Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ауыл» жастары референдумды қолдайды

0 491

«Мамыр» тоғайында орналасқан «Білім» аллеясында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жастар өзгерісті қалайды!» атты жастар форумын өткізді.

 

Республикалық референдумды насихаттау және түсіндіру мақсатындағы жиынға партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ерболат Саурықов, жергілікті жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері мен белсенді жастар қатысты.

Форумның ашылуында сөз алған Ерболат Байұзақұлы «Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың  борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Еліміздің болаша­ғы­ тікелей осы рефе­рендумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға келіп, өз таңдауларын жасайды деп сенемін», – деді.

Форумда студент жастар Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша республикалық референдумды қолдай отырып, пайымды пікірі  мен орамды ойларын ортаға салды. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайлы, конституциялық реформалардың тұжырымдамалық негіздері мен ерекшеліктері және реформалардың негізгі бағыттарын түсіндіруге тырысты.

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту бағыты бойынша Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті, республикалық жастар бизнес-стартап жобасының жүлдегері Ерасыл Берді өз пікірін жеткізді.

Сондай-ақ, сөз алған партия жастар қанатының белсенді мүшесі, дзюдо және қазақ күресінен  спорт шеберіне үміткер, әлем чемпионатының және халықаралық турнирлердің жүлдегері Жансая Ынтықбай: «Жаңа Қазақстанға» қадам басуда бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай  мемлекет құра аламыз. Оның жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылып еңбек ету – әрбіріміздің перзенттік борышымыз», – деп ойын қорытындылады.

Ал жастар ұйымдарының көшбасшыларының бірі, республикалық ғылыми жобалар жеңімпазы Данабек Мұратов референдумда өзгеріс енгізу бойынша басым дауыс көрсеткіші болған жағдайда қандай өзгерістер болатыны жөнінде кеңірек тоқталды. Сонымен қатар  жамбылдық «Ауыл» жастары да еліміздің барлық азаматтарына үндеу жолдап, саяси науқанға қатысуға шақырды.

 

 

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.