Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауыр қылмысқа ауыр жаза

0 188

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізілді. 11 қаңтардан бастап күшіне енген өзгерістер туралы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Темірбек Оразымбетов баспасөз конференциясында ашып айтты.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Жаңа өзгерістерге сәйкес ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Негізгі өзгерістер мен толықтырулар зорлық-зомбылық, адам ұрлау, ұрлық, мас күйінде көлік құралын басқару, есірткі тарату қылмыстарына қатысты баптарға енгізілген. Соның ішінде қоғамда үлкен дау туғызып отырған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң талабы күшейтілді. Бұл туралы: «Бұрын осы сипатта қылмыс жасағандарды 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шығарылса, ал қазіргі күшіне енген заңға сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып отыр. Себебі біздің болашағымыз – бүгінгі жастар», – деген Темірбек Оразымбетов мас күйінде көлік тізгіндегендерді қандай жаза күтетіні жайлы хабарлады. Оның айтуынша, облысымызда жаңа заңға сәйкес айыпталған азамат анықталыпты.
– Бүгін Шу ауданының 32 жастағы тұрғыны «Audi 100» маркалы көлігін мас күйінде тізгіндегені үшін қамаққа алуға мәжбүр болдық. Бұрын бұл қылмыс теріс қылық деп есептелетін болса, қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады. Бұрын мас күйінде көлік тізгіндегендер екі жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылып, 40 тәулікке қамаққа алынса, қазір 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Егер көлік апатының салдары адам өліміне алып келсе, айыпталушы 7 мен 10 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады және көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылады, –деді Темірбек Асылбекұлы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мас күйінде көлік жүргізгендерді қылмыскер деп атап өткен болатын. Сол үшін де жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда қос тараптың ымыраға келуіне мүмкіндік берілмейді. Заңға енгізілген жаңа өзгерістерді баяндаған облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Темірбек Оразымбетов соңғы кездері өршіп тұрған адам саудасы мен мал ұрлығына қатысты заң талаптарын жіктеп айтты.
– Заңдағы өзгерістерге байланысты адам саудасымен айналысқан айыпталушы 4 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Сондай-ақ ұрлық бойынша орташа ауырлықтағы қылмыстар ауыр санаттағы қылмыстарға ауыстырылды. Бұл өзгерістің басты мақсаты – ұрлық қылмыстарының алдын алу және жолын кесу. Қазіргі кезде қора-жайдан жасырын түрде мал ұрлағаны үшін 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленіп отыр, – деді Темірбек Асылбекұлы.
«Күшіне енген жаңа заңның талаптары қылмыстың азаюына ықпал етеді» дейді сала мамандары. Шынында да жиі орын алып жүрген ауыр қылмыстарға қатысты заң талаптары да ауыр болуы тиіс.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.