Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аулаға арық керек

0 7

Былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауаптыларға келер жылы Тараз қаласындағы арық-атыздарда су жүруі тиіс деп тапсырма берген еді. Сонымен, мамандар биыл қаладағы жалпы ұзындығы 164 шақырым болатын су арналарының 36 шақырымы ғана жөнделетінін айтқан.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Расында, көп жылдан бері қараусыз қалған арық-атыздарды қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Әрі барлық жұмысты бір жылдың ішінде тындыру мүмкін емес. Иә, қала аумағындағы арық жүйелерінің жайы көпшілікке таныс, арықтардың кейбірі жекеге өтсе, енді біріне қоқыс толғанын көріп жүрміз. Салдарынан қыруар қаржыға отырғызылған жасыл желектерге су жетпей, қурап жатқанына биыл бірінші жыл емес. Қалада 8 канал бар болса, оның жалпы ұзындығы – 82,55 шақырым, ал ирригациялық арық жүйелері –164 шақырым, оның ішінде арық-науа жүйелері – 21,4 шақырым. Құбыр өткелдері – 560, каналдағы шлюз саны – 71 дана. Былтыр қаланың ирригация жүйелерінің ішінде шеткі аумақтарға ерекше көңіл бөлінген. Ендігі кезде қала халқы көп шоғырланған аумақтар да жөндеу жұмыстарына сұранып тұрғаны байқалады. Осы мәселе бойынша өткен аптада «Ақбұлақ» мөлтек ауданындағы көппәтерлі №5 және №6 үйдің тұрғындары редакцияға қайырылып, ауладағы жөндеу көрмеген арық жүйесінің жайын ашына хабарлаған. Соған сәйкес біз де аталған аумаққа барып, мәселенің мән-жайын біліп қайтқан едік.

Иә, расында, аталған үйлердің арық жүйелері қоқысқа толған, онымен қоймай үгітілген екен. Тіпті ортасынан қақ бөлінген бір науаны тұрғындар жол жиегіне шығарып тастаған.

– Былтыр үй жөндеуден өтіп бір қуанып қалдық. Бірақ аула әлі күнге дейін жаңартылмады. Қарап отырсам, осы аумақта тұрып жатқаныма 50 жылға жуықтапты. Бірақ әлі күнге дейін балаларға қолайлы алаңшаны көрмей келеміз. Егер ауланы жөндеуден өткізетін болса, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары да қуанып қалар еді. Аулаға соңғы рет 15-20 жыл бұрын су келген. Бір кездері жасыл желек те жайқалып, ауланың көркін ашып тұратын. Қазір апатты жағдайдағы науаларды бар не жоқ қылмаса болмайды. Түнгі уақытта біреу шалыс басып, майып болмай ма деп үрейленетін болдық. Үй маңындағы кәріздерде қақпақ жоқ. Оларды өзіміз жиылып шама-шарқымыз келгенше бекітіп қоямыз. Бірақ ол көпшілік үшін қауіпсіз деп айта алмаймыз, – дейді қала тұрғыны Татьяна Васеленко.
Біз тұрғындардың өтінішін әлеуметтік желідегі ресми парақшада жариялап, қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлына да бардық. Бөлім басшысы аталған аулаға жұма күні, сағат 18:00-де баратынын айтып шығарып салған еді. Бірақ алдын ала жоспарланып, белгіленген уақытта бөлім басшысынан хабар болмады. Тек сағат тілі кешкі 20:00-ге таяғанда бөлімнің сектор меңгерушісі Мұрат Төлебаев аталған үйдің ауласына келді.

– Ескі арық жүйелерін алып тастаймыз. Ал ашық қалған кәріз қақпақтарын үш күннің ішінде орнатамыз. Осылайша әуелі қауіпсіздік шараларын реттейміз. Ал аула жұмыстары, біз бұрын да ескерткеніміздей, екі-үш жылсыз басталмайды. Бәрі өз уақытында, жоспарға сай атқарылуы тиіс. Сіздер осы ауланың тұрғындары болған соң, арықтарды бірге жиылып тазаласаңыздар жөн болар еді. Себебі тазалық мәселесі әркімнің өз құзырында, – деді Мұрат Төлебаев.
Сонымен, тез арада шешілетін мәселелер белгілі болса да, арық жүйелерінің қашан ретке келіп, қай күні су келетіні белгісіз күйінде қалды. Әрине, оның да себебі жоқ емес. Сектор меңгерушісінің айтуынша, бүгінде қаладағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бойынша жоспар белгіленіп жатыр екен. Ендігі кезде жұмыс жоспары нақтыланса, қаланың қандай аумақтарында су жүретіні белгілі болады.

Тұрғындардың айтуынша, жергілікті әкімдік жыл сайын жағдайды реттейміз деп аумақты зерделейді екен. Бірақ басшылық ауысып, мәселе жабулы қазан күйінде қалып кетеді. Үйді жөндеуден өткізгенде, жауапты мамандар мөлтек ауданның тұрғындарына ауланы жаңартпайтынын әуелден ескерткен. Соған қарамастан, аула тұрғындары мәселені оңынан шешіп беру үшін қала әкімдігінен қолдау сұрап отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.