Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ауыл аманаты»: жамбылдық жоба жаңаша леп алды

0 321

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облысқа жұмыс сапарымен келіп, «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының іске асырылу барысымен жан-жақты танысты. Үкімет басшысының орынбасары бірқатар шаруа қожалықтарында болып, атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын берді.

Жұмыс жоспарын Ералы Тоғжанов Байзақ ауданындағы ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба бойынша құрылған «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы кооперативін аралаудан бастады. Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеуге еліміздің барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары да Вице-Премьермен бірге келді.
Қостөбе ауылдық округінде 178 тұрғыннан құралған кооперативте 12 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның базасындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы ауданы 401,0 гектарды құрайды. Пилоттық жобаның екінші бағыты аясында кооператив құрамына кіретін «Алмас» ЖК 7 бас жылқы, «Айдын» ЖК 9 бас ІМҚ сатып алып отыр.

Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жобаны жүзеге асырудың арқасында Қостөбе ауылдық округіндегі бір отбасының табысы 4 есеге артқанын атап өтті. Сонымен қатар мал басының саны да 53,8 пайызға өскен. Барлығы 256 тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 123 жаңа жұмыс орны ашылған. АӘК алушылар саны 86 пайызға азайып, тұрғындардың 97 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытып отыр. Сондай-ақ кооперативтерді құрумен арнайы техниканың, жұмыс қолдарының және жерді өңдеуге, егін жинауға арналған құралдардың жетіспеушілігі мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығы техникаларының жай-күйімен танысып, облыс шаруаларымен өзекті мәселелерді талқылады. Жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы кооперативтеріне толық қолдау көрсетуді тапсырды.
Вице-Премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаны іске асырудың маңыздылығына тоқталып, оның ең алдымен халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы индустрияландыру және әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өтті.
– Басты бағыттардың бірі – импортты алмастыру. Ауылдық кооперативтерде өндірілген АӨК өнімдерімен импортты алмастыру жоспары қажет. Сондай-ақ біз осы жобалардың барлығы тұрғындарға қандай пайда әкелетінін ойлауымыз керек. 2025 жылға дейін ішкі нарықты, қанттан басқасын, өз өнімдерімізбен жүз пайыз қамтамасыз ету жоспарда бар, – деді Е.Тоғжанов.
Жұмыс сапары барысында Вице-Премьерге жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесін шешу бойынша атқарылған жұмыстар барысы да баяндалды. Қазіргі уақытта бұл – ең өткір мәселелердің бірі. Оны шешу бес бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады.
Ералы Тоғжанов өңірдегі жұмыс сапарын Тараз өңірлік университетінде өткен кеңесте қорытындылады. Жиында Вице-Премьер ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаның арқасында халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысының өскенін баса атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ол жұмыспен қамту, табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешеді, – деді Ералы Тоғжанов.
Үкімет басшысының орынбасары Жамбыл облысының оң тәжірибесін елдің өзге аймақтарына кеңейтудің маңыздылығына да тоқталды. «Ол үшін әрбір азамат ортақ іске елеулі үлес қосуы қажет. Ең бастысы – кез келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Осындай жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз. Бұл жобаны «Ауыл аманаты» деп атауды ұсынамыз», – деді Ералы Тоғжанов.
«Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасы халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын болады.
«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев өз сөзінде жобада көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін жақын арада партия жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылатынын айтты. Алдымен ауылдағы әрбір үй бойынша статистикалық деректер жиналады. Әрбір елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселелері, сумен қамтамасыз ету, еңбек және қаржы ресурстары ескеріледі.
Осылайша Жамбылда жанданған жоба Үкіметтің қолдауымен жаңаша қарқын алғалы отыр. Ең бастысы, «Ауыл аманаты» жобасы елді мекендегі ағайынның еңсесін тіктеп, табысын арттырсын деп тілейміз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.