіп, жақынына қамқор бола білсе, қиындыққа сабырлық танытып, қателіктен нәтиже шығарып, бес күндік жалғанның арбауынан, адасуынан аулақ болса, бақыттың бақшасының жемісін татуына ешкім қиындық келтіре де алмас. Бірақ қоғамда түзуді қисайтып, қисықты сындырып жіберуге даяр жандар қашанда болған, бола да береді.
Түрлі жағдайға байланысты адам адасады. Қателеседі. Ойнақтап жүріп от басады. Кейде үзілгенді жалғаймын деп жүріп үзіп те алады. Кімнің басына түспеген қиындық, кімнің алдынан шықпаған қателік дерсің бұл?! Алайда әркім хал-қадірінше күреседі. Бірін шыңдаса, енді бірі шырмалады. Бірі күйзелістен шыға алмай, шыңырауға құлап, бар тіршіліктен күдер үзіп, түзелместің, келместің кейпіне енсе, енді бірі бақытын баянды етудің жолында қайта тұрып, қайта жүгіреді, күреседі. Тырмысады. Міне, солар діттеген межесіне жетіп, ақыры жеңеді. Мұндайда тек жүрегінде ертеңі жоқ, үміті сөнген, өзіне сенімі жоқ адамдар ғана жеңіледі, кейін тартып, кері кетеді.
Қолындағы ыдысын алақанына қойып, темекісінің көк түтінін будақтатып, алысқа көз тастап отырған қартаң әйел тіпті қолының күйгенін де сезбейтін сияқты. Темекісінің шоғы түскен жаздық жұқа күлгін көйлегі күйіп қалды. Шоқ әйелдің нәзік денесін қарып алғаны сөзсіз. Алайда өзі сезбеді де. Сезінгісі келмеді, әлде сезіне алмады. Түтіні будақтаған шылымы мен буы бұрқыраған ыстық шайын ұрттап ішіп, әлемнің бар ауыртпалығын ұмытқандай күй кешіп отыра берді. Ыс басқан тырнақтары сап-сары.
Кеше ғана бәрі бар еді. Алаңсыз сәби болды. Аяулы анасының аялы алақаны, арқа сүйер асқар тау әкесінің қамқорлығы, еркелеткен ата-әжесі. Үй-жайы, ойыншықтары. Одан кейін қырмызыдай құлпырып бойжетті. Бір үйдің жалғыз қызы болған соң бір басына бәрі жеткілікті. Бақыттың бақшасында өзіне тиесілі үлесінен құр қалмады. Сүйікті жар атанып, сүйкімді бала да сүйіп үлгерді.
Бірақ ырду-дырду тіршілікке бой алдырды. Жақсы тұрмыс кешуіне ешкім де, ештеңе де кедергі келтірген жоқ. Тек шаттанған үстіне шаттанып, масаң тартқан сәттерін қатты ұнататын. Сонда онсыз да түгел төрт дүниесі тіпті қызыл-жасыл түске еніп, ажарлана түсетін. Айналасы да шырайланып, жан біткеннің барлығы бақытты көрінетін. Әлем аяғының астында қалды. Ұрттаған сайын күйеуі мен балаларын қаттырақ жақсы көріп, ішіндегісі мен сыртындағысы түгел үйлесім тауып, өзін ең бақытты адам сезінетін. Үйдегілердің «қой-қойынан» жалықты. Сөйтіп жүріп, дүн дүниенің бүкілі бір жұтым ащы суға татымайтынын ұқты…
Бірте-бірте үйден безіп, көше кезіп ішетінді шығарды. Алқаш атанды. Досының бәрі көшеде жүрсе, үйге оралып несі бар?! Бәрінен айырылуға бір-ақ күн жетті. Бағыты мен бет алысы қай жақ екені белгісіз от арбаға отырып, бейтаныс біреудің бір шөлмегіне бола ілесіп, бар бақытын бір жұтым ащы суға айырбастап кете барды.
Бүгін кімнің қайда қалғанын да білмей естен танғандай үдеріп, күдік қатқан кәрі көздерін алысқа қадап отырды да қойды. Қай жыл, қай ғасыр екенін де есіне түсіре алмайтын сияқты. Жанарында тамбай қалған бір тамшы жас бар сияқты көрінді. Бірақ ол не үшін жылау керек екенін де, тіпті қалай жылау керектігін де білмейді. «Бүлінген түк те жоқ, бәрін қайта қалпына келтіруге болады» деп ойлайды. Тіпті оның миында адами факторға саятын, қателік, ыза, ашу мен кек, тіпті жақсы көру мен сағыну деген сезімдер өшіп кеткен іспетті. Ең қорқыныштысы да – сол.
