Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауыл шаруашылығы бөлімі төрт түліктің жайын неге білмейді?

0 183

Жамбыл жері қашанда шөбі шүйгін, малға құт мекен саналатын. Бірақ биыл ауа райының қолайсыздығынан жауын аз жауып, қуаңшылық қысып, жердің тынысын тарылтып тұрғандай. Бұл мәселе қала шетінде тұратын тұрғындарды да айналып өтпеуде.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Соңғы айларда сауда орындары мен базарларда азық-түлік бағасы қымбаттап, қос бүйірден қысқан тұста оған шөп мәселесі қосылды. Бұрын арық, канал бойындағы шөпті жұрт місе тұтпай, бітік шыққанын алуға тырысатын. Қазір шөптің төресі саналатын жоңышқаның бағасы бас бермей тұр. Оны кім алады? Сондықтан жұрт мүмкіндігіне қарай қамыс, селеу секілді селдір шөп пен сабан алуда. Осындай жағдайда аудандардағы шаруа қожалықтары шығынға батудан қауіптеніп отырса, бірді екіге қосып, малын көбейтуді жоспарлаған қала тұрғындары да алаңдаулы. Қалада мал басын жыл сайын еселеп арттырып, шаруасын шалқытып жүрген кәсіпкерлер болмаса да, шеткі аумақтарда санаулы ірілі-ұсақ мал ұстап, аққа жарып отырғандар бар. Олар мал азығын ертерек жиып қамданбаса, күзде шырылдайтыны анық.
Аудандардағы жағдай белгілі, әкіммен бірге ауыл шаруашылығы бөлімі бірге жұмыс жасайды. Бірі білсе, енді бірі білмейтін шығар, бірақ қалада да ауыл шаруашылығы бөлімі бар. Біз ең әуелі аталған бөлімге барып, мал азығы қалада қаншалықты күрделі екенін білуге тырыстық.
– Үйінде азын-аулақ мал ұстап отырған тұрғындар алыс кетпей-ақ, қалаға жақын бірнеше шөп сататын нүктеге барады. Бүгінге дейін бізге шөптің жайын күйттеп келгендер болмады. Биыл қала бойынша жалпы 172 гектар жерге жоңышқа егілді. Оның басым бөлігі «Құмшағал» алқабының аумағында. Қала тұрғындарының көбі шөпті сол жерден алып кетеді. Ал бөлімдегі жұмысты айтар болсам, мамандар қаладағы сауда орындары мен базарлардағы тауарлардың бағасына мониторинг жүргізіп отырады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырады. Одан бөлек, қазір қаладағы жеті наубайханаға нанның бағасын тұрақтандыру үшін қосымша ұн беріліп жатыр. Ол ұн солтүстіктен келеді. Біз оны да бақылап отырамыз, – дейді қала әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нышанәлі Телеуов.
Осылайша, қаланың агро саласына жауапты маман бүгінгі күнге қала көлемінде шөптің жайын айтып келген адам болмағанын алға тартты. Сондай-ақ ол шаһар шетіндегі тұрғындардың қолында қанша малдың бар екеніне және олардың жемшөп мәселесі қалай шешіліп жатқанына емес, дүкен сөресіндегі тауарлардың бағасына көп алаңдайтындығын аңғартты. Бірақ бұл жерде де көңіл көншитін жұмыс жоқ. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінен мардымды жауап ала алмағаннан кейін, Тараз қаласынан Жамбыл ауданына апаратын жолдың бойында жергілікті тұрғындар «Толчок» атап кеткен аумаққа ат ізін салдық. Себебі қала тұрғындары шөпті сол маңнан алады екен. Қазір шабындыққа екінші рет орақ салатын маусым басталған соң, шөп сататын орында оны тасымалдайтын көліктер де қаз-қатар тізіліп тұр. Осы орынға шөп облыс пен басқа да өңірлерден (Байзақ, Жамбыл аудандары, Шымкент, Қарағанды, Астана, Павлодар, т.б.) келетіндіктен, сапасына қарай бағасы да түрліше құбылған. Орташа баға 1200-1300 болса, жоңышқаның құны – 1500 теңге. Баға екі есе өскен. Аудан мен қаладан келген тұрғындардың көбі жоңышқаға бір көз сүзіп, бағасын сұрап, кейін көрпесіне қарай көсіле, орташа бағадағы шөпті тиеп жатты. Орайы келгенде біз де олармен тілдестік.
– Қалада тұрған соң, он шақты малдың басын ұстап отырмыз. Былтыр шабындықта бірінші орылған шөптің бағасы 500 теңгеден болып, сәйкесінше үшінші орақта 850-900 теңгеге жеткен. Биылғы маусымда шөп бағасы бірден өсті. Қазір Байзақ ауданынан келген жоңышқаны алдым. Оның бір түгі – 1500 теңге. Шөптің қымбаттауы ірі шаруашылық иелерімен қатар, біз секілді малды үйінде ұстап отырғандарға да оңай тимеуде, – дейді қала тұрғыны Ғазиз Ташимов.
Сарыкемер ауылынан шөп алып келген шаруашылық иелері болса субсидия бермесе де, су берсе екен дейді. Оның ішінде шабындықты бір рет орып, бір ай су болмаған соң, жоңышқа екінші рет көтерілмей әуреге салғанын айтты. Сол маңда жүрген Байзақ ауданы, Жеңіс ауылының тұрғыны да ауылға су бармағалы он жылдан асып кеткенін ашына жеткізді.
Бір түсінгеніміз, Талас өзенінің суына қарап отырған бірқатар аудандарды су тапшылығы бұған дейін де қысып келген. Бірақ биылғы ахуал жығылғанға жұдырық болған. Соның салдарынан бірінші орылған шөп 1200 теңгеден саудаланса, екіншісі 1400-1500 теңгеден сатылған. Ал енді шабындық үшінші рет орылғанда, баға шамамен 1600-1700 теңгеге бармақ. Бірақ ол үшін де алқапқа су жетуі керек. Осындай қиын жағдайда қала әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімі дүкендегі бағаны мониторинг етіп, «басқамен ісім жоқ» деп отырғаны таңғалдырады. Бағаны бақылаушы болса, неге жемшөп сатылып жатқан орындарға барып, бұқараның базынасына құлақ аспайды? «Бөлімге шағымданып келген шаруа жоқ» деп шалқайып отырғанша, қала шетінде тұратын қарапайым халықтың мұңына құлақ түрсе, қаланың бас «шаруақоры» қуаңшылық пен жемшөптің қымбаттауына байланысты көп ақпаратқа қанығар еді. Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың қоғамдық қабылдаулар өткізіп, шаһардың шенділерінен сұрап жатқаны да осы емес пе? Кеңседе отырмай, көпшіліктің ортасында жүру. Біздікі шынға таңылған сын. Ал одан байлам шығару қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің еншісінде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.