Жасыл желекпен көмкерілген мекемеге бас сұқтық. Қартаң тартқан жандардың легі басым көрінді. Көбінің бет-аузы домбығып, көзінің асты көгіс тартқан. Келіп-кетіп жатқандарға тіктеп қарауға да мұршасы келмей, күйкі тірліктің жетегінде желіп жүргенге ұқсайды.
Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық бұл. Мұнда басар тау, барар жері қалмаған, дүниеден баз кешіп, үйірінен адасып, отауынан айырылып қалғандар тұрақтайды. Көбі ащы суды ермек етіп, ессіз кеселге есі кетіп қалғандар.
– Орталықта стандарт бойынша жеті түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Үкіметтің алға қойған тапсырмасынан бөлек, мұндағы қызметкерлер отбасынан бөліп, барын орталыққа, осындағы адамдарға тасиды. Бауырсақ пісірсе де, балаларының аузынан жырып, «ауыз тисін» деп осында алып келеді. Өмірде адам қандай да бір жетістік жолында достықты, махаббатты ысырап етіп жатса, біздің орталыққа бас сұғатындардың басым көпшілігі өз өмірін ысырап еткендер. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» деп қателігіне жанашырлықпен қараймыз. Алайда қиын жағдайда қалған адам деп аузына тосып, алдына қойғаныңды бір-ақ күнде теуіп тастап, тайып тұратындар баршылық. Мен осында жұмыс істеген бір жарым жылдың ішінде нағыз қиын жағдайда қалған адамдардың арасында Зоя есімді апайды кездестірдім. Жұмыс та жасаған. Ұлы мен қызы бақилық болған. Жасы 83-те. Келіні үйінен қуып жіберген. Міне, сол әжейдің құжаттарын дайындап, Қарттар үйіне жібердік. Соңынан іздеп барып, жағдайын сұрап тұрамыз. Жақсылықты ұмытпай, үнемі алғыс айтып отырады. Ал мұндағы басқа адамдарға келетін болсақ, жыл құсы сияқты. Қыста осы мекемеге сүріне қабынып жетеді. Бит қоя тұрсын, жарасына құрт түсіп келеді. Міне, соларды осындағы қыздар жуындырып, шайындырып, адам қалпына келтіреді. Алайда қоңданып алған соң, көктем таяғанда қайтадан сыртқа атылады. Оның себебін өздері еркіндікті аңсаумен түсіндіреді. Құжаттарын жасау барысында аты-жөнімен туған жеріне іздеу саламыз. Бір қызығы, кейбіреулер бірнеше уақыттан соң, өзінің айтқан аты-жөнінің дұрыс еместігі есіне түсіп, қайта сұрау саламыз. Анасының атын екі күн ойланып, әзер айтқандары да бар. Бір апайдың құжаттарын дайындап, әне-міне Қарттар үйіне баруына санаулы күн қалғанда қашып кетті. Кейін әлеуметтік желіде қала тұрғындары жаңбырлы, суық күні, көрпеге оранып, көшеде жүрген жерінен видеоға түсіріп салыпты. «Қайран әжейді қор қылған қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың адамдары» депті куәгерлер. Қарт әйел соны мақұлдап тұр. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Кемпірді осында қайта алдырып, қазір құжатын осында күтіп жатыр, – дейді орталықтың әлеуметтік жұмыс бойынша маманы Жанат Естаева.
Көрмейін десең, көзің бар. Расында, тағдырын тас-талқан етіп, бауыры мен балаларынан безініп жүргендерден не үміт, не қайыр дерсің?! Алайда олар да адам. Бірақ адамды адам ететін оның сезімталдығы, әлденеге жанашырлығы мен қамқорлығы, мейірбандығы, әлдебір жетістікке ұмтылуы мен қуаныш пен қайғыны сезінуінде емес пе?! Ал мұнда көбісі өзге тұрмақ, өзін ұмытқандар. Оларға бәрібір. Кейбірі бәрін біліп тұрғанмен, өзін қалпына келтіре алмайды. Яғни ішкілікке салынып, құмарлық дерті асқынған жандар. Емделуге өздері де құлықсыз.
Орталықта ащы су ішуге, есірткі тұтынуға қатаң тыйым салынған. Ал мұндағылар мамыражай тіршілігін, жақындарын жан азаттығы үшін тәрк еткендер емес пе? Сондықтан олардың ойында бір ғана жақсы ой, пікір болса, ол бостандық, еркіндік деген ұғымға деген ұмтылыс қана.
Алайда адасқанның бәрі ащы су мен қателіктің кесірінен осында тоғытылғандар емес. Бірлі-жарым жандар тәлкекке салған тағдырының теперішімен осында жүгінеді. Олардың қатарында Берік те бар. Күлімкөз жігіттің самайын қырау шалыпты. Жасы 40-тың ар жақ, бер жағы. Ішімдік ішпейді. Жымиып тұратын жанары алдамайды екен. Әлдебір жылылықты аңсап тұратыны жүзінен аңғарылып тұр. Бұл мекеменің көмегіне жүгінгендердің бойында «өліп» қалған көп адами қасиет осы кісінің бойында сақталғаны да көрініп тұр.
– Бала Берік кім болғысы келді, нені аңсады? Оператор болып, камерамен түрлі видео түсіргісі келетін. Бірақ есейген Берік электрикке айналды. Өмірімді көз алдымнан өткізсем, қатты қуанғаным – ұшаққа алғаш отырғаным еді. Ата-анам мен дүниеге келген сәтте-ақ бас тартып, Балалар үйіне өткізіп кетіпті. Сондықтан түбірімнің кім екенінен бейхабармын. Бала күнімнен талма ауруымен ауырамын. Бірде пойызда талып қалыппын. Есімді жисам, ақшам да, құжаттарым да тып-типыл. Біреу ұрлап кетіпті. Міне, содан кейін осы орталықта жүрген жайым бар. Құжаттарымның жасалып біткенін күтіп жүрмін, – дейді Берік.
Сөздері жеп-жеңіл, жып-жинақы. Өмірге түк те өкпелемейді. Бәрін қалай бар, солай қабылдап үйренгені байқалады. Жанарын мұң шалмаған, биязы һәм мейірбан жігітті мұндағы қызметкерлер де жақсы көреді. «Еңбекқор, адал, бақытты болуға әбден лайық» дейді олар да бірауыздан. Тек толыққанды өмір сүруге дерті кедергі… Бір кем дүние! Ата-анасының сатқындығына, тағдырдың теперішіне бір мысқал да мұң артпай төзіп келе жатқан жігітке:
Шыда, шыда,
Шыдай түс, шыда тағы.
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады… – деген Мұқағалидің өлеңі арналғандай-ақ екен.
Арбаға таңылған қарт доңғалағын біз жаққа бұрды. Қолын сермеп әлденені түсіндіруге оқталды. Алайда онысынан түк шықпады. Тілі мүкіс. Түсініксіз. Инсульт алған екен. Сондықтан сөйлеуден қалған. Алайда біздің түсінбегенімізді көріп, сыпырып боқтай бастады. Бір қызығы, сөйлей алмайтын кісі жаман сөз айтуға келгенде аузы-аузына жұқпайды. Көздері шатынап, жұдырығын түйіп, әлдекімге ызалы, әлдекімге өкпелі кейіпте дүниенің бар боғауызын қарша боратты. Іскен қабағы, көздерін жауып қалыпты. Аяқ пен тіл істен шыққан. Алайда мінезі сол бәз баяғы долы қалпында. Жақында екі бірдей ұлы әкесінен бас тартыпты. Оған себеп осы бір оспадар мінезі екен. Қазіргі ашуланып тұрғаны ащы су ішкісі келгенін, тәптіштеп жеткізіп тұрған беті екен. Ашу мен ыза буған көздері шатынап, арбадан тұрса, барша тәртіп пен заңды шығарып, араққа тыйым салғандарға тап бергісі келгенін жасырмай, екі иығын жұлып жеудің аз-ақ алдында тұр. Жынданған күйі арқырап ары қарай кете барды.
Мұндай жандардың өмірін қалай жөнге келтіруге болады? Ата-ана, бала-шағасы тоқтата алмаған, тас жүрегін идіре алмаған бейбақтардың тағдырын бір бөтелке тас-талқанын шығарды деу тым ауыр. Бірақ расы сол. Иә, адамдар адасады. Жолдың бұралаң-ирелеңіндей тағдырдың да тосын сыйы таусылмайды ғой. Бірақ бәрінен ауыры – барыңды жоғалту, тәрк ету, жоқ қылу. Абырой, сый-құрметсіз қалу былай тұрсын, өз атыңды ұмыту деген не сұмдық?! Ащы судан аулақ болшы, адамзат!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.